- TENGE MONITOR
- 08 Сәуір, 2010
Өнер өлкесінде Оразхан КЕНЕБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер: Заң жұмыс істемеген жерде театр соты басталады
Театр өнеріне бар ғұмырын арнап, жан-тәнімен берілген талантты режиссер, шебер актер Оразхан Кенебай биыл алпысты алқымдап отыр. «Алпыс – тал түс» демекші, ағамыз алпыстың асуына шықса да, атынан түскен жоқ. Бұған дейін 35-тен астам қойылым қойып, 60-қа жуық әртүрлі рөлдерді сомдаған ағамыз былтыр ғана көрермен қауымды Қалтай Мұхамеджанов пен Шыңғыс Айтыматовтың «Көктебегі кездесуімен» қауыштырды. «Қожанасыр тірі екен» (Тынымбай Нұрмағанбетов) деп сүйіншілеп елді бір сілкінтіп тастады. Міне, енді Сәбира Майқанованың рухына бағышталған драматург Дулат Исабековтың пьессасы бойынша қойылған «Мұрагерлер» спектаклі сахнаға жол тартты.
– «Мұргерлер» қойылымының идеялық өзегі неге?
– Бұл спектакльді 1983 жылы Асылханов деген режиссер сахналаған екен. Бұл соғыс кезі туралы... Бірақ оқиға 1975 жылы өрбиді. Қойылымның көтерер өзекті мәселесі – ар ождан тақырыбы. Салиха деген апайдың жалғыз қызы болады. Қызының жары майданға кетіп, оралмайды. Одан кейін Төрехан деген біреуге тұрмысқа шығады. Арада жылдар өтіп кейуана кемпір жалғыз қалады. Сол кезде Төреханның қарындасы Сызғанова пайда болады. Ол кейуананың баспанасы заңдастырылмағанын пайдаланып, өз атына аударып алуға тырысады. Қағаз көбейген кезде әділет жойылады. Ата-бабаларымыз қағазсыз-ақ өмір сүрді ғой. Осы күні сыртқа шығып абайсызда төлқұжатыңызды алсаңыз, әп-сәтте БОМЖ-ға айналасыз. Ар-ұжданның, ұяттың азайған шағының көрінісі. Бір анықтаманы растау үшін тағы 5 анықтама қажет.
Салиханың рөлін Ғазиза Әбдінәбиева жақсы сомдайды. Салиханың болмысынан аумаған Сабира апайымызды көремін.
– Сахна арқылы қоғамдағы келеңсіздіктерге азаматтық көзқарасыңызды білдіріп отырасыз ба?
– Проблеманың екі түрі бар: адами және актуальды. Актуальды проблема өтеді де кетеді. Бүгін бар да, ертең жоқ. Ал адами проблема адамзат пайда болғалы келе жатыр. Бәрі өзгерсе де, тас ғасырдан келе жатқан адам психологиясы өзгермейді. Оза шапқанды аяқтан шалады, артта қалғанды түртпекке алады. Өз «менің» өзі жеңе алмай келеді. Неге екенін, адам аяғы басқан жердің бәрі бүлініп шыға келеді. Ол жақсы адамдар жоқ деген сөз емес. Бірақ, бәрібір де жаман адамдар көп. Мен біздің ортамызда рухани бай адамдардың саны артса деймін. «Қожанасыр тірі екен» деген спектакльді тамашалаған шығарсыз. Қожанасыр – аңыз. Аңызға көп дүние сыйады. Тек тамырын ұстай білсеңіз болғаны. Осы қойылымда көптеген өзекті мәселелер айтылды ғой деп есептеймін.
– Бүгінгі жас буын туралы айта кетсеңіз. «Жастарды тек комедиямен ғана театрға тартуға болады» деген түсініктің аяғы аспаннан келді деп ойламайсыз ба?
– Театрға келетіндердің дені – жастар. Соған қуанамын. Бір буын екініші буынды түсінбей жатады. Бабаларымыз «Елу жылда – ел жаңа, қырық жылда қазан...» деп бекер айтпаған ғой. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында сабақ беремін. Біздің кезімізде дайындықсыз келу, дәріске кешігіп кіру деген атымен жоқ еді. Қазіргі жастардың 1 сағат кешігіп келуге құқығы бар іспетті. «Ағай, бір-ақ сағатқа кешіктім ғой» деп қарап тұрады. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Менің тобымда 16 бала болса, соның 5-6-уы жеке дара көзге түседі.
– Қаражат табу үшін бойындағы өнерін саудалайтын өнерпаздар жеткілікті-ақ. Бұл өнердің құнын төмендету емес пе?
– Әрине, той басқардың деп кінәлаудың қажеті жоқ шығар. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, пайдаға құнығып кетудің түбі шығармашылыққа кесірі тиеді. Ақша деген бір құдай шықты. Адал ақы, маңдай термен тапқан дүниенің берекесі болады. Ешкім байлығын өзімен бірге алып кетпейді. Жиған-тергеніңе деген қимастық сезім адам өлімін ауырлатады екен. Біз арзымайтын жалақыға дәріс береміз. Енді білгенімізді езіп ішеміз бе, қайтеміз? Тегін келген білім тегін берілуі керек. Ақшаны жұмсаған сайын азаяды, білімді жұмсаған сайын көбейеді.
Сәбит Оразбаев театр студиясында сабақ береді екен. Ол өзінің үлгере алмай жүргендігін айтып, бірде мені оқытушылық қызметке шақырды. Айлық жалақысы – 60 сом. Сол кездегі есеппен әжептәуір көлемді ақша. Тәжірбиемнің жетіспейтіндігін айтып едім, ол кісі көнбеді. Ақыры келісімімді бердім. Алғашқы күнгі лекция барысында бар білгенімді жайып салдым. Біртүрлі жеңілдеп, ұстаздық ләззатты сезінгендей болдым. «Бүгін барымды ақтарып тастадым, енді ертең не айтамын?» деген ой менің мазамды ала бастады. Сөйтіп, кітапханаға бет бұрдым. Не керек, балаларды үйретемін деп жүріп өзім көп дүние үйрендім.
– Ішімдік ішкен әртүрлі образдар театрдан жиі төбе көрсетіп қалады. Бұл арақ-шарапты насихаттау болып табылмай ма?
– Жұрт «жынды суды» насихат деп түсінсе, ол режиссердің қателігі. «Ішімдік – азғындықтың көкесі» деп көрсетсе, режиссердің жеңісі – сол. Бұл бір жағынан көрерменнің қабылдауына байланысты. Заң жұмыс істемеген жерде театр соты басталады. Ол – ар соты. Түсінген адамға одан үлкен жаза жоқ. Қазір ділдің, тілдің бұзылған шағы. Жас бала үлкен кісінің жолын кесіп өте береді. Театрдың тәрбиелік мәні зор.
– Сынды қалай қабылдайсыз?
– Сын шын болса, оған ешкімнің өкпелейтін жөніі жоқ. Нағыз сыншы – көрермен қауым. Қазір театр сыны тоқыраған кез. Өз жүрек, сана елеуінен өткізбей жатып пікір білдіреді. Олардың кейбіреулері театрға жұмыс істеу үшін емес, демалу үшін келетін секілді... Қойылымның сәтті шыққан жерлерін сыншыларымыз байқамай қалып жатады.
– Өнер жолы күреске толы. Әділетсіздік атаулымен қалай күресесіз?
– Мен күреске жоқ адаммын. Бетпақтықты көргенде тек іштен тынамын. Өнердегі келеңсіздіктерге қарсы тұра алмаймын. Басшылықтан қатты соққы жеген кезім болды. Исрайл Сапарбайдың пьессасына құрылған «Ауылдан келген ару» қойылымын сахналаған едім. Көркемдік кеңес құптаған дүниемді басшылық жоққа шығаруға тырысып, мені қаралап бақты. «Қазақ әдебиеті» газетіне өлтіріп тұрып бір мақала жаздым да, жұмыстан өз еркімнен босап кете бардым. Сол оқиғадан кейін 2 жыл жұмыссыз отыруыма тура келді. Әу баста мені іздейтін шығар деп ойладым. Өйткені, театрға біршама еңбек сіңірген жайым бар еді. Бірақ, мені іздеген ешкім болмады.
– Соңғы кезде қойылған қойылымдарда біртүрлі жұтаңдық сезіледі. Бұрынғы қойылымдарды қайта-қайта тамашалаудан жалықпайсың. Ал кейінгілерді бір көргеннен кейін қайтып айналып соққың келмей қалады. Неліктен?
– Драматургия мүлде жоқ деуден аулақпын. Бірақ, айтыңызшы, көкбақа етті қанша баптап пісірсең де дәмі татымайды ғой. Сол сияқты нәрсіз жазылған дүние бәрібір жарытпайды. Бұл режиссерлер керемет деген сөз емес. Әйткенмен, образ тілін жасай алмайтын драматургтер көбейіп кетті. Жақында бір пьесса оқып шықтым. Кейіпкерлерінің бәрі дерлік қылжақбас, кісіге тән қасиет жоқ. Одан қандай қойылым шығады. Адам рухын құр қағаздан жасап шығу оңай емес. Әзірбайжан Мәмбетов сахналаған «Қан мен терде» кейіпкерлер бірін-бірі қызыл бөкебаймен сүйрейді. Бұл – мойынға құрық салған қызыл империяны мегзеу болатын. «Сергелдең болған серілер» қойылымында Саин көшесін бойлаған қызға қаратылып «жар жағалап жүріп құзға құлап кетпе» деген сөз айтылады. Сыншылар неге осындай астарлы сөздерді байқамай қалады екен?
Әңгімелескен Арман СЕРІКҰЛЫ

1380 рет
көрсетілді0
пікір