- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 02 Ақпан, 2019
Медеу: мұздағы мотожарыс
Алматыда Медеу мұз айдынында Халықаралық мотоцикл федерациясы (FІM) күнтізбесі аясында спидвэйден (мұздағы мотоцикл жарыстары) 2019 жылғы жеке әлем чемпионатының алғашқы финалы басталды. Әлемдік біріншіліктің алматылық кезеңінде Қазақстан, Австрия, Швеция, Ресей және Германиядан келген 18 «мұз гладиаторы» бақ сынауда.
Спорттық шараны ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Дмитрий Медведев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және тағы басқа мәртебелі меймандар және қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.
2015 жылдан бастап ҚР Автомотоспорт федерациясы Алматы қаласындағы аты аңызға айналған Медеу мұз айдынында үш рет және Астана қаласындағы Алау жабық мұз сарайының аренасында бір рет финалдық кезеңді сәтті өткізген.
https://www.youtube.com/watch?v=xqvsiSspnlk
2019 жылғы жеке әлем чемпионатының финалы алматылық жанкүйерлер үшін төртінші және қазақстандық ұйымдастырушылар үшін бесінші болмақ және ұйымдастырушылар оңтүстік астананың тұрғындары мен қонақтары жылдамдыққа, құмарлыққа және адреналинге толы мұз гладиаторларының шайқасына үлкен қызығушылық танытады деп үміттенеді.
Биыл мұздағы мотожарыс бойынша жеке әлем чемпионаты бес финалда өтеді. Жеке біріншіліктің бірінші кезеңі Қазақстанға тапсырылды, екінші кезең Ресейдің Шадринск қаласында өтеді, содан кейін шабандоздар Германия мен Нидерландқа жарысқа қатысуға аттанады. Әлем чемпионатының командалық есептері Ресейдің Тольятти қаласында өтеді, оған әлемдік спидвэй тарихында алғаш рет қазақстандық мұз гладиаторлары қатысуда.
Марат Әбіқаев, ҚР Автомотоспорт федерациясының президенті
– Спидвэйді дамыту және дәріптеу – қиын еңбек, алайда халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізу арқылы қажетті ұйымдастырушылық және спорттық әлеуетті жинақтауға мүмкіндік бар, ол Қазақстанға техникалық спорт түрлерін дамыту деңгейін одан әрі арттыруға көмектеседі. Медеудегі спидвэйден әлем чемпионатының финалдық сериясы – бұл қазақстандық спортшылар үшін Ресейдегі командалық чемпионаттың алдында әлемнің ең мықты спортшыларымен өз жерінде күресудің, ал жанкүйерлер үшін мұздағы қызықты және тартысты жарыстардан ұмытылмас әсер алудың кезекті бірегей мүмкіндігі.
Атап өту керек, ұйымдастырушылардың жинаған тәжірибесі мен кәсібилігі, FІM арнайы комиссиясының жоғары талаптарына жауап беретін қажетті инфрақұрылым, елімізде сәтті өткізілген бірқатар финалдар Қазақстанның Автомотоспорт федерациясына Халықаралық мотоцикл спорты федерациясымен ынтымақтастықты нығайтуға және алдағы жылдары мұздағы мотожарыс бойынша әлем чемпионатының кезеңдерін өткізу құқығын өзіне қалдыруға мүмкіндік берді. Шараның қорытынды финалы ертең өтеді.
Дайындағандар: Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ (фото),
Алихан ЖАНАРБЕК (видео)
39780 рет
көрсетілді0
пікір