Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 18 Наурыз, 2010

ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігіне қарасты «Алматы қалалық жер ғылыми-өндірістік орталығы» директорының бірінші орынбасары Камал Сәлімов: Жердің қымбаттап-арзандауы нарыққа байланысты

Жер – еліміздің стратегиялық байлығы. Оны тиімді игеру, тиянақты пайдалану – бәріміздің азаматтық асыл борышымыз. Оның үстіне, осы күні жердің бағасы қымбат. Әсіресе, халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірде жердің құндылығы тайтұяқ алтынның қадірінен кем емес. Өткенде ғана халық қалаулысы Уәлихан Қалижанов «Алматы облысының Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарында жер бағасы басқа аймақтарға қарағанда он есе қымбат. Осыған байланысты құзырлы мекемелер зерттеу-талдау жұмыстарын жүргізіп, осының себебін анықтап-айтсын» деген еді Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында. Мәжілісші депутат облыстағы жағдайды айтып отыр, ал Алматыдағы баға одан да қымбат екені айдан анық. Дейтұрғанмен ірі мегаполисте дағдарыстың алдындағыдай шарықтаған рекордтық баға жоқ екенін ішіміз де сезеді. Наурыз мейрамы қарсаңында «Экономика» газеті оқырмандарының сұрауы бойынша бүгін ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі, «Алматы қалалық жер ғылыми-өндірістік орталығы» директорының бірінші орынбасары Камал Сәлімовке жолығып, бірнеше сауал қойған едік.

Камал Молдабекұлы, қаржылық-экономикалық дағдарысқа дейін Алматыда жер бағасы адам сенгісіз деңгейге көтерілгені белгілі. Қазіргі жағдай қалай?

Алдымен «Экономика» басылымының ұжымын, газет оқырмандарын Наурыз мерекесімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Жаңа жылда үлкен табыстарға жетіп, биік белесті бағындырыңыздар. «Экономика» ел іздеп жүріп оқитын газет деңгейіне жетсін. Оқырмандарыңыз көп болсын! Енді әңгімемізге көшейік. Сауалды дұрыс қойып отырсыз, бұл пікіріңізге келісуге болады. Әлемдік қаржылық тоқырауға дейін ел ішінде, әсіресе, Алматы сияқты ірі қалада жер бағасы шарықтағаны рас. Оны бәріміз де көрдік. Сол кезде сырттан келіп жатқан әрі арзан, әрі жеңіл ақша (несие) жердің, үйдің, жалпы жылжымайтын мүлік құнының көтерілуіне ықпал етті. Өкінішке қарай, біздің елде көп жағдайда бағаны нарық анықтап-реттейді. Еркін экономикада бұл тиімді болғанымен, мен баға саясатына мемлекеттің араласуын құптайтын адаммын. Мәселен, жанар-жағармай бағасын алыңыз, Үкімет құнды реттемей, тыныш отыра бергенде жоғары октанды бензин бағасы осы күні 100 теңгеден асып кетер ме еді, қайтер еді. Ел-жұрттың бақытына қарай Елбасының бастамасымен құзырлы органдар АИ-93 бензинінің құнын 82 теңге мөлшерінде қалдырды. Сол сияқты, Алматыдағы жер бағасын біз анықтап отырған жоқпыз. Ірі мегаполис, тұрғыны миллионнан асатын әдемі, сұлу қалада өмір сүруге кез келген адам қызығады. Өздеріңіз білесіздер, сұраныс бар жерде баға ешқашан арзан болмайды. Оның үстіне Алматының күн райы қолайлы, өндірісі көп, екі қолға бір күрек табылатыны және бар. Осындай әлеуметтік, өмір сүруге аса қолайлы жағдайы бар көркем жерде кімнің тіршілік еткісі келмейді дейсің? Сондықтан осында оқыған жастар, ауылдан жұмыс іздеп келген жұмыссыздар, бәрі Алматыда тұрақтап қалғанды жақсы көреді. Соңғы кездері үлкен қарқынмен салынған құрылыс нысандарының жұмысы кідіргені бар, қымбат пәтерге қол жеткізе алмайтыны бар, ел-жұрт шамасы келгенше қаланың ортасынан, орталығынан болмаса да, шеткері аумаққа қоныстануға әуес. Ашылғанына жылдан асқан Алатау ауданына заңсыз қоныстанған 4 мыңнан астам халықтың екі-екі жарым мыңдайы жерді пайдалану құқына ие болды. Яғни, осыншама халық өзіне тиесілі жерді заңдастыруға мүмкіншілік алды. Бұл да біздің мемлекетіміздің, Мемлекет басшысының үлкен қамқорлығы. Мемлекеттің қажеттілігіне пайдаланылатын жерден басқасының бәрі қазір заңдастырылуда. Қаламыздың Шаңырақ, Өжет, Ұлжан, Әйгерім, тағы басқа ауылдарында өмір сүріп жатқан халық осындай ауыз толтырып айтатындай қуаныштың куәсі болуда.

Бағаны нарық реттейтіні туралы мен әңгіме барысында айтып өттім. Өзіңіз айтпақшы, қазір Алматыда дағдарысқа дейінгі рекордтық баға жоқ. Жердің құны барынша төмен түсті. Оның кадасторлық құны – 4800 теңге. Нарық заманында бағаның өсіп-құлдырауы бір жағынан алып қарағанда заңдылық. Сұраныс пен ұсынысқа қарай құбылып тұрады.

Айтыңызшы, Алматыда жер бағасын арзандату мүмкін шаруа ма?

Бұл енді бір жылдың, яки болмаса бір айдың шаруасы емес. Ол үшін сан салалы жұмыс, іс-шара қолданылуы керек. Президентіміз Н.Назарбаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында Тұрғын үй-коммуналдық сектор саласындағы саясатқа арнайы тоқталып, былай деді: «Дағдарыс сабақтары тұрғын үй құрылысын дамыту саясатын жетілдіруді талап етеді. Ол үшін тұрғын үй-құрылыс салымдары жүйесінде  зор әлеует бар деп есептеймін. Азаматтардың, Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің, мемлекет пен құрылыс компанияларының тең құқылы әртіптестігі қағидатын пайдалану қажет». Өз басым Елбасының осы ойын, бастамасын құптаймын. Жастарға, үй-күйі жоқ тұрғындарға арналып қолжетімді үй, пәтер салынатын болса, жалға берілетін болса, осының бәрі жылжымайтын мүлік құнының төмен түсуіне арзандауына ықпал етеді. Баспана зәрулігі қай қоғамда да болған, алдағы уақытта да бірден жойыла қоймасы анық. Дейтұрғанмен халықты баспанамен қамтамсыз ету – бүгінгі күннің талабы. Осы жерде мынадай бір ойымды ортаға салғым келеді. Мысалы, еліміздің Шығыс, Солтүстік өңірі шұрайлы жерге бай. Ол жақта ауыл шаруашылығын оның ішінде мал шаруашылығын жетілдіруге мүмкіншілік мол. Өйткені, жайылым да, егістік жер де, шабындық та мол. Міне, атамекенге оралып жатқан қандастарымыз, жалпы жұмыссыз жастар сол жаққа барып қоныстанса, өздері де қоңданып, тіршілігін де түзер еді. Мемлекет осындай жастарды қолдаса, меніңше, жастар ауылға бармайды емес барады. Осы күні «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама жүзеге асып жатыр ғой. Егер аудан, ауыл әкімдері бюджеттен бөлінген қаржыны жас маманның қолына баспана алуға дер кезінде ұсынса, жұмысын тауып берсе, жастар жағы ауылға бармайды емес, барады. Осы тақылеттес жоба-бағдарламалар нақты жұмыс істесе, бұл да Алматыда жылжымайтын мүліктің арзандауына әсер етер еді.

- Әңгімеңізге рахмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Гүлзат Нұрмолдақызы

1285 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз