- TENGE MONITOR
- 26 Мамыр, 2011
Егін себу басталып кетті
Болашақ бітік егін қамы бүгінде диқан қауымды да, алтын дәнді алқапқа қатысы бар басқадай басшы-қосшыны да бей-жай қалдырып отырған жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарының, статистика мекемелерінің деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда егін алқаптарының 30 пайызына бидай егілген. Лауазымды тұлғалардың хабарлауынша, елімізде 6,5 млн. тонна бидай қоры бар. Оның ішінде 2 млн. тоннасы егілетін бидай болса, қалған 3,5 млн. тоннасы нан өнімдеріне арналған. Қапы қалмай қамдану деген осы болар.Соның бір айғағы - үстіміздегі жылғы көктемгі егістік жұмыстарына қажетті 354 мың тонна көлеміндегі жанар-жағар май өнімдері аймақтарға таратылып, операторлар арқылы бір литрі 68-69 теңгеден жеткізіліп жатқаны. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзан бағамен жеткізілетін 354 мың тонна жағармайдың 290 тоннасының құны төленіп қойылған. Сала министрі Асылжан Мамытбековтің сөзіне сілтеме жасаған Қазақпарат көктемгі егіс науқаны жұмыстары аясында тұқым және басқа да қажеттіліктер бойынша туындап отырған мәселелер жоқ, деп атап өтеді. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде егін егу шаралары жүріп жатқандығын, ал солтүстік аумақтардағы жұмыстар енді басталатынын хабарлаған агенттік қазіргі кезде аталған жанар-жағармайды жеткізу үрдісі бекітілген тәртіп бойынша атқарылып жатқанынын тілге тиек етеді. Атап айтқанда, бұған дейін кейбір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жеңілдікті несиелеу үшін қажетті айналымдағы қаржысы мен банктік кепілдік алатын мүмкіндіктері болған жоқ-ты. Бүгінде банктік кепілдемені алуға қауқарсыз ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның кепілдігімен қаржыландыру шешімі жасалған. Бұл шаралар нәтижесінде төлемдер операторларға уақытылы жеткізілгендіктен жанар-жағармайды жеткізу көлемі артқан. Жалпы, ысырапсыз жинап алынған астықтың рәсуа болмай сақталуы – басты экономикалық мәселердің бірі. Сондықтан да элеваторлардың жалпы сыйымдылығын 15 млн. тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда республикада лицензияланған 223 элеватор бар. Олардың жалпы сыйымдылығы - 13,5 млн. тонна. Астық мол жиналатын жылдары элеваторлардың жетіспеушілігі сезіледі. Оған қоса, елімізде бар элеваторлардың басым бөлігі сонау Кеңес өкіметі кезінде салынғандықтан, қазіргі кезде олардың материалдық-техникалық жағдайы сын көтермейді, деп жазады агенттік. Осыны ескере отырып, алдағы уақытта элевторлардың жалпы сыйымдылығын 15 млн. тонаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Элеваторлар жеке кәсіпкерлердің қолында қала бермек. Осы арқылы мемлекеттік қаржыға түсетін ауыртпалық жеңілдетілмек. Сонымен қатар ауыл ашруашылығы саласын қаржымен іркіліссіз қамтамасыз етіп отыру да күн тәртібінен түскен жоқ. Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеу институтының директоры Тоқтар Есіркеповтың айтуынша, Қазақстан ауыл шаруашылығын кешенді дамыту үшін үкіметтік арнайы банк құру керек. Қазір мұндай банктер АҚШ, Қытай, Ресей сияқты әлемнің көптеген елдерінде жұмыс істеп жатыр. «Арнайы Ауыл шаруашылығы банкінің құрылуына қарсы топтар нарық болған соң барлығында бірдей жағдай болу керек, деген уәжді алға тартуда. Өзге елдерде жұмыс жасап жатқан мұндай банктің қызметінен бас тартатындай Қазақстанда ешбір негіз жоқ. Олар бізде де бұрын ауыл шаруашылығы банкі болды, алайда оның қызметі тиімсіз болғандықтан банкрот болды ғой дейді. Шындығында оның банкрот болуы белгілі бір адамдардың қолымен істелген нәрсе ғой», - дейді экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Әбенұлы агенттікке берген сұхбатында. Ғалымның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығының өз ерекшелігі бар, өнім көктемде егіліп, күзде ғана жиналады, оны сондықтан да қаржыны бүгін салып, ертең қайтарып алатын өзге салалармен салыстыруға болмайды. Міне, осындай себептерге байланысты коммерциялық банктер ауыл шаруашылығын қаржыландыруға құлықсыз. Несие берсе де жоғары пайызбен ұсынады. Сол себепті үкіметтік жеке Ауыл шаруашылығы банкін құру керек. Өркениетті елдер шоғырына қосылу шаһарлар мен кентті жерлерде тек салтанатты сарайлар салумен ғана шектелмеуі тиіс. Қаржы ағыны ауылды айналып өтпеуі қажет. Ғалымның уәжді пікірін құптайтынымыз, міне, сондықтан. Мұрагер Сералы
947 рет
көрсетілді0
пікір







