- Айна
- 02 Қазан, 2018
«Тар заман» фильмінде Әлімхан Ермековты ойнаған актер өмірден өтті
«Тар заман» фильмінде тұңғыш қазақ математигі Әлімхан Ермековтың рөлін шебер сомдау арқылы көрерменіне етене жақын болған талантты актер, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ балалар және жасөспірімдер академиялық театрында 42 жыл бойы үздіксіз еңбек еткен өнер майталманы – Тұрсын Құралиев 68 жасқа келген шағында кенеттен бақилық болды.
Тұрсын Құралиев 1950 жылдың 6 қаңтарында Жамбыл облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1967 жылы Москвадағы М.С.Щепкин атындағы Өнер училищесіне оқуға түсіп, оны 1972 жылы ойдағыдай тәмамдаған соң, Жезқазған қаласына барып, облыстық театрдың ашылуына атсалысудан бастаған.
1976 жылдан бастап балалар мен жасөспірімдер театрына келіп, театр сахнасында 100-ге тарта рөлдерді сомдаған.
Тұрсын Құралиев Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, Уфа қаласында өткен Халықаралық театрлар фестивалінің «Аталар дәстүріне құрмет» сыйлығының лауреаты, театр және кино актеры.
Театрдың баспасөз қызметі бүгін: «Актер қай кезде болса да, театр сахнасындағы өз жеткен биігінен төмендеп көрген емес. Оның өнері әрдайым даму үстінде театр көрермендерін қуантып келді. Ол шығармашылығын шыңдап, ел сенімін одан әрі ақтау үдесінде шаршамай-шалдықпай күні бүгінге дейін еңбек етті. Театр сахнасындағы артистік өнерімен көрермен қауымды тәнті етіп, биік шыңдардан көріне білген Т.Құралиевтың театр сахнасындағы аталған шығармашылық еңбектерінің алар орны ерекше. – Тұрсын Байтайұлының жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады. Иманыңыз саламат болсын, жақсы аға!» - деп өнер иесін еске алды.
Марқұммен қоштасу рәсімі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 3 қазан күні, сағат 10:00-де өтеді.
2333 рет
көрсетілді0
пікір







