- TENGE MONITOR
- 18 Наурыз, 2010
Наурызнама Ұлыстың Ұлы Күні құтты болсын! Наурыз айы туғанда
Тәуелсіздігіміздің Он тоғызыншы жылына батыл қадаммен аяқ басқан халқымыз Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына басы аман, бауыры бүтін, ынтымақ-бірлігі жарасқан қалыпта келіп отыр. Ескі жылда елеген жаратушы Иеміз жаңа жылда да жарылқар деген үлкен үмітпен, берік сеніммен келіп отыр. Осындай шадыман шақта өткен жылға көз жіберіп, ой жүгіртсек артық болмас...
Бүкіл Әлем мойындап отырғанындай, өткен жыл қай елде болсын экономикалық дағдарыстың өз шыңына жеткен жылы болды. Дүние жүзіндегі көптеген алпауыт ұйымдар, бірқатар қуатты мемлекеттер қаржылық банкротқа ұшырады. Әлемдік қаржы жүйесі бұған дейін болмаған зардаптарды басынан өткізді. Күрмеуі қиын бұл сияқты күрделі проблеманы биыл, бір жылда шешіле қояды, деп сәуегейлік жасау қиын. Ал бізге – Қазақстанға келсек, Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық көреген басшылығының арқасында түрлі кедергілерді келісті шеше отырып, Еліміз өткен жылдың өзінде жарқын нәтижелерге қол жеткізді. Біз оны Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан айқын сезіндік. Президент былай деп атап көрсетті: «Біз қазығы берік, мемлекеттілігі бекем, төрт құбыласы сай қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге әйгіледік. Біз толайым табыстарға қол жеткіздік, биік белестерді бағындырдық».
Шынында да Тәуелсіздік екі тізгін, бір шылбырын берік ұстаған Қазақстан ең қиын деген өткен жылдың өзінде ел экономикасын бір мысқал да әлсіреткен жоқ. «Бәрін дұрыс жоспарлап, салауатты іске асырғандықтан біздің дамуымызсәтті болды. Біз жасампаздыққа жұмыла кіріскендіктен дамудың даңғыл жолына түстік». Еліміздің халықаралық аренада беделі артты.
Мына басталып отырған жаңа жыл біз үшін аса қымбат. Біз посткеңестік елдермен бірге Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын қарсы алғалы отырмыз. Сонау соғыс жылдарынан, соның сойқан салдарынан ана – жесір, бала – жетім, опат болды қаншама адам. Не бір боздақ оққа ұшып, ошағына оралмаған?! Алдағы 9-мамыр күні біз оларды кезекті мәрте еске алып, әруағына бас иеміз. От ішінен жарымжан болса да аман келген ардагерлерімізге құрмет кқрсетеміз.
Еліміздің халықаралық аренада беделі артуы арқасында Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымына төрағалық ету мәртебесіне ие болып отыр.
Биылғы жылдың тағы бір қымбат болуы Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жетпіске толуына байланысты. Ұлы Далада ынтымағы жарасқан жүзден астам ұлт пен ұлыстың уәжін тауып, Қазақстан шын мағынасында «Халықтар достығыныі зертханасына» айналдырған халық Перезентінің мерейлі Тойына толайым табыспен, әлем халықтары қызыға да қызғана қарарлықтай ынтымақ-бірлікпен бару – абыройлы борышымыз. Мінеки, біз биылғы Ұлыстың Ұлы күні – Наурызға осындай көтеріңкі көңіл-күймен, жарқын үмітпен келіп отырмыз.
«... Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда.
Сақтаушы еді сыбаға
Сапарда жүрген ұлдарға...»
Жаны Жаннатта, тәні рахатта болғыр, қайран Мұқаш-Мұқағали Мақатаев тәуелсіздігімізді көре алмаса да, халқының Ұлыстың Ұлы күнін бүгінгідей жарқын тойлағанына куә бола алмаса да, Аллах сыйы Талантының арқасында Наурызды осылай жырлаған еді. Мінеки, сөйткен Наурыз келді, ағайын.
Бағзы заманалар тарихына ой жүгіртсек, халқымыз есте жоқ ескі уақыттарда-ақ тойлаған екен. Жаңа жылды Күн мен түннің теңелетін күні лайықтап ала білудің өзінде де халық даналығы жатқанын сезесіз. «Қара жердің өлгені – қар астында қалғаны» демекші», Наурыздан бастап құт мекеніміз-Ұлы Дала ақ көрпесін сыпырып, қыстың сызы қайтып масатыдай құлпыратын шақ.
Ұлы Абайға құлақ түрелікші бір сәт:
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.
... Жазға жақсы киінер қыз-келіншек».
Ата салтымыз бойынша, бұл күні халық жаңасын киеді, жақсысын іледі. Бір-бірімен көрісіп, бірін-бірі құттықтайды. Тіиті өткен жылдан қалған өкпе-наздарына кешірім жасайды. Мұхамед ғалайссәләм хадистеріне жүгінсек, кім бұрыниілсе, Аллаһтың мейір-шапағаты соған түспек. Бұл да бір есте болатын жәйт, ағайын.
«Қызыл тілім сайрап қал, таңдайыма басылмай», - деп Нұржан Наушабай айтқандай, қартқа басқан шақта Ұлыстың Ұлы күніне арнап мақала жазбақ болып, үйдегі газет қиындыларын ақтарып отырып «Алматы ақшамынан» «халқымыздың зиялы ұлдарының бірі, марқұм Өзбекәлі Жәнібекотің «Наурыз мейрамына байланысты кейбір ойларын» ұшыраттым. Халқының ғасырлық қасіретіне қабырғасы қайысқан Азаматтың мына сөздерін құрбыларымның, іні-қарындастарымның назарына ұсынуды лайық көрдім:
«Қазақтың «Өзім дегенге өзегіңді суырып бер, өлмейсің»,- дейтіні бар. Қазақ кемшілікке төзбеген. Азан-аулақ биліктің дәмін татса-ақ өзгеге паңдана қарайтындарға бас имеген, от жүректі өжет бола тұра сабасына тез түсе қоятын пайымды жандарды құрметтеген. Имандылықты, бауырмалдықты, сезімталдықты қастерлеген». Осыны есімізде ұстайық, ағайын.
Алты алаш ала болса, ауыздағымыздан айрыламызғ түрік түгел болса төбедегіге қолымыз жетеді. Өзімізді өзіміз жаттай сыйласақ, сонда жат бойынан түңілетінін ұмытпайық. Иллаһи, Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын. Халқымның әр шаңырағына қыдыр дарып, бақ қонсын, ауызбірлігімізден айырмасын!
Тұрғынбек Жетпісбайұлы

1604 рет
көрсетілді0
пікір