Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 08 Сәуір, 2010

ШОШҚА ШАРУАШЫЛЫҒЫ ШАРЫҚТАМАҚ

Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді жайлаған доңыз тұмауы көптеген мемлекеттерге өз зиянын келтіріп, билік басындағыларды біраз есеңгіретіп тастағаны көпшілікке мәлім. Ал бұл шаруашылық түрімен айналысатын кәсіпкерлер тіпті қарызға батып, өз өніміне деген сұранысты жоғалтқаны да жасырын емес. Бүгінде доңыз етін бұрынғыдай емес, сатып алушылар да некен-саяқ. Бұны шошқа шаруашылығымен шұғылданатын кәсіпкерлердің өзі мойындап отыр. Оған себеп – доңыз тұмауы. Аты ғана болмаса, шошқа етіне аса байланысы жоқ доңыз тұмауына қазірдің өзінде көпшілігі үрке қарайды.

Әйтсе де, ақтөбелік кәсіпкер Гайк Тертерян шошқа етіне деген «қара пиарды» өзіндік бір әдіспен жоюды көздеп отыр. Ақтөбелік азамат бүгіннің өзінде бұл үшін бірнеше істердің атқарылғанын айтады.

Шыны керек, қазірде сауда нүктелерінде шошқа етінің бағасы анау айтқандай арзан емес. Сөредегі бұл ет түріне әзірге доңыз тұмауы да әсер етпей тұр. Бұл жайтты мал азығын бірнеше жыл сатумен айналысатын Гайк Тертерян да растайды. Мәселен, Ақтөбеде орналасқан Орталық базардағы шошқа етінің бағасына көз жүгіртсек, ең арзаны (1 келісі) – 250-300 теңге тұрса, ал ең қымбаты – 500-600 теңгеден асады. Мамандардың пікірінше, бұл біздің еліміз үшін төмен баға емес. Аталмыш пікірді ақтөбелік кәсіпкер де қуаттайды.

Статистиканы сөйлетсек, еліміз жыл сайын шамамен 1 млн. шошқа етімен ауқаттанады екен. Ал қажеттілік бұдан әлдеқайда көп, қазір бұл көрсеткіш 2,5 миллионды құрап отыр.

Гайк Тертерян көп уақыт өтпестен, шошқа етіне деген сұраныстың артып, халықтың қазақстандық өнімді қолдайтынына сенімді. Бұл жайтты ол «уақытша нәрсе» деп түсіндіреді. Себебі арзан өнім қай кезде болмасын, сұраныста болары хақ.

САБЫРОВ СҮЙІНШІ СҰРАДЫ

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабырдың мәлімдеуінше, өткен жылы 16790 сәби дүниеге келіп, аймақта бала туу көрсеткіші 4 пайызға өскен. Әсіресе, Байғанин, Мұғалжар және Ырғыз аудандарының демографиялық жағдайы 2008 жылмен салыстырғанда бірнеше есеге артқаны байқалады. Сондай-ақ «облыстың бас дәрігері» былтыр нәресте өлімінің 12, 4 пайызға төмендегенін айтады.

Алайда ауыл-аймақтарда медицина қызметкерлері әлі де тапшы. Жас мамандардың көпшілігі аудандарда жұмыс істеуге құлықсыз көрінеді.

Қайрат Қанатұлының айтуынша, өткен жылы аймақтағы денсаулық сақтау саласына 18, 3 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы 2008 жылмен салыстырғанда 22, 4 пайызға көп. Аталған қаражатқа облыста 16 медициналық мекеме салынып, халық игілігіне тапсырылыпты. Өз кезегінде «Жол картасы» бағдарламасы аясында да тозығы жеткен ғимараттарға назар аударылып, олардың жылу жүйелері, канализациялары, едендері мен шатырлары түгелдей жаңартылған. Сондай-ақ былтыр шетелден арнайы компьютерлік томограф та сатып алынып, облыстағы кеңес беру-диагностикалық орталыққа табысталғанын айта кету керек. Әйтсе де, аталмыш қондырғының «тілін» жетік білетін дәрігерлер әзірге жоқтың қасы. Мамандардың мәлімдеуінше, бұл олқылық жуық арада ретке келтірілмекші.

Жалпы, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласы өзге аймақтарға қарағанда көш ілгері. Мәселен, соңғы жылдары жұқпалы аурулар мен туберкулезге шалдығушылардың саны біршама азайған. Мәліметтерге жүгінсек, былтыр облыс бойынша құрт ауруы 22 пайызға, ал онкологиялық аурулар шамамен 2 пайызға төмендеген. Сонымен қатар республика бойынша теңдесі жоқ кардиохирургиялық орталық пен медициналық және биологиялық қалдықтарды жоюға арналған инсинератор пешінің іске қосылуы да үлкен жаңалық болды. Бір ғана мысал, бүгінге дейін орталыққа республикадан мыңнан аса адам келіп қаралып, 140-қа жуық науқастың жүрегіне ота жасалған. Аталмыш медициналық мекемеге басқа облыстардан бөлек, көршілес мемлекеттердің де азаматтары ат басын бұрып, ем-дом алатындар кездеседі. Бұл жайтты «облыстың бас дәрігері» үлкен жетістік екендігін атап өтті.

Рас, төтенше оқиғаның салдарынан қайтыс болған балалардың саны біршама көбейіп отыр. Былтыр олардың саны бірден 20 пайызға көтеріліпті. Керісінше, сәбилердің бір жасқа жетпей шетінеп кетуі, өткен жылдарға қарағанда, азайған деседі. Дерекке сүйенсек, 2009 жылы 296 шарана көз жұмған.

Тоқтала кетейік, шалғайдағы елді мекендерге әлі де болса, медицина қызметкерлері жетіспейді. Жасыратыны жоқ, бүгіннің өзінде ауылды айтпағанда, аудан орталықтарында да білікті мамандар тапшы. Ауыл-аймақтарда қызмет ететін дәрігерлерге жағдай жасалмайды десек, негізсіз болар. Бұған дәлел, өткен жылда еліміз бойынша алғаш рет Ақтөбеде медицина қызметкерлеріне облыс әкімдігі тарапынан ауқымды сый-сыяпат көрсетілді. Мәселен, облыстағы 5 дәрігерге баспана берілсе, ал 200 үлгілі ақ халаттыға 120-150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Өз кезегінде аймақтағы денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр бұның барлығы жас мамандарды осы салаға тарту үшін жасалғанын тілге тиек етті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісінде, сондай-ақ, өткен жылы әрбір ақтөбелікке жыл бойына медициналық мекемелерде қаралу үшін мемлекеттен 17 мың 295 теңгенің қарастырылғаны белгілі болады. Қ. Қанатұлының айтуы бойынша, былтыр ақтөбеліктер дәрігерлерге 6 миллионнан аса мәрте қаралған. Ауруханаларда жүз мыңнан астам тұрғын ем алып, барлығы 25 мыңға жуық ота жасалыпты.

Айбек ТАСҚАЛИ,

Ақтөбе облысы.

2749 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз