Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 25 Желтоқсан, 2019

«Алтын адамды» тапқан алтын адам

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Алматыдағы  Әуезов музей-үйінде «Халық университетінің» кезекті дәрісін ұйымдастырды. «Шілікті Алтын адамы және сақ проблемасының кейбір мәселелері» атты дәрісті тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Әбдеш Төлеубаев өткізді. Дәріске әдебиеттанушы ғалымдар, оқытушылар мен ЖОО студенттері қатысты. Жиынды М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры К.Матыжанов жүргізді. 

Әбдеш Төлеубаев – Қазақстандағы үшінші «Алтын адамды» тауып, әлемдік археологияға жаңалық әкелген ғалым. Академик Әлкей Марғұланның шәкірті болған тарихшы өзінің ғылымға келу жолы, ұстаздарынан алған тәлім-тәжірибесі жайлы әңгімеледі. Студент кезінен Әлкей Хақанұлының ғылыми экспедицияларына қатысқан Ә.Төлеубаевтың зерттеушілікпен айналысып келе жатқанына жарты ғасырға жуықтаған. «Соның 17 жылы таза этнографиялық экспедициялар. Өйткені, этнография – халықтың жаны» деді ғалым.  Бұдан кейін тарихшы шығыс өңірдегі Шілікті жазығынан табылған «Алтын адам» және қорғаннан шыққан заттар жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ этнографиялық экспедициялармен еліміздің түкпір-түкпірін  аралаған кездерін еске алып, археология ғылымының басқа ғылымдармен байланысы, қазақ этнографиясы, бақсылық жөнінде сөз қозғады. Жиын соңында Ә.Төлеубаев өзінің жаңа кітабымен таныстырды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры К.Матыжанов ғалымға қызықты дәрісі үшін алғыс айтып, жуырда шыққан қазақ фольклорының жаңа басылымын сыйға тартты.

Дина ИМАМБАЕВА

1694 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз