Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 26 Мамыр, 2011

Болашақтың іргесін бірге қалаймыз Айтқали НҰРСЕЙІТ: Білім сапасын көтерудің бір мәнісі...

logotip-tauelsizdik5

Еліміздің білім саласы реформалардан көз ашпаған саланың бірі десек, артық айтқандық болмас. Бірі аяқталмай жатып, жаңасы басталып жатады. Әсіресе жоғары білім саласындағы шала-шарпы атқарылған түрлі реформалар мен іс-шаралардың бүгінгі нәтижесіне айтылатын сын көп. Және жоғары білім беру ісі мен оның сапасына көңілі толмайтын жұрттың қарасы көптігі де шындық. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығынан бастау алған реформалардың еліміздің жоғары білім саласына әкелген жақсылығы неде, жоғалтқанымыз қандай, білім сапасын қайтсек көтереміз? Осы сауалдарға орай «Тарлан» платиналық сыйлығының иегері, «Еуропа ректорлар клубының» мүшесі, Еуразиялық нарық институтының ректоры Айтқали Шоқалайұлы НҰРСЕЙІТ мырзаның пікірін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.Кеңестер одағының күйреуімен басқа одақтас республикалар сияқты Қазақстан да жүйелік дағдарысқа тап болды. Соцалистік қоғамнан мүлдем басқа, нарықтық қатынастарға негізделген жүйеге өту басталған сол бір өліара шақ – тәуелсіз еліміз қалыптасуының алғашқы жылдары халық шаруашылығының бар саласында аса күрделі де қиын кезең болды. 90-жылдардың басындағы жалпы жүйелік дағдарыстың салқыны, әрине, білім саласын да айналып өтпеді. Дағдарыстың салдарынан қалыптасқан жүйе дәрменсіздікке ұшырап, білім беру ісі барын жоғалтып алды. Жаңа жүйе, жаңа қоғам құру үшін оны алға апаруға қызмет етер мамандарды даярлау қажеттігі белгілі. Кез-келген өтпелі қоғамда қоғамдық көзқарастың өзгеруіне, қалыптасып қалған қасаң түсініктер құрсауының арылуға, жаңа қоғамдық сананың қалыптасуына және көпшіліктің нарықтық жағдайға бейімделуіне бірден-бір ықпал жасайтын, қызмет ететін білім саласы болуы тиіс. Сондықтан жаңа қоғамның талаптары мен қажеттіліктеріне қарай, білім саласына да түбегейлі өзгерістер қажет болды. Оның үстіне, тәуелсіздігімізді алғанға дейінгі еліміздегі білім жүйесі Кеңестер одағы сынды авторитарлық мемлекеттің бір бөлігі болып келді ғой. Олай болса, білім саласы авторитарлық жүйені қиратып, шынайы демократиялық даму жолына түсу бағытындағы түбірлі реформалар ең алдымен жасалуы тиіс әлеуметтік институт болмағы түсінікті. Өткен ғасырдың аяғындағы еліміздің білім жүйесіндегі алғашқы реформалардың негізіне, міне, осынау қоғамдық қажеттілік алынған болатын. Яғни өтпелі кезеңде білім беру ісі ең негізгі және жетекші әлеуметтік институттардың бірі, жалпы қоғамдағы терең де сапалы өзгерістердің маңызды факторы ретінде қарастырылды. Посткеңестік кеңістіктегі өтпелі экономикалы елдердің арасында алдыңғы қатарға шыққан еліміздің білім беру жүйесі де уақыт талабына сай дамып, жетілдірілді. Ал қазіргі кезеңде мемлекет пен білім беру жүйесінің қарым-қатынасында үлкен өзгеріс бар. Олардың өзара жақындасу үрдісі, білім саласына мемлекеттік ықпалдың күшейе түскені байқалады. Саяси құрылымына қарамастан қазіргі әлемде көптеген елдерде осындай үрдіс орын алып отыр. Бұл түсінікті болса керек. Өйткені, біріншіден, мемлекеттің аса маңызды әлеуетінің бірінен саналатын білім қазіргі таңда жедел дамудың, тіпті жалпақ әлемге ықпал етудің мықты құралына айналып отыр. Білім берудің көптеген елдерде, әсіресе дамыған елдердің мемлекеттік мақсат-мүдделер мен міндеттер жүйесінде басты басымдық ретінде қарастырылатындығы да сондықтан. Екіншіден, қазіргі заманғы білім беру, оның ішінде мамандар даярлап шығаратын, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын жоғары білім берудің біршама қымбаттап отырғанына байланысты. Білім беру ісінің заманға сай деңгейін қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде түсіп тұратын қомақты күрделі қаржы қажет. Бұған мемлекеттің болмаса, жекеменшіктегі оқу орындарының, оның ішінде жаңада ашылғандарының тіпті де шамасы жетпеуі мүмкін. Әрине, бұл тұрғыда да қуатты, бай елдердің алға озары белгілі. Ал дамуы нашар елдердің білім беру ісін заман талабына сай жетілдіруді қалтасы көтере қоюы неғайбыл. Мемлекеттің білім беру саласындағы рөлінің күшейе түскендігін мемлекеттің саяси ұстанымдарынан, мемлекеттік білім өлшемдерін тәжірибеге енгізуден, білім мекемелерін мемлекеттік қаржыландыру көлемінің ұлғайтылуынан, түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың кәсіби-әлеуметтік ұсыныстарынан, білім беру мекемелерінің қызметіне мемлекеттік бақылаудың нығая түсуінен байқауға болады. Мемлекет тарапынан білім саласын басқару және дамыту әр елдің осы саладағы ұстанған мемлекеттік саясатының негізінде қалыптасып, жүзеге асырылады. Елімізде мемлекет тарапынан білім беру құрылымдарына бірқатар мәселелерге қатысты дербестік берілгенмен, жұмыстың соңғы нәтижесі үшін олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі күшейтілген. Бұл тұрғыда мемлекет ұлттық білім беру концепциясын айқындайды. Бірыңғай мемлекеттік білім беру стандарттары енгізілген, лицензия беру саясаты, аттестациядан өткізу, рейтінгін айқындау, міне, осындай және өзге де іс-шаралар мен тетіктер арқылы мемлекеттің білім мекемелері өміріндегі рөлі жүзеге асырылады. Қазіргі кезеңде еліміздің алдында тұрған индустриялдық-инновациялық даму жоспарларына сәйкес білім саласына жүктелер міндет салмақты. Осыған орай заман талабына жауап бере алатын терең білімді, дүниенің ілімін меңгерген, жоғары білікті мамандар даярлауда жетістіктермен қатар, ортақ ісімізге кедергі болар кемшіліктерден арылуға тиіспіз. Соның бірі – қанша айтылғанмен еш нәтиже болмай отырған, мектеп бітірушілерді жоғары оқу орындарына қабылдаудағы орталықтандырылған ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінің тиімсіздігі. Білгір ұстаздардың қатысуынсыз өтетін бұл шара арқылы оқушылардың шынайы білім деңгейін толық бағалау мүмкін емес. Бұған қоса кейін жоғары мектептегі оқу барысындағы сынақтар кезінде де тестілеу арқылы оқу-тәрбие үрдісіне қатысушы оқушылардың оқытушылардан алшақтауы мамандар даярлау сапасының төмендеуіне әкеледі. Мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында тестілік тапсырмаларды жаппай қолдану нәтижесінде білім беру қызметінің сапасын бақылаудың дәстүрлі әдістері екінші кезекке ысырылып қалды. Мәселен, 2009-2010 оқу жылында «Алтын белгімен» бітіргендердің саны алдыңғы оқу жылындағы 2400-ден 3300-ға жетіп, 900 адамға, яғни 38 пайызға өскен. Бұл жерде білім-тәрбие жұмыстарының сапасы қаншалық болғаны еліміздің болашағы үшін алаңдар әр азаматты ойландырса керек. Білім және ғылым министрлігі тарапынан реттеуді күткен мәселенің бірі осы. Арнайы тоқталып өтетін тағы бір мәселе – еуропалық жоғары оқу орындарының тәжірибесі бойынша Болон декларациясына сәйкес алдыңғы қатарлы кредиттік оқыту технологиясын пайдалануға бұдан 6 жыл бұрын «Білім туралы» заңға енгізілген 4-9 сынып оқушылары мен жоғары оқу орындары төменгі курс студенттерінің білім сапасына мемлекеттік аралық бақылаудың кедергі болуы. Соңғы уақытта аталған бақылау тетігі алынып тасталады деп айтылғанына қарамастан, елімізде білім беру саласын дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында өзгеріссіз қалғаны таңдандырады. Сайып келгенде, білім сапасын көтеруде қол байлау болып отырған осынау олқылықтардан арылмайынша, Елбасымыздың биылғы халыққа Жолдауында атап көрсетілгендей, нарық талаптарына жауап беретін жоғары оқу орындарының инновациялық үлгісін қалыптастыру мүмкін емес. Ал бұған қол жеткізбейінше, мемлекет басшысы алға қойған «жоғары білім сапасы ең биік халықаралық талаптарға сай болуы тиіс» деген асқаралы міндеттерді жүзеге асыру оңай болмайды. Ендеше еліміздің замана көшінен қалмай жедел дамуына, әлемдік қауымдастықта лайықты орын алуына ықпал етуші қозғаушы күш – білім берудің сапасын барлық сатыда көтеруге баршамыз бір кісідей жұмылғанымыз жөн.

791 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз