Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 08 Сәуір, 2010

Шағын шаруа қожалықтарына қамқор қолын созатын кім бар?

kurishbaevkazАуыл шаруашылығы министрлігінің берген мәліметі бойынша үстіміздегі жылдың 20 науырыз айына дейін Қазақстан өткен жылдың 5,5 миллион тоннна астығын экспортқа жөнелткен. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда  1, 3 миллион тоннаға көп. Осыған қарамастан астық саласындағы қалыптасқан проблема толық шешілді деуге болмайды. Себебі, біріншіден - облыстағы элеваторлардың бидайға «аузы-мұрыны» толып тұрса, екіншіден - астықтың әлемдік бағасы 190 доллардан 160 долларға дейін төмендеп кетті. Әсіресе, Қара теңіз бағыты бойынша жөнелтіліп келген астықтың өзіндік сатып алу құнының мүлде арзандауы да қатты алаңдатып отыр. Бұл жөнінде өткен аптада Үкіметтің кезекті селекторлық отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлімдеді.

Биыл республика бойынша 19 миллион 100 мың гектар жерге дәнді- дақылдар себілмекші. Үстіміздегі жылы көкеніс пен майлы дақылдардың егіс көлемі артпақ. Сонымен қатар, шаруа қожалықтарын мемлекет тарапынан субсидияландыру мен несиелеу қарастырылып, арзан жанар-жағар маймен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін табуда. Бір сөзбен айтқанда мемлекет көктекмгі егіс жұмыстарына несие беріп отыр. Міне, осы мақсатта «Қаз Агро» ұлттық холдингі арқылы 86 миллиард теңге қарастырылған. Кеңесте республика Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов сөз сөйлеп, агроөнеркәсіп саласындағы түйіні шешілмеген мәселелерді де атап өтті.

- Қазақстанның ауыл шаруашылығы бәсекелестікке төтеп бере алатындай дәрежеде болуы тиіс, - деді Кәрім Мәсімов. - Өйткені, Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің бір тұтас Кедендік одаққа бірігуі отандық өнім өндірудің сапасын жақсартуды талап етеді. Қолымызда қаражат бола отырып, көктемгі егісті «әрі тарт та, бері тартпен» өткізетін болсақ, еңбегіміз зая кетеді. Осы бастан қамдану қажет. Несиелу ісі әзірше мардымсыз. Қазір агроөнеркәсіп бойынша 89 миллиард теңгенің өтініштері келіп түскен. Әзірше оның 38,2 миллиарды ғана қанағаттандырылған. Елбасы тапсырмасы бойынша шаруаларды ынталандыру мақсатында субсидия бөлуге айырықша мән беру керек.

Премьер-Министрдің бұл айтып отырған сөзінің жаны бар. «Қамданбаған қапы қалады» дегендей Көктемгі егіс кезінде агротехникалық шараларды дұрыс жүргізбесе, жұмсалған қаржыдан ешқашан қайтарым болмайды. Мұнай және газ министрлігі арзандатылған жанар-жағар май мәселесіне түсіністікпен қарап отырғанда оны облыс әкімдері тезірек сатып алу мәселесіне назар аудару қажет деп ой тастаған Үкімет басшысы шегірткенің көп таралуына алаңдаушылық білдіріп, «Менің білуімше биыл көктем қысқа болып, жаз ерте шығуы мүмкін. Мамандардың айтуынша ауа райы шегірткенің таралуына қолайлы жағдай туғызып тұр. Бұл мәселеге осы бастан көңіл бөлуіміз керек» деді Кәрім Мәсімов.

Осыдан сегіз жыл бұрын «шырылдауық шегірткенің» кесірінен еліміздің солтүстігіндегі диқандар астықтың 48 пайызынан айырылғандығын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Сол жылдары ауыл шаруашылығы министрі мен бірқатар шенеуніктердің «басы кетіп», қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. Биыл сол «шырылдап жүріп ән салған шегірткенің» салған ылаңының қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмауда. Министр Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша шегірткемен күрес жүргізудің проблемасы әлі толық шешілмеген. Биыл 900 мың гектар жерді химиялық өңдеуден өткізу қажет. Бұл жұмысқа ақша жергілікті бюджеттен бөлінуі тиіс. Мысылы, Жамбыл, Шығыс-Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары шамалы қаржы бөлуді қарастырса Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан сияқты астықты өңірлер әлі шегіртке мәселесінде «жұмған ауыздарын» ашар емес. Аталмыш бас қосуда Ауыл шаруашылығы министрі Үкімет басшысынан шегірткемен күресті түбегейлі жүргізу үшін және диқандардын қалған ендігі 5 миллиондай астықты жаңа бидай піскенше оны Ресей мен Қытай арқылы тасмалдау мақсатында транспорттық шығынға 10 миллиард тенге көлемінде қаражат бөлуді сұрады.

Біздің астығымызға басқалардың онша қызықпай отырғандығы неліктен? Себеп, бидайдың дәнділік протейіні төмен. Мысалы, өткен жылы жиналған барлық астықтың протейіндік көрсеткіші 7–ақ пайыз болған. Ал, 1990 жылы астықтың протейіндік көрсеткіші 28 пайзды құрады. Соған орай астықтың әр тоннасының бағасы 350 ден 500 долларға дейін жетті. Сондықтан сапалы бидай аламыз десек жалпы егістікте парлы алқаптың үлес салмағы 16-25 пайызды құрау керек. Өкінішке орай, соңғы жылдары агротехникалық шараларға ғылыми тұрғыдан қарау мүлде ұмыт қалап бара жатыр. Ертеңгі күні егістік алқап құнарлығынан айырылса, гектар берекелі жұмсаған шығыннан қайтарым болмай диқандар тақырға отырып қалуы мүмкін.

Алқалы бас қосуда Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев: «Алдымыздағы сәуір айының аяғына дейін бензиннің АИ-80 және АИ-92, 93 маркалы бинзиннің бір литрі тиісінше 80-82 теңге, ал дизел отынының әр литрі 67 теңге болып қалмақ. Менің айтайын дегенім, Ресей мамыр айында жанар-жағар майдың бағасын өсіруді ойластырып отыр. Сондықтан шаруа қожалықтары осы айда жанар-жағар майды толық алып қалуды ойластырғандары жөн», - деді.

Бидай біздің еліміздің басты байлығының бірі. «Арпа бидай ас екен, алтын күміс тас екен» демекші әр үйдің күнделікті дастарханынан табылатын бір үзім нан отбасы тіршілігінің отын сөндірмейтін үміт шырағы емес пе? Олай болса, астық өсіретін диқандарға жанашырлықпен қарау мемлекеттің басты парызы десек те, соңғы жылдары шаруа қожалықтары «жарғақ құлағы жастыққа тимей» маңдай терімен өсірген астығын дұрыс бағаға сата алмауы орынды реніштерін туғызуда. Елімздегі агроөнеркәсіп саласындағы менеджерлік жұмыстың мәнсіздігі мен әлсіздігі қарапайым егіншілерді тығырыққа тіреуде. Жасыратыны жоқ, солтүстік өңір диқандарының 80 пайызы былтырғы астығын сата алмай ақшаның жоқтығынан күнділікті қант-шайын ала алмай отыр.

Қазір шенеуніктер 20-30 мың гектар егіні бар олигархтардың ғана қамын ойлайды. Ал, өмір бақи ауылда тұрып 500-300 гектарға егін сеуіп, аз да болса еңбегінің зейнетін көріп отырған шағын шаруаларға қамқор қолын созатын кім бар? Үкіметтің бұл мәжілісінде министр Күрішбаевтың диқаншылықпен айналысатын шағын шаруа қожалықтарының тағдырын ұмыт қалдыруы қынжылтады.

Мағжан Садыханұлы.

1394 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз