- TENGE MONITOR
- 08 Сәуір, 2010
Егінжайдан ескен леп
Диқан қауымы асыға күткен сәт те келіп жетті - сәуірдің алғашқы күндерінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде көктемгі егіс басталып кетсе, қасат қардың көбесі әлі сөгіле қоймаған солтүстікте дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Еңбек майданындағы қарбалас туралы суыт деректер ақпарат көздерінен сәт сайын түсіп жатыр. Сыр өңірінде көктемгі егіс жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда 31242 гектар алқапқа себілген ескі жоңышқаның 9698 гектары тырмаланды. Әзірге бұл жұмыстар Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласы шаруашылықтарында қызу қарқынмен жүріп жатыр. Оңтүстіктегі 2 ауданда күздік бидайды тырмалау мен үстеп қоректендіру жұмыстары жер ортадан ауды. Ал Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарында ескі жоңышқаны тырмалау жұмыстары жақын күндерде қолға алынады.
Өңір алқаптарында жоңышқа, мақсары және бидай егу басталып кеткен. Жоспарланған 17192 гектар жоңышқалықтың бұл күндері 4806 гектарына тұқым себілді. Бұл бағытта да оңтүстіктегі аудандар көш бастап тұр. Жаңақорған мен Шиелідегі ауа райының қолайлылығы шаруаларға үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Дегенмен Жалағаш, Сырдария, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласы шаруашылықтарының да қарқыны тәуір.
Ағымдағы жылға 2506 гектар мақсары егісі жоспарланған болатын. Нақты кезеңде сырдариялық диқандар үдедегі 608 гектар мақсары егісін аяқтауға жақындады. Жалағаш және Қармақшы ауданы еңбеккерлерінің атқарған жұмыстары да осы көрсеткішке жетеқабыл. Биыл аймақ диқандары 1912 гектар жерге бидай егуге әзірлік жүргізген еді. Дер кезінде қолға алынған шаралар нәтижесіз емес. Қазіргі уақытта егістің ауқымды бөлігі еңсерілді.
Жамбыл облысының көктемгі дала жұмыстарына толық әзірлігі туралы облыс әкімі Қанат Бозымбаев республикалық селекторлық кеңесте мәлім етті. Әкімнің айтуынша, климат жағдайына байланысты егін егу науқаны әдетте басқалардан кеш басталатын Жуалы ауданынан басқа, барлық аудан көктемгі дала жұмыстарына кірісіп кетті. Дәнді және басқа да дақылдар егілетін аумақ бұрынғы деңгейее сақталады. Есесіне, өңірде қант қызылшасының ауданы 6 мың гектарға дейін арттырылып отыр. Жалпы облыс бойынша техниканың әзірлігі 90 пайызға жуық, тұқымдыққа сұраныс толық қамтамасыз етілген, арзандатылған отын мәселесі де шешімін тауып отыр.
Ағымдағы жылдың көктемінде Ақмола облысы бойынша 4,5 миллион гектар алқапқа дәнді дақыл тұқымы себілетін болады, бұл өткен жыл деңгейіндегі көрсеткіш, деп хабарлайды дерек көзі. Өңір егіншілерінің аймақтық басқосуында атап көрсетілгендей, өткен жылы диқандар бес миллион тоннадан астам алтын астық жинап, оның 1,6 миллионы сатылған. Биыл негізінен майлы және бұршақтық дақылдарға басымдық берілетін болады. Дала жұмыстарын өз деңгейінде, жоғары агротехникалық талаптарға сай өткізу мақсатымен жанар-жағар май мәселесі шешімін тапқан. Қолда бар техниканың 95 пайызы әзір етіліп, лизинг бойынша жаңадан 46 себу кешені, 165 астық комбайны сатып алыныпты. Жалпы, аймақтың ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдау аясында 3,6 миллиард теңге қарастырылған.
Қолайсыз табиғат құбылыстары мен төтенше жағдайларда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көмек көрсету, республиканы тұқымдық материалмен тұрақты қамтамасыз ету үшін 100 мың тоннадай тұқымның мемлекеттік қоры құрылды. Сорт алмастыру және сорт жаңарту мақсатында өсірілетін элиталық тұқым өндіру және сату көлемі республика бойынша жылына алғанда 54-58 мың тонна деңгейінде тұрақтандырылды, бұл барлық қажеттілікті толық қамтиды. Тұқым шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету үшін өткен жылы республикалық бюджеттен
1260,0 млн. теңге бөлінді. Осы шаралардың барлығы республикаға 6 мың тонна бірегей тұқым мен 60 мың дана жеміс ағаштарының көшеттерін өсіруге және ауыл шаруашылық тауарын өндірушілерге 40% арзандатылған 53 тонна элиталық тұқым өсіруге, жеміс-жидек ағаштарының көпжылдық екпелерін отырғызуға және тағы басқа қажетті шаралар өткізуге мүмкіндік берді.
Мұрагер Сералы

1270 рет
көрсетілді0
пікір