- TENGE MONITOR
- 26 Мамыр, 2011
Апта тынысы Ауыл шаруашылығы Егістіктің 30 пайызына бидай себілді
Еліміздің астықты өңірлерінің бірі – Қостанай облысында көктемгі егіс жұмыстары басталып кетті. Облыстық ауылшаруашылық басқармасы хабарлағандай, қазіргі күні 5 ауданның диқандары дәнді дақылдар мен бұршақ тұқымдастарын, көкөніс егуге кіріскен.Ауылшаруашылық басқармасының мәліметтеріне сәйкес, биыл облыста 4,3 млн гектар алқапқа дәнді дақылдар себіледі. Яғни былтырғыға қарағанда егістік көлемі 136 мың гектарға ұлғайып отыр. 4 млн га алқапқа жаздық бидай себіледі. Дәнді дақылдар алқабының 3,9 млн гектарын немесе 91 пайызын өңдеу барысында ылғал сақтау технологиясы қолданылады. Майлы дақылдар былтырғыдай көлемде, 153 мың гектарға егіледі. Көктемгі дала жұмыстарына жетілдірілген, жаңа үлгідегі 623 егіс кешені пайдаланылады. Бұлардың көмегімен күніне 270 мың га алқапқа тұқым себіледі. Қостанайлық диқандар егін салу науқанын маусым айының басында аяқтамақ. Айта кетейік, салалық министрліктің мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күні еліміздің егістік алқабының 30 пайызына бидай себіліп болған. Биылғы көктемгі егіс жұмыстарына қажетті 354 мың тонна көлеміндегі жанар-жағар май өнімдері аймақтарға таратылып, операторлар арқылы бір литрі 68-69 теңгеден жеткізілуде. Құрылыс Мамандар тапшы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жол құрылысы бойындағы жұмыстарда маман тапшылығы байқалып отыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасын бақылау жөніндегі сарапшылар тобының отырысында топ жетекшісі, «Нұр Отан» партиясының ресми өкілі Владимир Дворецкий осылай мәлім етті. «Сол себепті бүгінде қазіргі заманға сай технологиялық құрал-жабдықтарда жұмыс істей алатын мамандарды даярлау мәселесін шешу керек. Осының алдында біз бұл мәселені «Жол картасы» аясында шешуді ұсынған болатынбыз. Енді, оны «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы қолға алған жөн деп ойлаймыз»,– деп атап көрсетті В. Дворецкий. Сарапшылардың мәліметіне сәйкес, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойында 150-300 мың теңге айлығы бар кәсіби маман табылмай жатқандықтан, шетелдік мердігер компаниялар өз адамдарын әкелудің амалын қарастыруда. Көлік және коммуникация министрлігінің ақпараты бойынша бүгінде жол жөндеу жұмыстарына 26 мың 643 адам қатысуда. Олардың 500-і ғана – кәсіби білікті шетелдік мамандар. Өнеркәсіп Ауылдың жағдайы қаралды Қарағанды облыстық әкімдігінде әкім Серік Ахметовтің басшылығымен өткен жұмыс кеңесінде Ақтоғай ауданының Шашубай және Сарышаған кенттерін 2011-2012 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары тағы бір пысықталып, толықтырылды. Облыс әкімінің орынбасары Ғабит Мұхамбетовтің айтуынша, осыған орай арнайы құрылған жұмыс тобы Шашубай мен Сарышаған кенттерінің қазандық, жылу желілері, автомобиль жолдары және кәріздерінің қазіргі жай-күйін зерттеп шыққан. Шашубай кентіндегі қазандықты қайта құрастыру жоспарланған. Аймақ басшысы «Ақтоғай ауданы мен аталған кент әкімдеріне көпқабатты үйлердің тұрғындары арасында ПИК құру, құбырларды ауыстыру, жылумен және сумен қамтамасыз ету қызметтеріне уақытында төлемақы төлеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ширату» жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Мұнай/газ Жаңа кеніштің алғашқы өнімі «ҚазМұнайГаз» компаниясы Ақтөбе облысының оңтүстігінде, қаладан 215 шақырым қашықтықтағы Өріктау кен орнындағы У-1 барлау ұңғымасының КТ-2 карбонат қабатынан алғаш рет мұнай және газ алынғандығын хабарлады. «Мұндай жетістікке сейсмикалық барлау жұмыстарының инновациялық, ұңғымаларды бұрғылау және сандық бассейндік үлгілеу әдістерін қолданудың арқасында қол жеткізілді. КТ-2 бойынша біз ашқан болашағы зор нысандарға байланысты шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізілмейді, барлау жұмыстарын тек «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ атқарады», – деп атап көрсетті «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдин. «ҚазМұнайГаз» компаниясы мамандарының алдын-ала бағалауына қарағанда, КТ-2 көмірсутегілерінің перспективалы геологиялық қоры 200 млн тоннадан астам болып отыр. Жүргізілген сейсмикалық барлау жұмыстарының және У-1 барлау ұңғымасын бұрғылаудың нәтижелері бойынша Өріктау құрылымы алаңының кеңейгендігі байқалады, сонымен қатар КТ-2 карбонатты түзілімдердің болашағының зор екендігі дәлелденіп отыр. «ҚазМұнайГаз» биылғы жылы тағы да 4 000 метрлік жобалық тереңдіктегі 2 (У-2 и У-3) барлау ұңғымаларын бұрғылауды жоспарлауда. Рымтай САҒЫНБЕКОВА
856 рет
көрсетілді0
пікір







