- TENGE MONITOR
- 08 Сәуір, 2010
Апаттан кейін... Қызылағаштағы қызу құрылыс

Бүгінгі таңда Алматы облысына қарасты Ақсу ауданындағы төтенше жағдайдың салдарын жою шаралары жүзеге асып жатыр. Бүгін Қызылағаш ауылындағы жедел штабтың кезекті отырысына облыс әкімі Серік Үмбетов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қуатжан Уәлиев қатысқан болатын.
Қазіргі кезде энергетиктерді, жол жасаушыларды, су құбырын жүргізуші мамандарды қосқанда Қызылағаш ауылы құрылысының жұмысына барлығы 63 мекеме кірісті. Ауыл аумағында 445 үйдің орны тазартылып, құрылысқа дайын. Сондай-ақ 72 үйдің іргетасы, 10-ға тарта үйдің негізгі қаңқасы мен 15 үйдің қабырға кірпіші қаланды, 5 үйдің шатыры көтерілді. Бұл жұмыстарға 530 техника жұмылдырылған.
Жедел штаб отырысында облыс әкімі Серік Үмбетов «Тұрғындарға жер беру мәселесін тыңғылықты қолға алу керек. Зардап шеккендердің ешқайсысы жерсіз қалмайды», – деді.
Сонымен қатар құрылысшылардың жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалып отырғанын да баса айтып, құрылысты аяқтау мерзімін мердігерлік компаниялар басшыларының есіне тағы бір салып өтті.
Қызылағаштағы ауыл ішіндегі су құбырларын жүргізу жұмыстары жақын күндері аяқталады деп күтілуде.
Сумен қамтамасыз ету мақсатында жоспарланған ұңғылау жұмыстарының екі кезеңі де аяқталды. Бірінші кезеңде алынған су микробиологиялық және химиялық көрсеткіштер сынамасы бойынша пайдалануға жарамды деп табылды. Соның нәтижесінде осы күні тұрғындар ауызсуды ауылға жүргізілген су құбыры арқылы құдықтан (колонка) пайдалана бастады.
Ұңғылаудың екінші кезеңінде алынған су қазір микробиологиялық және химиялық көрсеткіштер зертхана сынамасына жіберілді.
Қазіргі кезде 414 адамның жеке басын анықтайтын төлқұжаты дайындалып, 341 құжат иесінің қолдарына берілді. Сол сияқты кәмелеттік жасқа толмаған 48 баланың туу туралы куәлігі қайта жасалып берілді. Бұл жұмыс жалғасуда.
Сонымен қатар бүгінгі күнге 976 адам РНН, 1280 адам СИК құжатын алды. Соңғы мәлімет бойынша зардап шеккендерге бір жолғы жәрдемақы үшін «Қазпошта» АҚ филиалынан 2678 есеп-шот ашылды. Сонымен қатар, Қызылағашта шаштараз да жұмыс істей бастағанын айта кеткен жөн.
Қызылағаш ауылына мемлекеттік материалдық резервтен гуманитарлық көмек пен материалдық құндылықтар келіп түсуі жалғасуда.
Қазіргі кезде Үкімет резервінен 599 млн. 838 мың теңге келіп түсті.
Қызылағаштықтарға қаржылай көмек көрсету үшін «Жансүгіров» қорының «Қазақстан Халық Банкі» АҚ филиалында ашылған қайырымдылық есеп-шотына жеке азаматтардан, мемлекеттік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардан түскен қаржы 710,2 млн. теңге болды (оның ішінде «Қазақмыс» корпорациясы»АҚ – 110,0 млн. теңге). Ұлттық компаниялардан 571,1 млн. теңге (оның ішінде «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат Қоры» АҚ – 500,0 млн. теңге) келіп түсті. Астана, Алматы қалалары мен облыстардан 870,0 млн. теңге қаржы аударылды. Сөйтіп бүгінгі күнге зардап шеккендерге юөлінген көмек қаржысы 2 млрд. 751 млн. теңгеге жетті.
Алматы облысының баспасөз қызметі хабарлағандай, Қызылағаш және Ақтоған ауылдарындағы су тасқынынан зардап шеккендердің жер учаскелерін рәсімдеу мәселелерін қарастыру мақсатында облыста жұмыс тобы құрылды. Жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттары (сенімхат, сату-сатып алу шарты, сыйға тарту шарты т.б.) және мемлекеттік актілері бар тұрғындар жұмыс тобына хабарласуы қажет. Жұмыс тобының мүшелері аудандық штабта (ауылдық орта мектеп ғимаратында) күнделікті сағат 11.00-ден 13.00-ге дейін қабылдайды. Сондай-ақ осы ғимаратта бау-бақша егуге жер сұраған азаматтардың тізімін тіркеу, мал тізімін алу жұмыстары да жүргізілуде.
А. СЕРІКҰЛЫ

1312 рет
көрсетілді0
пікір