- Аймақ тынысы
- 17 Қазан, 2018
АТАКЕНТ КЕНТІНЕ ЖАҢА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Кеше Түркістан облысы Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов кент активіне Атакенттің жаңа басшысын таныстырды. Сайлаудан жеңіп шыққан Сламхан Азимов аудан әкімінің өкімімен жеке еңбек шартына сәйкес, міндетті арнайы тексеруден өткенге дейін Атакент кенті әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.
Жиын барысында аудан әкімі Б.Асанов Атакенттің жаңа басшысына алдағы уақытта атқарылуға тиіс жаңа міндеттер жүктеп, кенттегі қордаланған мәселелерді шешуге тапсырма берді. Ауызсу, көшелерге асфальт төсеу және жарықтандыру жұмыстарын қарқындатып, кенттің тазалығын қолға алу керектігін, сонымен қатар, Атакентке канализация жүйесін тарту мәселелерін алға тартты.
«Әкім деген осы жердің иесі болуы керек. Қай жерде қандай мәселе барын дереу анықтап, оны шешу үшін күні-түн тынбай еңбек етуің тиіс. Сондықтан, бір кездері дүркіреп тұрған Атакентті қарыштап дамытады деп саған сенім білдіреміз!» - деді Бақыт Нәсірханұлы.
Сламхан Азимов 1982 жылы ОҚО, Мақтаарал ауданында туылған. 2003 жылы «Сырдария» университетін аяқтап, өзінің еңбек жолын «Махтааралземкадастр» ЖШС-де іс басқарушы болып бастайды. Әр жылдарда Мақтаарал жер кадастр бюросында оператор, Мақтаарал ауданының жер қатынастары бөлімінде оператор, жетекші маман міндетін атқарушы, жетекші маман қызметтерін атқарушы болып қызмет атқарған.
2013 жылдан бастап Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде бас маман, сектор меңгерушісі, 2016 жылы Мақтаарал ауданының жер қатынастары бөлімінде бас маман болып еңбек етті.
2017 жылдың қыркүйегінде Атакент кенті әкімінің орынбасары, 2018 жылдың тамызынан бастап қазірге дейін Атакент кенті әкімінің уақытша міндетін атқарушы болып қызмет еткен.
3057 рет
көрсетілді0
пікір






