Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 25 Қыркүйек, 2018

Сауатты жазу – білімділіктің басы

Мемлекеттік тілді жақсы меңгергендердің дұрыс жазып, дұрыс сөйлей білу – әрбір мәдениетті адамның алдына қойылатын басты шарттардың бірі екенін білетіні қуантады. Қоғамда тіл мәдениетінің дамуына, сауаттылықты арттыруға, әдеби тіл мен оның нормаларына, жазу емлесін қатаң сақтауға назар аударылып келе жатқаны да көңілге демеу. Иә, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен еліміздің барлық өңірлерінде бір мезетте өткен «Астана – бейбітшілік бесігі!» тақырыбындағы ашық диктант туралы айтып отырмыз.

«Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы шеңберінде өткен шара Түркістан облысында кітапханаларда, жоғары және арнаулы оқу орындары мен мектептерде ұйымдастырылды. Мемлекеттік тілде жазылған диктант барлық қатысушылардың сауаттылығын арттырып, сөздік қорларын байытқаны мәлім. Ал сауаттылық – көрсеткіш, сапа. Диктантты жаздыру арқылы іс-шараға қатысқан этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді қандай деңгейде игергендігі тексерілді. Елімізде өмір сүріп жатқан этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруды, елордамыз Астананың мәртебесін асқақтатуды көздейтін іс-шараға өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, студенттер, мектеп оқушылары және ниет білдіруші азаматтар қатысты. Мемлекеттік тілден диктант Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында да жазылды. Оған қатысушылар қазақ тілінде таза сөйлеу, сауатты жазу әр қазақстандықтың міндеті деп санайтынын білдірді.

Мемлекеттік тілді білуге қызығушылықты арттырып, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуды мақсат еткен, барлық қатысушыларға өз білім деңгейлерін және қаншалықты

сауатты жазатындықтарын тексеруге мүмкіндік берген іс-шараға Түркістан облысынан 36 251 азамат қатысты. Диктант жазғандардың басым бөлігі, яғни 15 572-сі «жақсы» деген баға алса, 10 357-сі «өте жақсы», 10 322-сінің еңбегі «орташа» деп бағаланды. Жоғары баға алғандардың арасынан өзбек этносының өкілі Навруз Искандерованың, түрік этносының өкілі Сальви Хирадинова, ұйғыр этносының өкілі Дильназ Талипованың диктанттары тазалығымен де, жазуының көркемдігімен де ерекшеленген. «Қазақ тілін жетік меңгергенмін, кішкентай кезімнен қазақ тілі мен әдебиетінен өтетін түрлі байқауларға қатысып, жүлде алып жүрмін. Мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігімді одан әрі арттырып отырған «Мың бала» жобасына алғысым шексіз», - дейді үздіктердің бірі, түрік этномәдени бірлесті жастар қанатының мүшесі Сальви Хирадинова.

Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ,

Түркістан облысы.

1801 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз