- TENGE MONITOR
- 08 Сәуір, 2010
Экономика: рарық жетегіндегі халық Баға нарығындағы ахуал: Өнеркәсіп
Қазақстан Республикасының статитика жөніндегі агенттігінің мәліметтері бойынша, еліміздің өнеркәсіп саласындағы өндіруші кәсіпорындары өнімдерінің бағасы, өндірістік сипаттағы қызмет көрсетуді қоса алғанда, үстіміздегі жылдың наурыз айында алдыңғы ақпан айындағыдан өзгермеген. Ал, былтырғы наурыз айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 40,6 пайызға көтерілген.
Наурыз айында өндірілген өнім бағасында да өзгеріс жоқ (былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда өсім 43 пайыз), ал өндірістік сипаттағы қызмет түрлерінің құны 0,5 пайызға төмендеген (былтырға қарағанда тиісінше 6,7 пайызға өскен). Өңдеу өнеркәсібінде де бағаның төмендегені – 0,1 пайызға, байқалады, ал электр энергиясын, газ және су өндіру мен тарату 0,3 пайызға өскен болса, тау-кен өнеркәсібінде баға өзгеріссіз қалған.
Азық-түлік, тұтыну тауарлары
Наурыз айында инфляция деңгейі 0,7 пайызды құрады деп хабарлады ҚР статистика агенттігі. Азық-түлік тауарларының бағасы 1,2 пайызға, азық-түліктік емес тауарлардың бағасы ,4 пайызға, ал ақылы қызмет түрлері 0,2 пайызға қымбаттады.
Инфляцияның жыл ішіндегі мөлшері (үстіміздегі жылдың наурызы мен былтырғы наурыз аралығы) 7,2 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларының нарығында көкөніс өнімдерінің бағасы 4,8 пайызға, қант – 3,6 пайызға, ет өнімдері – 1,3 пайызға өскендігі байқалды. Сонымен қатар коммуналдық қызмет түрлерінің тарифтері де көтерілді. Мәселен, суық су, кәріс су – 1,1 пайызға, электр энергиясы – 0,8 пайызға өсті. Сондай-ақ, нан бағасының 0,5 пайызға, жармалардың – 0,7 пайызға, ұнның – 2,1 пайызға, дизелді отынның – 1,2 пайызға төмендегені тіркелді. Наурыз айында күнкөріс деңгейінің ең төменгі шегі 2,2 пайызға артып, 12 713 теңгені құрады. Оның 7628 теңгесін азық-түлік тауарлары құрайды, ал 5085 теңгесі тұтыну тауарлары мен ақылы қызметтің үлесіне тиеді.
Көрмеден – дастарханға
Бұл күндері Тамақ және өңдеу өнеркәсібі тауар өндірушілері одағының дәстүрлі ХІІ халықаралық көрмесі өтуде. Азық-түлік саласындағы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында өткізілетін бұл көрмеде отандық тауар өндірушілердің ұсынған тауарлары арқылы олардың бәсекеге қабілеттілік деңгейі, жетістіктері көрсетіледі, жаңа өнімдер және қызмет түрлерімен танысып, еліміздің тауар нарығын кеңейту, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Көрмеге өзіне сенімді, ең мықты деген отандық өндірушілер қатысуда. Олардың басым бөлігі ет өнімдерін өңдеушілер және сүт тағамдарын өндірушілер, сондай-ақ тәтті өнімдерін жасаушылар. Ал май шығарушылар аз, наубайшылар жоқтың қасы. Тамақ және өңдеу өнеркәсібі тауар өндірушілері одағының төрағасы Анатолий Попелюшконың айтуынша, отандық өндірушілердің бір жыл ішіндегі тындырған жұмысын, жетістіктері мен даму болашағын саралап, бағамдау үшін мұндай көрменің жыл сайын дәстүрлі өткізіліп тұруының маңызы айтарлықтай. Өзге елдермен арадағы экономикалық қатынастарды нығайтуға, қолданыстағы және қайта құрылып жатқан өндірістік және сауда ұйымдарын қолдауға, ғылым мен өндірістің байланысын жолға қоюға, отандық тауар өндірушілердің өнім сапасын, бәсеке қабілеттілігін арттыруға деген талпынысын ұштайтын мұндай деңгейдегі іс-шаралардың экономикалық тиімділігі мол.
Айта кетерлік жәйт, жыл өткен сайын отандық өнім сапасы жақсарып келеді. Нәтижесінде бірқатар өнім түрлері сыртқы нарықта сұранысқа ие болуда. Айталық, соңғы жылдары отандық азық-түлік өнімдерін экспортқа шығару көлемі көбейіп келеді. Былтыр 2008 жылмен салыстырғанда сыртқа ұн шығару көлемі 125 пайызға өскен. Сонымен қатар сұйық май, құрғақ сүт, қаймақ, ірімшік, макарон, кондитерлік өнімдер сыртқа ең көп шығарылатын тауарлар болып табылады. Осы орайда өзге елдермен тәжірибе алмасуда мұндай көрмелердің алар орны маңызды.

1122 рет
көрсетілді0
пікір