Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 20 Ақпан, 2020

Алматыда әйелдер кәсібін қолдауға арналған «Women in Business» форумы өтті

Бүгін Алматы қаласындағы  Doubletree by Hilton Almaty қонақ үйінде әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға арналған «Women in Business» форумы өтті.  Шараны кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды. Осымен екінші рет өткізіліп отырған жиынның бас серіктесі «Қазақстан Халық Банкі» және ақпараттық, ұйымдастырушылық қолдау көрсеткен - Қазақстан Баспасөз клубы.

Форум барысында тәжірибелі сарапшылар шараға қатысуға ниет білдірген 300-ге тарта кәсіпкер қыз-келіншектерге бизнес ортаны дамыту,кәсіпті қаржыландыруға қатысты қолжетімді бағдарламалар, жеңіл өнеркәсіп және Алматы шаһарындағы креативтік индустрия, қаланың инфрақұрылымын дамыту, салық төлеу және өзге де жеке кәсіпте кездесетін әлеуметтік, экономикалық мәселелерге қатысты кеңес беріп, осы саладағы көкейкесті мәселелерді өзара талқылады.

Алқалы жиынды алып шаһардың басшысы, әкім Бақытжан Сағынтаев ашты. «Ер адамдар бұндай жерде сөзді неден бастайды? Әрине, әдеміліктен. Бүгін ең әдемі шара, өйткені әйелдер бизнес, болмаса басқа қандай да бір салада жүрсе де, ең алдымен олар әдеміліктің нышаны», - деген көңілді сөздермен бастады. Сондай-ақ, Б.Сағынтаев алғаш рет Іскер әйелдер Ассоциациясымен 1998 жылдары Жамбыл облысы әкімшілігінде қызмет істеп жүргенде өзара байланысының басталғанын, осы салмен 20 жылға жуық уақыттан бері жақсы таныс екенін тілге тиек етті.

«Біз әкімшілікте іскерлік кеңес құрдық. Ол түрлі бағытты қамтиды. Ол Алматы қаласының даму стратегиясына қатысты жеті бағыты жүзеге асыруды өз жауапкершілігіне алып отыр. Бір комитетті Үміт Болатханқызы өзі басқарып отыр. Жақында біз барлық комитеттердің басшыларын тыңдадық, сонда ер адамдар басқаратын комитетте 2-3 адам жұмыс істейді, ал Үміт Болатханқызы жалғыз. Барлық жауапкершілікті бір өзі алып отыр. Сондықтан, бүгінгі іскер әйелдерді өзара бірлесіп жұмыс істеуге осы комитетке шақырамын. Онда біз меніңше, өзекті деген түрлі мәселелерді талқылаймыз. Осындай істерге сіздердің белсенділіктеріңіз қажет» - деді. Сондай-ақ, әкім Алматы қызмет көрсету қаласы болғандықтан, осы салада қолға алатын жұмыстар өте көп екенін, сол себепті де басқа да бизнес көздерін тауып, кәсіппен айналысуға болатынын, ондай маңызды шараларға әкімшілік қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Атамекен ҰҚП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова: «Біздің елімізде бизнестегі әйелдердің саны артып келеді. Алматыдағы бизнестің 45 пайызын әйелдер басқарып отыр. «Атамекен» ұйымдастырып отырған бизнеске бейімдеуге арналған оқуларға әйелдер қауымы үлкен қызығушылық танытып отыр.Оған дәлел,  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанда 75 мың адам оқыса, олардың 40,7 мыңы әйелдер. «Бастау» жобасы бойынша курстан өткен 55 мың адамның ішінде 30,5 мыңы әйелдер. Сондай-ақ, «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 20 мың түлек шықса, оның 10 000-нан астамы әйелдер қауымын құрайды»,  - деді.

Форум бағдарламасында сән индустриясында жүрген креативті экономика өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, бизнестің тиімділігін арттыруға қатысты тәжірибе алмасу мен шеберлік сабақтарын өтті. Бір əттеген-айы, еліміздің маңдайалды белсенді бизнес өкілдерінің басын жинап, кең ауқымда ұйымдастырылған шараның бастан аяқ орыс тілінде өткені қынжылтты. Алдағы уақытта еліміз үшін маңызы зор шараларды ұйымдастырушылар осы мəселені ескерсе деген тілек бар.

 

Гауһар Түстікбаева

Бейнематериалды әзірлеген: Жанарбек Әлихан

277479 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз