Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 18 Наурыз, 2010

Ақпарат айдынының ақ желкені

dsc_0002Үстіміздегі жылғы 11 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Қазақ газеттері» ЖАҚ-ның құрылғанына 10 жыл толуына арналған «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық процестер: PR, БАҚ менеджменті және маркетингі» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда жасалған баяндамаларда отандық БАҚ нарығының көкейтесті проблемалары талқыланды.

Ғалия Ыбыраева, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, саяси ғылымдар докторы, профессор:

Еліміздің белді ақпараттық-насихаттық құрылымдарының бірі-«Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына 10 жыл толу мерекесіне орай өткізіліп отырған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция «Қазақстан БАҚ-тарындағы менеджмент және маркетинг: басымдықтар мен перспективалар» атты өте актуальды тақырыпқа арналған.

Қазақстан өзінің серпінді дамуы барысында өркендеудің жаңа сатысы-ақпараттық кезеңге аяқ басуда. Ақпарат өндірістік фактор ғана емес, қоғамды демократияландырудың, билік құрылымдары ашықтығының негізгі құралдарының біріне айналуда. Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда идеология саласындағы ақпараттық байланыстарды тиімді басқару маңызды орын алып отыр.

Қазіргі таңда еліміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық өмірінде іске асырылып жатқан ауқымы зор өзгерістер мен ілгерілеушіліктердің келешегі кең, болашағы баянды болуы көбіне-көп олардың ғылыми тұрғыдан негізделуіне және ғаламдық даму арнасынан табылуына байланысты. Өркениетті елдердің көпшілігінде ақиқатқа айналған ақпараттық қоғам Қазақстан Республикасы үшін индустриялық дамудан кейінгі өсу белесі болмақ. Бұл-бұлтаруды білмейтін тарих заңы, міне, сондықтан да мемлекетімізде ақпараттық қоғамды айқындайтын әлеуметтік-мәдени үрдістер: ақпараттық мәдениет, ақпараттық экономика, ақпараттық саясат және ақпараттық менеджмент пен маркетинг сорабы осы бастан қалана бастауға тиіс. Конференцияда осы және басқа мәселелер егжей-тегжейлі талқыланатын болады. Басқосуымыз жемісті болсын.

Жұмабек Кенжалин, саяси ғылымдар кандидаты, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры:

1999 жылдың 12 маусымы. Бұл тәуелсіз Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде тұңғыш рет тұсауы кесілген «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамы атты қаламгерлер қауымдастығының Алматы қалалық Әділет басқармасында мемлекеттік тіркеуден өткен күн. Шынын айту керек, осы бір айтулы дата қазақ баспасөзінің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген қарапайым журналист пақырлар үшін көптен күткен сәт болғанымен, ал енді бір топ үшін күмәнді нәрседей көрінгені де рас еді.

Неге? Негесі сол, нарықты экономиканың жойдасыз қылбұрауына іліккен қазақ баспасөзі осы бір жылдары тауқыметтің қақпақылына түскені де ешкімге жасырын емес. Әсіресе, мемлекеттік қаржыландырудан тыс қалып, онсыз да қалт-құлт күнін көріп жүрген руханият апталықтары мен журналдарды қайранға шығып қалды...

Ал тіршілік тауқыметімен журналистік кәсібін нәсібі ете алмаған кейбір әріптестеріміз күнкөрістің басқа арнасына бет бұрды. Бірі сауда-саттыққа кетсе, енді бірі байшыкештердің соңынан ерді. Ақша табудың жолын іздеді. Ол кездері неге сен бүйтің деп оларды күстәналаудың өзі де ретсіздеу еді. Бұл үдерістің осылайша кете беруі мүмкін емес еді. Өйткені, ел тағдырын ойлайтын, халық қамын жейтін азаматтар осы мәселенің қайткенде де бір шешім табуы жолында ой сабылтты. Сөйтіп, «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ақиқат», «Жұлдыз», «Мысль», «Простор», «Уйгур авази» секілді алды 70-80 жылдық тарихы бар басылымдардың басын мүліктік негізде біріктірген бір шығармашылық қауымдастық құру керектігі айқын байқалды. Сөйтіп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы нұсқауымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік жөніндегі комитет төрағасының бұйрығымен «Қазақ газеттері» деп аталатын жабық акционерлік қоғам дүниеге келді. Бұл жаңалыққа қаламының ұшымен күн көріп жүрген қарапайым журналистер бөркін аспанға ата қуанса, кейбір секемшіл әріптестеріміз осы қауымдастықтың ертеңі қалай болар екен деп әліптің артын бақты...

«Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамы секілді үлкен қауымдастықтың басқару аппаратын құру, оның жұмысын жүйелеу, бір арнаға бағыттау айтуға ғана жеңіл болғанымен қыруар күш-жігерді қажет еткені сөзсіз еді. Бас-басына билік құрып, бұрыннан өз шаруашылығына бауыр басып, үйреніп қалған газет-журнал басшыларымен тіл табысып, жұмыс істеу бір жағынан мәмілегерлікті, екінші жағынан әкімшілік ресурстарды ұтымды пайдаланып, іске қосу өнерін қолдануды талап етті. Алғашқы екі-үш жыл, әрине, газеттер мен журналдардың өндірістік әріптестері алдындағы қарыздарын қайтарумен кетті. Мұның сыртында журналистердің жылдар бойғы алынбаған қаламақысы мен айлығын өтеу міндеті тағы тұрды. 2002-2003 жылдар акционерлік қоғам өміріндегі серпіліс, алға ұмтылыс кезеңі десе де болғандай. Бұл кезеңде қауымдастыққа қарасты газеттер мен журналдар жаңаша түр, мазмұнмен, полиграфиялық безендірумен шыға бастады. Басылымдардың таралым ауқымы ұлғайды.

2006 жылы Қазақстан Республикасының «Акционерлік қоғамдар туралы» заңының талаптарына сәйкес «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамы жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылды. Сөйтіп, оның алдына бұрынғыдан да зор жаңа міндеттер қойылды. Ал, ол биіктен көріну газеттер мен журналдардың тұтқасында отырған басшыларға, басшысы біреу болғанда өзгелері тіреу болатын еңбек ұжымдарына тікелей байланысты еді. Қазір жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамында алты басылым бар. «Ана тілі» ұлт апталығын республикамызға белгілі білікті қаламгер Самат Ибраим басқарса, «Экономика» газетіне Президент сыйлығының лауреаты Ахас Тәжутов жетекшілік етеді. «Уйғур авази» газетіне ұзақ жылдардан бері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Юлдаш Азаматов басшылық жасап келеді. Үстіміздегі жылдан бастап 90 жылдық тарихы бар, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналына филология ғылымдарының кандидаты Мұхитден Салқынбаев редактор болып қызметке кірісті. Республикамызға белгілі саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам үш-төрт жылдан бері «Мысль» журналының тұтқасын ұстап отыр. Ал «Алаш» сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Қуандық Түменбай «Үркер» журналының бас редакторы. Бір айта кетерлігі біз жоғарыда тізімдеген басылымдардың кейбірінің жарық көру тарихнамасы бір ғасырға жуықтап қалса, ал «Экономика», «Үркер» секілді басылымдардың өз оқырмандарының көзайымына айнала бастағанына бар-жоғы екі-үш-ақ жыл болды.

Қазақ қаламгерлері қоғамдық өміріміздегі жаңалықтың жаршысы, озық тәжірибенің насихатшысы болуы тиіс. Іздей берсең, әр жерден-ақ кемшілікті табасың. Ал жақсылық атаулыны көре біліп, оны көпшіліктің ортақ қазынасына айналдыру о да өнер! Осының бәрін атамыз Ахмет Байтұрсынов бір-ақ сөйлеммен жеткізген ғой: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп. Бұдан асырып айту мүмкін емес. Баспасөз атаулының бүкіл болмыс-бітімі осы бір ой иіріміне қалайша сығымдалып түскен деп тамсанып, таңырқанатын болсаңыз, қазақтың жайын қазақ газеттері ғана айта алады деген тұжырым өзінен-өзі ой көрсететіні ақиқат. Мұның бәрі бізге ерен міндет, ауқымы зор атқарылар парыз жүктейді.

Кәкен Қамзин, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

Қоршаған орта мен виртуалды реалдылықты модельдеу үлгісі қалай десек те адамның түйсігі мен түсінігіне негізделеді. Саналы жан ішкі және сыртқы әлемін көз алдына қалай елестете алады, қалай бағамдай біледі, ғылымның озық, инновациялық жетістіктеріне сүйене отырып, оған қандай өзгерістер енгізе алады – осы мәселе экономикалық ілгерілеуге де, ақпаратты тылсымдауға да, мәдени үлгілерді, техникалық-технологиялық жетістіктерді жедел өмірлік, тұрмыстық қажеттілікке айналдыруға да орасан зор әсер етеді.

Өзіміз ежелден білетін, қалыпты зат деп түсінетін кәдімгі глобус – Жердің моделі, компьютер адам миының жұмыс істеу әдістеріне негізделген, тікұшақ инеліктің әуеде қалықтау принциптерін қайталайды. Бионика ғылымына жол ашқан да табиғатта бар осы құбылыстар. Яғни көп жағдайда Аристотель айтқан «мимезис» - еліктеу әдісі адам назарынан еш уақытта тыс қалған емес. Өзіміздің данышпан Абайдың: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан», - дейтіні де сондықтан. Дүниеге келгеніне бар-жоғы елу жылдай ғана болған кибернетика ғылымы да ғаламның ғылыми картинасын қалыптастыруға, пайымдау стиліне ықпал етеді. Нақтылай айтсақ, қазіргі күні ғалам мен қоғам процестерін тану мен ұғынудың ерекше жолы болып табылатын журналистиканың теориялық және тәжірибелік пәндерін оқытқанда, кибернетиканың ойын практикасы пайдаланыла бастады. Демек, осы заманғы теориялық-ойындық ситуациялардың қаны мен жанында математиканың да, философияның да, жалпы журналистиканың идеялық бастамалары бар.

Назгүл Шыңғысова, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

Бүгінгі таңда журналистің міндеті тек қана ақпарат берумен шектелмейді. Редакцияның кірісі, шығысы, журналистердің кәсіби шеберлігі, басылым бетіндегі жарнама және PR-материалдардың жариялануы редактордың сан-салалы қызметін құрап, басқару біліктілігін таразыға салады.

Аудиторияның назарын аудару үшін жарнаманың идеясы, түпнұсқалық ерекшелігі, тақырып пен мәтіннің, суреттің үйлесімділігі қажет. Жоғарыдағы мәтінді не жарнамаға, не PR-ға жатқыза алмаймыз. Себебі, жарнамада слоган (жарнамалық ұран), шағын мәтін, ақпараттық блок және анықтамалық мәліметтер болады. Ал PR-материалда жоғарыдағы мәтіндей жарнамалық элементтер болмайды. Жарнама бөлімі мерзімді басылымдағы қаржының көзі болғандықтан, оған артылар жауап та салмақты. Бүгінде аймақтық баспасөздегі жарнама материалдарының үлесі айтарлықтай өсті. Облыстық басылымда соңғы минуттарда келіп, жарнамасын жариялаудан бас тартатын жарнама берушілер көп кездеспейді, себебі, аймақта ондай салмақты басылым көп емес. Сондықтан, жарнамалық материалдың орнына тез арада басқа материал іздеу сияқты проблема да жоқ.

Гүлмира Сұлтанбаева, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

Қазіргі заманғы саяси жүйенің даму тәжірибесі көрсеткендей, қоғамның, алдымен, индустриалдық дамыған мемлекеттердің саяси өмірін ұйымдастыруда техникалық-ақпараттық құралдардың рөлінің артуы сияқты тенденциялар байқалуда. Әсіресе бұл дауыс беру кезінде (атап айтқанда, интерактивтік байланыстардың электронды жүйесінде), саяси процестерде БАҚ-тың рөлі мен мәнінің артуында, мемлекеттік басқарудағы бұрынғы иерархиялық байланыстарды жоюда, мемлекетік басқраудың төменгі құрылымдарының дербестігін күшейтуде т.б. қосымша техникалық мүмкіндіктер беруге қатысты. Дегенмен бұл билік институттары мен субъектілерінің әрекет етуін кеңейту мүмкіндіктеріне алғышарт болғанымен, саяси топтар мүдделерінің, олардың арасындағы қақтығыстар мен қарама-қайшылықтарды шешуде жетекші рөл атқармасы анық.

Саяси процестердің түрлі мақсаты мен әдістері, құрылымдары мен қатысушыларының болуы, сондай-ақ мемлекеттік билік саласында шешімдер шығарудың басқа да парамтерлерінің болуы адамдар арасындағы күрделі дек көпқырлы, ақпараттық-коммуникативтік алмасу құрылымдарының болуымен ерекшеленеді. Американдық саясаттанушы Г. Лассуэллдің пікірінше, құрылымның осындай компоненттерінің негізін анықтау: кім айтты, не айтты, қандай арна арқылы, кімге, қандай әсерде сияқты сұрақтарға жауап беру қажет.

Врезка 1

«Қазақстан қоғамындағы ақпараттық

процестер: PR, БАҚ менеджменті және маркетингі»

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының

ҚАРАРЫ

Еліміздің ақпараттық саясатын және идеологиялық қызметті жетілдіру жөнінде айтылған пікірлер мен ұсыныстарды ой елегінен өткізе отырып, идеялық-саяси тәрбиенің маңызды мәселелері төңірегіндегі толғамдарды таразылай келе, конференцияға қатысушылар төмендегідей Қарар қабылдады:

1. Еліміздің ақпараттық-коммуникациялық жүйесінің даму тенденцияларын зерделеуге бағытталған «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық процестер: PR, БАҚ менеджменті және маркетингі» ғылыми-тәжірибелік конференциясы «Қазақ газеттері» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті тарапынан жыл сайын өткізіліп тұрсын.

2. «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық процестерді басқару» зерттеу тақырыбын мемлекеттік тапсырыс есебінен қаржыландырылатын ғылыми-зерттеу жұмыстары санатына енгізу жөніндегі шаралар жүзеге асырылсын.

3.Конференция материалдары негізінде PR, БАҚ менеджменті және маркетингі бойынша отандық оқулықтар мен оқу құралдарын, әдістемелік нұсқаулар жазу қолға алынсын.

4.Конференция жұмысын ұйымдастыру барысында кәсіби саладағы қоғамдық бірлестіктер- Қазақстан Журналистер Одағы, Жұртшылықпен байланыс жөніндегі ұлттық ассоциациямен тығыз ынтымақтастық орнатылсын.

5.PR, БАҚ менеджменті және маркетингі саласында зерделеу жұмыстарымен айналысатын ТМД-дағы және алыс шет елдердегі ғылыми мекемелермен, ЖОО-лармен, зерттеушілермен және мамандармен әріптестік байланыстар орнатылсын.

Врезка 2

«Қазақстан қоғамындағы ақпараттық процестер

және жұртшылықпен байланыс» секциясы жанындағы Ғылыми семинардың

ҚАУЛЫСЫ

І. Ғылыми семинарда талқылауға ұсынылған ізденушілердің ғылыми диссератциялары мақұлдансын.

ІІ. Кәсіби терминдер бойынша пікір алмасу қорытындысына сәйкес «Рublic relations» және «Связи с общественностью» атаусөздерінің қазақ тіліндегі баламасы ретінде «Жұртшылықпен байланыс» терминін алу жөніндегі ұсыныс мақұлдансын.

ІІІ. Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім классификаторындағы «Связи с общественностью» мамандығының қазақша нұсқасын «Жұртшылықпен байланыс» мамандығы деп атау жөніндегі өтініш республика Білім және ғылым министрлігінің назарына жеткізілсін.

Сондай-ақ аталған ұсыныс Мемлекеттік терминологиялық комиссияға, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының назарына ұсынылсын.

1123 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз