- TENGE MONITOR
- 08 Сәуір, 2010
Апта тынысы Достастық елдері назарында
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановтың басшылығымен бір топ қазақстандық депутат Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында болды. ТМД-ға мүше елдердің парламентаралық ассамблеясы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың парламентаралық ассамблеясы және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының парламенттік ассамблеясы ұйытқы болған бұл сапар аясында көптеген маңызды мәселелер талқыланды.
Сапардың алғашқы күні қазақстандық делегация өкілдерінің қатысуымен тарихы көнеден сыр тартатын Таврия сарайында ТМД елдерінің парламентаралық ассамблеясы тұрақты кеңесінің елдік мүдде тұрғысындағы мәселелерді өзек еткен бірнеше отырыстары өтті. Атап айтқанда, парламентаралық ассамблеяның саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық, әлеуметтік саясат және адам құқығы мәселелері жөніндегі тұрақты кеңестерінің отырыстарында былтырғы жұмыс қорытындылары жан-жақты сараланып, күн тәртібінде ТМД кеңістігіндегі елдерге ортақ маңызды мәселелер талқыланды, отырыстың қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданды.
Осы сапар аясында Орал Мұхамеджанов ТМД-ға мүше елдердің парламентаралық ассамблеясының төрағасы, Ресей Мемлекеттік думасы Федерация кеңесінің төрағасы Сергей Мироновпен кездесті. Кездесу барысында екіжақты парламентаралық қарым-қатынастың жай-жапсары әңгіме өзегі болды.
Ықпалдастықтың жаңа қадамдары
Сәуірдің 6-сы күні Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Ливан Республикасында болды, деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Кәрім Мәсімовтың осы елдің премьер-министрі Саад әл-Хариримен кездесуі барысында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың кейбір мәселелері талқыланды.
Ал, Ливан Республикасының президенті Мишель Сулейманмен болған кездесуде Қазақстан мен Ливан арасындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастық жөнінде пікір алмасылды. Экономикалық өзара ықпалдастықты тереңдету үшін барлық жағдайлардың жасалғаны атап өтілді.
Сапар бпарысында сондай-ақ Ливан сыртқы істер министрі Али Хасан әл-Шамимен келіссөздер жүргізіліп, өңірлік қызметтестікті нығайту мәселелері талқыланды. Біз Ливанды Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес үдерісіне қатысушы болуға шақырамыз, деді Кәрім Мәсімов. Али Шами Ливанның Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үдерісіне қатысуға мүдделі екенін жеткізді.
Ресми сапар аясында үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Ливан Парламентінің төрағасы Набих Берримен келіссөздер жүргізді. Премьер-министр бастаған қазақстандық делегацияның ресми сапарының соңында Үкімет үйінде кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөздер өтті.
Кездесу кезінде екі ел экономикасының түрлі салалары, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, туризм және қаржы саласы бойынша әріптестік байланыстарды дамытудың жайы жан-жақты талқыланды. Біз Таяу Шығыстағы ахуалды және екі елдің бейбітшілікті қамтамасыз етудегі мүмкіндіктерін талқыладық, деп атап өтті К. Мәсімов кездесу соңында.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Ливан сыртқы істер министрліктері арасында өзара саяси кеңесулер туралы меморандумға қол қойылды.
Қызығушылық арта түсуде
Атырау қаласында «Атырау Мұнай, Газ және Инфрақұрылым – Atyrau Oil & Gas 2010» көрмесі мен «OilTech Atyrau» конференциясы өтті. Оған Ұлыбритания, Германия, Италия, Қазақстан, Қытай, Литва, Ресей, Түркия, Украина және Франция елдерінен 100 компания қатысты.
Көрмеге келушілер «ҚазМұнайГаз» ҰК, «Теңізшевройл» және «North Caspian Operating Company» (NCOC) компанияларымен қатар мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсететін, мұнай-газ жабдығын, арнайы киім-кешек пен қоршаған ортаны қорғауға қатысты технологияларды ұсынатын, сондай-ақ құрылыс пен инфрақұрылым саласында жұмыс істейтін компаниялардың өнімдеріне де айрықша қызығушылық танытуда. Олардың арасында «АтырауНефтеМаш», «КазПромПрибор», «Сервисный центр «КазТурбоРемонт», «Прикаспийский машиностроительный комплекс» ЖШС, «Энергоцентр Азия» секілді отандық компаниялардың қатысып отырғаны қуантады.
Көрме аясында өтіп жатқан «OilTech Atyrau» техникалық конференциясының жұмысы сала мамандарымен қатар жұртшылықтың да қызығушылығын туғызуда. «Атырау облысының Қазақстанның саяси және экономикалық дамуындағы рөлі», «Қазақстанның барлау және өндіру секторын стратегиялық дамытудағы мемлекеттің рөлі», «Су ресурстары мен төкпе суларды басқару: шешімдер және технологиялар», «Батыс Қазақстан аймағының шебінде инженерлік-геологиялық (геоэкологиялық) зерттеулер жүргізу концепциясы», «Қазақстанның мұнай өңдеу өнеркәсібін дамыту: нақты мысалдар Атырау мұнай өңдеу зауыты» сынды тақырыптарды қамтыған конференция жұмысына жергілікті мамандардың аса қызығушылықпен қатысуы түсінікті.
Еліміз экономикасының дамуында мұнай-газ өнеркәсібінің рөлі басым. Өндірістік қуаттардың өсуі және көлік инфрақұрылымының кеңеюі мұнай-газ саласында қазақстандық және шетелдік серіктестер арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етуде. Жалпы еліміздің дамуында Батыс Қазақстан аймағының, оның ішінде Атырау өңірінің өркендеуінің маңызы ерекше. Мұны Атырауда өткізіліп отырған мұнай-газ іс-шараларына деген қызығушылықтың жылдан жылға артып отырғандығынан көруге болады.

891 рет
көрсетілді0
пікір