Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 26 Мамыр, 2011

Елбасының қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы ашылды. Мақпал Сағындық

25 мамыр күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында елбасы Н. Назарбаевтың қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы басталды. Құрылтайға таяу және алыс шетелдерден, барлығы 35 мемлекеттен – 380 делегат, сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларынан және ел өңірінен 300-ден аса өкілдер қатысуда. 700-ге жуық делегаттар ішінде – шығармашылық пен ғылым, педагогика, бизнес және спорт, мемлекеттік, қоғамдық ұйымдармен қатар бұқаралық ақпарат өкілдері де бар. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында орын алған елеулі уақиғаның басты ерекшелігі – жастардың көптеп қатысуында болып отыр. Яғни жиынға келген делегаттардың 60 пайызын 30 жасқа дейінгі жастар құрайды.Қазіргі таңда әлемнің түкпірінің 40 шақты елінде 5 миллионға жуық қандастарымыз мекендеп жатыр. Олардың 1 миллионнан астамы Ресейде өмір сүрсе, өзбек жерінде 1,5 миллион қазақ бар. Қытай, Моңғолия, Иран, Ауғанстан елдерінде де біршама қандастарымыз тіршілік етуде. Ресми ақпараттар көзіне сүйенетін болсақ, соңғы 20 жыл ішінде тарихи ата-қонысына 800 мың қазақ отбасы көшіп келген екен. Парламентте талқыға түсіп жатқан «Көші-қон туралы» жаңа заң жобасы шетелдегі отандастарымыздың туған жерге көшіп келу жағдайын жақсартады дей келе, Елбасы Н. Назарбаев: «Парламентте халықтың көші-қон туралы заң жобасы қаралуда. Жаңа заң жобасы шетелдегі қандастарымыздың құжат тапсыруда тіркеуге тұруға және азаматтық алуында кездесетін түрлі кедергілерді жоюы тиіс. Бұл орайда бір нәрсені қаперге ұстау керек. Соңғы кездері белгіленген квота толмай жатыр. Туған елге табан тіреймін, көшіп келемін деушілерге есігіміз әрқашан ашық», - деді. 1992 жылы негізі қаланған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматыда алғашқы құрылтайы өткен болатын. Қабылданған Жарғы бойынша бес жылда бір рет өткізілетін құрылтай – 90-жылдар ішінде Қазақ елі бастан кешірген экономикалық қиыншылықтарға байланысты араға 10 жыл салып, 2002 жылы Түркістан қаласында болды. Елордада өтіп жатқан тарихи жиында Мемлекет басшысы байланыс және ақпарат министрлігіне дүниежүзіндегі қазақтармен байланысты нығайту үшін арнайы веб-портал ашу керектігін тапсыра келе: «Біз шеттегі өз қандастарымыздың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесуіміз қажет. Осы ретте байланыс және ақпарат министрлігі «CaspioNet» арнасының хабарларын қазақтар мекендеген елдерге таратылуын қамтамасыз етуі керек. Осыған байланысты біздің ұлттық салт-дәстүрімізге негізделген бағдарламалардың артуын тапсырамын. Және министрлік шетелдердегі қазақтармен байланысты нығайту мақсатында арнайы веб-портал ашқаны жөн», - деп мәлімдеді. Сондай-ақ Елбасы Білім және ғылым министрлігіне шетелдік қандастарымызға бөлінетін оқыту квотасын нақтылау туралы тапсырма берді. «Шетелден келген құрылтайға қатысушылардың басым көпшілігін жастар құрайды. Жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан да әлемдегі барша қазақ жастарының сапалы білім алуына жағдай жасауымыз қажет. Мұндай шара Қазақстанда нақты жалғасын табады. Қазір білектің заманы емес, біліктің заманы. Астанада әлемдік деңгейдегі халықаралық университет ашылды. Әлемнің әр қиырында жүрген қазақ жастарын атамекенге оқуға және өз ұлтына қызмет етуге шақырамын», - деді Елбасы. Биылғы жылы орын алған тарихи мәнге ие құрылтайдың да халыққа берері мол. Шартарапқа шашыраған қандастарымыздың атамекенге ат басын тіреп, көшіп келуіне жағдай жасау – жиынның басты мақсаты болмақ.

924 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз