- TENGE MONITOR
- 08 Сәуір, 2010
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов: Ауыл-аймақ қарқынды даму жолына түсті

Қазақстанның теріскей сұлу төрінде қоныстанған қалың елдің қазіргі тіршілік-тынысы өзіміз көріп жүргендей басқа өңірден ерекшеленбейді. Жылына бір рет ауыл жаққа барып тұрамыз. Берекелі ауыл, дастархан толы дәмді тағам. Бір қызығы, қазағынан орысы басым менің туған өлкемде дастарханда үнемі ұлттық тағам тұрады. Қыста барсаң сары соғым, қазы-қарта, жал-жая, құрт-көже. Жазда барсаң сүр, балдай қымыз, сары май, ірімшік, айран-қатық, балқаймақ. Қоспа-женті тағы бар. Осының бәрі төрт түлікті тел емгеннен. Өздеріңіз білетіндей, солтүстік өңір өндірісті-аграрлы аймақ. Облыстың қазіргі қауқары, даму қарқыны, өзекті мәселесі туралы қалың оқырманға әңгімелеп беру жөнінде «Экономика» газеті Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләловқа қолқа салған еді. Бүгін назарларыңызға сол сұхбатты ұсынып отырмыз.
– Серік Сұлтанғазыұлы, Солтүстік Қазақстан облысы – астықты аймақ. Көктемгі егіс науқаны болса, келіп қалды. Ауыл шаруашылығы егістік жерлерінің сапасы жыл өткен сайын нашарлай түсіп отырғанын көріп отырмыз. Осы ретте жерді құнарландыру жұмысы қандай деңгейде жүріп жатыр?
– Дұрыс айтасыз, астық өндірісі – облыс экономикасының басты саласы. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ауыл шаруашылығының тиімді дамуын қамтамасыз ететін аграрлық саясатының арқасында біз барлық бағыттар бойынша оң өзгерістерге қол жеткіздік. Аграрлық сектордағы әлеуетіміз нығая түсуде, осыны біз техникалық қайта жарақтандыру, ғылым жетістіктерін енгізу және озық тәжірибелерді қолданудан көре аламыз.
Облыста пайдаланылып отырған ауыл шаруашылық маңызы бар жердің көлемі 6,7 млн.гектар. Ал егістік жер мөлшері 4,6 млн.га.
Соңғы үш жыл ішінде тыңайған жерлер мен жерді түбегейлі жақсарту нәтижесінде егістік көлемі 432 мың га артты.
Осы жылы ауыл шаруашылық дәнді дақылдарды егетін егіс көлемі 4,5 млн.га жеткенін айтқым келіп отыр.
Егіннің сапасын арттыру үшін ылғалды сақтайтын жаңа технологияларды енгізумен бірге тыңайтқыштың жаңа түрін пайдаланудың маңызы зор. Егер 2006 жылы ылғалды сақтайтын технологиялардың 500 мың га. жерге пайдаланылса, 2009 жылы жаңа технологиялар 2,9 млн. га жерге, анығырақ айтқанда, 6 есе мөлшерде артық енгізілді. Биыл осы технологиялар бойынша игерілетін егістік көлемі 3 млн.га жетті.
Өздеріңіз білесіздер, жердің құнарлығы мен егіншілік сапасын арттыру бағытында бұдан басқа қосымша жұмыстар мен қызметтер қажет етіледі. Мысалы, ішкі рыноктың төменгі сыйымдылығын ұлғайту, ауыл шаруашылығы машина паркін жаңарту қажеттілігін ескеруге тиістіміз, өсімдіктерді қорғау қондырғыларының жаңа буынын игеру міндеті де тұр. Бұған егістік жерлердің агрофизикалық және агрохимиялық қасиеттерінің нашарлауы да әсер ететінін естеріңізге сала кеткеннің артықтығы бола қоймас.
Өткен ғасырдың аяғында егістік жерлерді қарқынды, үздіксіз пайдалану топырақ құрамындағы қарашіріктің нашарлауына әкеліп соқты. Сондықтан жыл сайын шамамыз келгенше егістік жерлерді күтіп-баптауға бар күшті қолданамыз. Мәселен, жыл сайын дәнді дақылдарды жинау барысында 4 млн. га дейін көлемге 3,5-4 млн. тонна сабан мен басқа да қалдықтарды төгеміз. Осындай іс-шаралар нәтижесінде облыс жыл сайын астықтың республиканың жалпы түсімінен 25-28%-ға артық өнім өндіруде.
– Былтыр диқандар астықты өткізе алмай қиналды. Облыстық әкімшілік осы мәселені шешуді қолға алды ма?
– Өткен жылы облыс диқандары 6 млн. тоннадан астам бидай жинады.
2009 жылғы күзгі жиын-терін кезіндегі ауа-райының қиын жағдайын есепке ала отырып, біз ауыл шаруашылық тауар өндірушілері және астықты қабылдау кәсіпорын басшылары арасында
келісім-шарт жасауға ұйытқы болдық. Бұрындары бидайды кептіру бағасы бір тонна үшін 180 теңге болса, енді 80 теңгеге дейін арзандады. Мұның өзі бидайды уақтылы өңдеуге және оның сақталуын қамтамасыз етуге жағдай туғызады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2009 жылғы бидай өнімін сатып алуға қосымша қаражат бөлінген болатын. «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ облыс бойынша 1354 мың тонна бидайды заңды тұлғалар үшін тоннасын 18500 теңгемен, ал жеке тұлғалар үшін 16300 теңгемен сатып алынды.
Солтүстік өңір бидайының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатымен және Қара, Балтық теңіздерінде кеме қозғалысын арттыру үшін Ресей Федерациясы аймағында бидай тасымалдауын 20 долларға арзандатуға қосымша қаражат бөлді.
Қазіргі уақытта астықты тиеу мәселесі соңына дейін шешілген жоқ. Облыс қырмандарында 2 млн. тоннадан астам бидай жатыр. Соның ішінде 1 млн. тоннадан астам бидай «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-на тиесілі. Бұл астықты қабылдау кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасын уақтылы дайындауды тежеуде және бидайды қабылдауға кедергі болуда.
– Облыста қырманның (элеватор) аз екенін білеміз. Алдағы уақытта олардың құрылысын бастау жоспарда бар ма?
– Өткен жылы астық жинау науқанында 3 млн. 246 мың тонна өнімді лицензиясы бар 49 қабылдау кәсіпорыны қабылдап алып, сақтады. Былтыр облыс бойынша дәнді дақылдардың рекордтық өнімі шықты. Бастапқы салмақтағы орташа өнімділік 1 гектардан 16,6 центнерді құрады. Бидайдың жалпы түсімі бастапқы салмақта 6,4 млн. тонна болды. Егістік жерлердің көлемін, сапасын жетілдіруге және ауыл шаруашылық дәнді дақылдардың өнімділігін арттыруға, сондай-ақ облыста элеваторлық жабдық атаулының тозуына байланысты 2006 жылдан бастап «Техникалық қайта жарақтандыру бағдарламасы» іске асырылуда.
Қолданыстағы элеваторларды қайта құру, жаңа астықты қабылдау кәсіпорындарының құрылысы есебінен соңғы үш жылда өндірістік сыйымдылықтар 400 мың тоннаға арттырылды, кептіргіш шаруашылықтардың өнімділігі тәулігіне 68 мың тонаға өсті. 2008-2009 жылдары тәуір жұмыс жүргізілді, 200 мың тонналық сыйымдылыққа 10 нысан қолданысқа берілді. Өткен жылғы науқан қуаттылықтардың жеткіліксіздігін көрсетті. Биыл элеваторларды одан әрі жаңарту бойынша басқа да жұмыстарды қолға алмақпыз. Мысалы, Ащыкөл элеваторында «Богви» ЖШС компаниясымен бірлесіп жаңа инновациялық жоба іске асырылды, ол 60 мың тонна сыйымдылықпен астықты қабылдау, кептіру, өңдеу, сақтау және тиеу жұмыстарын бірдей атқарады. Булаев қаласында осы инвестормен 40 мың тонна сыйымдылықпен астықты қабылдау кәсіпорындарының құрылысын салу көзделуде. Сондай-ақ Петропавл қаласында 2 модульдік элеватор салынбақшы. Шал ақын ауданында «Қазэкспортастық» фирмасы, «Жаркөл» ЖШС екі қырман салуға ниетті, «Зенченко және К» компаниясы Аққайың ауданындағы Смирново ауылында астық қабылдау кәсіпорынының құрылысын салуды ұйғарып отыр.
Осы жобалар астықты қабылдау кәсіпорындарының сыйымдылығын биыл 200 тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
– Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда облыста қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Экономикада шағын бизнестің маңызы үлкен екенін бәріміз жақсы білеміз. Қолдан келгенше кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын шешіп беріп, оларды құқықтың, салықтық, қаржылай қолдайтын бағдарламаларды жүзеге асыруға тырысамыз. Кәсіпкерлердің беделін арттырып, қызметін ынталандыру мақсатында жыл сайын «Үздік инновациялық жоба», «Алтын сапа» және «Үздік кәсіпкер» өңірлік конкурстары өткізіледі.
2009 жылы екінші деңгейлі банктердің бизнесті кредиттеу көлемін 2,9 есе кемітуіне байланысты мемлекеттің өзі кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсетті. Даму институттары арқылы, атап айтқанда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы, облыстың 135 шаруашылық етуші субъектісі өз бизнес-жобасын іске асыруға 4,6 млрд. теңгенің кредитін алды. Өткен жылы шағын және орта бизнесті микрокредиттеу үшін облыстық бюджет қаражатынан 50,0 млн. теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры арқылы 22 ауылдық кәсіпкерге қаражат берілді. Барлығы облыстың қаржы ұйымдары 2009 жылы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бизнесті дамытуға 13,3 млрд. теңгенің кредитін берді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ 2009 жылы 4,1 млрд. теңгенің ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтардың 225 бірлігін лизингке берді.
Көрсетілген мемлекеттік қолдау 2009 жылы облыста жұмыс істейтін белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санының 4,8%–ға артуына мүмкіндік берді. Қазір облыста олардың легі 24 мыңнан асады. Шағын және орта бизнеспен шұғылданатындар саны 4%–ға өсіп, 69,3 мың адамға жетті (орташа республикалық көрсеткіш 3%-ға артты). 2009 жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 124,4 млрд. теңгенің өнімі шығарды, 2008 жылмен салыстырғанда өсім 3,6% болды.
– Соңғы жылдары ел ішінде мал басының көбейіп келе жатқанын білеміз. Солтүстік Қазақстан облысында осы сала шаруашылықтары қалай дамуда? Асыл тұқымды мал басын көбейтуде жетістік бар ма?
– Облысымызда «Мал шаруашылығы саласы дамуының 2006-2010 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы» әзірленді және іске асырылуда. Мұның басты мақсаты бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіруге мүмкіндік беретін қазіргі заманғы технологияларды енгізу, жаңа өндірістерді ашу. Бағдарлама жемісін бере бастады. «Зенченко және К» серіктестігіндегі қазіргі заманғы сүт кешенін салса, «Баско» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шошқа өсіру кешенін айтуға болады. Сондай-ақ «Петропавл бройлер фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі табысты жұмыс істеуде. «Тайынша-Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүт кешені құрылысының бірінші кезеңі аяқталды.
Ірі және орта тауарлы өндірісті одан ары құру мақсатында облыста «Зенченко и К» командиттік серіктестігі, «Столыпинское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Леонов» шаруа қожалығы, «СБИ-Агро-Ташкентка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Редин» шаруа қожалығында қазіргі заманғы технологиялар енгізіп, жабдықтар орнату мақсатында қайта жасақтау жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларын жаңғырту жөнінде айтарлықтай істер тындырылды.
Облыста етті ірі қара мал шаруашылығы саласы екпін алуда, 2009 жылы қазақтың ақ бас тұқымын өсіретін жаңа 5 ферма ашылды.
Облыстың асыл тұқымды мал шаруашылығы негізін 25 шаруашылық субъектілер құрайды, оның ішінде үшеуі асыл тұқымды зауыттар. Асыл тұқымды төл және жұмыртқаны сатумен 23 шаруашылық айналысады.
Асыл тұқымды мал басын көбейту, жаңа фермалар ашу мақсатында 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысынан 125 қазақтың ақ бас тұқымы, Канададан голштинофриз тұқымынан 580 бас әкелінді.
– Солтүстік Қазақстан облысында соңғы кездері қандай өнеркәсіп орындары ашылды? Бір кездері биоэтанол өндірісі ашылғанын білеміз. Бұл өндіріс орнының қазіргі тағдыры қандай?
– Біздің облысымызда машина жасау саласы тәуір дамыған десек артық айтпағандық шығар. Мұндай кәсіпорындардың өздері шығаратын өнімдеріне халықаралық сәйкестік сертификаты бар. Экономиканы әртараптандыру барысында бұл салада көліктік және мұнай-газ машина жасау сияқты негізгі бағыттар түзілді.
«ПАМЖЗ» АҚ шығаратын 3000 метрге дейінгі тереңдіктегі мұнай-газ ұңғымасын бұрғылауға арналған жылжымалы бұрғылау кешендері, «Мұнаймаш» АҚ-ның ұңғымалық қарнақтық сорғысы, «Киров атындағы зауыт» АҚ-ның автоматика қондырғылары, «Қазмұнайгазмаш» АҚ-ның мұнай-газ шығару, тасымалдауға арналған ұңғыма ернеуінің жабдығы мен құбыржол арматурасы, «Поиск» Венчурлық фирмасы» ЖШС шығаратын мұнай сорғысына жинақтаушылар – облыстың машина жасаушыларының мұнай-газ кешеніне арналған өнімдері Қазақстанның кен орындарында табысты пайдаланылып жатыр.
Қазіргі кезде «Киров атындағы зауыт» АҚ цифрлық теледидарды енгізу жөнінде жоғары технологиялық әзірлемелерді дайындауда, оның аясында эфирлік цифрлық теледидарды қабылдауға арналған STB1820 құрылғысы; цифрлық теледидардың DVB-S хабарлаушысы, серіктік арқылы қабылданатын цифрлық теледидар бағдарламаларын жеткізуге арналған шағын елді мекендерде орнатылатын DVB-T сияқты жаңа өнім түрлерін игеру жоспарланып отыр.
Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына «ЗИКСТО» АҚ-ның жүк вагонының перспективалық түрлерін әзірлеп, өндіріске енгізуі жөніндегі үш жобасы кірді.
2006 жылы іске қосылған биоэтанол шығару жөніндегі өндірістік кешенге қатысты айтарым, кәсіпорын жұмысын жүргізіп жатыр. 2009 жылы 9,7 мың тонна отындық этанол шығарды, бұл 2008 жылғы өндіріс көлемінен 3,6 есеге артық. Биылғы жылдың қаңтарында 996 тонна өнім шығарды, бұл 2009 жылғы қаңтар көрсеткішінен 24,7%-ға артық. 2008 жылы кәсіпорын Е-5 мен Е-7 халықаралық стандарттарына сәйкес келетін жақсартылған экологиялық сипатымен БЭ-92 және БЭ-95 маркалы биоэтанол бензині өндірісін игерді.
2009 жылы жылына 40 мың тонна өндірістік қуатымен бидай крахмалын шығару жөніндегі желіні пайдалануға беру есебінен өндірістік кешен құрылымы мен бидай өңдеудің ақтық өнімдерінің ассортименті кеңейтілді.
– Облыста ауыз су мәселесі қалай шешілуде?
– Сумен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталсақ бұрынғыша біздің облыс үшін таза ауыз су өткір, өзекті мәселе. Оған ерекше көңіл аударуымыз кездейсоқтық емес. 2009 жылы “Ауыз су” бағдарламасының аясында су шаруашылығы іс-шараларын іске асыруға 3 млрд. жуық теңге жұмсалды, бұл 2008 жылғыдан 1,1 есеге артық, соның ішінде республикалық бюджеттен – млрд. 541 млн. теңге, жергілікті бюджеттен – 295 млн. теңге, Азия даму банкінің қарыз қаражаты – 1 млрд. 125 млн. теңге мөлшерінде болды.
– Солтүстік Қазақстан облысының ең өзекті мәселелерінің бірі – жол. Облыста жол салу, жөндеу жұмыстарына бюджеттен биыл қанша қаржы қарастырылды?
– Өңірімізде облыстық және аудандық маңызы бар жеті жарым мыңнан астам шақырым автожол бар. Оларды жөндеу мен ұстауға 2009 жылы 3 млрд. 542 млн. теңге бөлінген, бұл 2008 жылғыдан 1,6 есе артық. «Петерфельд-Архангелка-Новокаменка-А-16” автожолын қайта құру жалғастырылды. (14,2 шақырым). 31,2 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізілді. 2010 жылға Үкімет жергілікті маңызы бар авто-жолдарды қайта құруға және күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 1,7 млрд. теңге мақсатты трансферт бөлді. Облыстық бюджеттен облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу мен ұстауға 546 млн. теңгеден артық қаражат бөлінді. “Жол картасы” бағдарламасын жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін 2010 жылға республикалық және облыстық бюджеттен 645 млн. теңге бөлу қарастырылды. Жалпы өңірдің жол саласына 2,8 млрд. теңгеден астам көлемде қаржы бөлінеді.
– Солтүстік Қазақстан облысының тағы бір қордаланған мәселесі – мемлекеттік тіл. “Тіл сындыру” жағдайын қалай бағалайсыз?
– Сан ұлттың тағдыры тоғысқан өңірімізде ана тіліміздің тұғырын биіктету – жауапты іс. Бүгінгі күні мемлекеттік тілді білудің маңыздылығын түсіне білгендіктің арқасында қазақ тілін үйренемін деген азаматтардың қатары жылдан-жылға өсуде.
Өңірімізде мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тіліне үйрету Мемлекеттік тілді оқыту Орталығы арқылы ұйымдастырылып, жыл сайын қаржы бөлінуде. 2009 жылға облыстық бюджеттен бөлінген 17 млн. теңге қаржыға Мемлекеттік тілді оқыту Орталығы арқылы 67 топ, яғни 899 мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді оқып, үйренеді.
Сонымен қатар облыстық бюджеттен бөлінген 7 млн. теңге қаржыға 13 ауданда мемлекеттік қызметшілердің 83 тобын оқыту ұйымдастырылды. Облыстағы басқа кәсіпорын, мекемелерде 1000-ға жуық қазақ тілі үйірмесінде 13000 мыңдай тыңдаушы бар.
Бүгінгі күні барлық аудандарда мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері жанынан ересектерді оқытуға арналған жеке қазақ тілі кабинеттері жабдықталды. Олардың негізінде мемлекеттік тілді оқыту орталығының филиалдарын ашуға жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлініп отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің өтініші бойынша облыстық Мемлекеттік тілді оқыту Орталығы арқылы биыл 4-ші жыл 12 адамнан құралған тамамдаушы бір топта түрлі диаспоралар өкілдері оқытылады. Сонымен қатар Орталықта өз еріктерімен келген мемлекеттік емес мекемелерде қызмет етіп жатқан өзге ұлт жастары, үкіметтік емес бірлестіктер жетекшілері оқытылып жатыр.
Шетелдегі қандастарымызды бауырымызға тартып, өңірімізге орналастыру да – маңызды бағыттың бірі. Қандастарымызға қазақ және орыс тілдеріне үйрету мақсатында 2010 жылы Мемлекеттік тілді оқыту Орталығы арқылы 2 топты оқыту жоспарлануда.
Сонымен қатар балаларын қазақ мектептерінде оқытуға ынталы ата-аталар саны артуда. Бүгінгі күні қазақ мектептерінде әртүрлі ұлттардың 283 баласы білім алады. 2006 жылы облыстағы қазақ балаларының 52 пайызы ғана ана тілінде оқытатын мектептерге баратын. Өткен жылы бұл көрсеткіш 59,5 пайыз болды. Облыстағы 622 мектептің 148-і қазақ мектебі. Өткен оқу жылында оқушы саны азайып келе жатқан орыс мектептерінің екеуінде бастауыш қазақ сыныптары ашылды. Ағымдағы оқу жылында тағы алты мектепте қазақ тілінде бірінші сыныптар мен даярлық топтары бүлдіршіндерге құшақ жаяды.
Мемлекеттік тілді насихаттауға жүйелі түрде өткізіліп тұратын Абай, Мағжан оқулары, "Мемлекеттік тіл – менің тілім" көркемсөз оқу шеберлері байқаулары және әр аптаның бейсенбі күндері өтетін «Мемлекеттік тіл сағаттары» өз үлесін қосуда. Сонымен қатар жыл сайын Қазақстан халқы тілдерінің фестивалі аясында түрлі шараларды өткізу дәстүрге айналды.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және қолданылу аясын кеңейту жұмыстары Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылып, тиісті жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.
– Кезінде Сіз “Петропавл қаласы атауын қазір де, болашақта да өзгертпейді” деген мәлімдеме жасадыңыз. Мұндай мәлімдеме жасауға не түрткі болды?
– Қазақстан Республикасы Үкiметi жанындағы Ономастика комиссиясы тиiстi аумақ халқының, осы аумақтың уәкілетті және атқарушы органдарының пiкiрiн ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президентiне облыстарға, аудандарға, қалаларға ат қою және олардың атын өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi.
Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы тұрғындарынан қаланың атын өзгерту туралы ұсыныс облыстық ономастика комиссиясына түспеген.
Ұсыныс түскен жағдайда Қазақстан Республикасы заңнамаларымен белгіленген тәртіпте қаралатын болады.
Солтүстік өңірі – 130-дан астам ұлт өкіліне қоныс болып отыр. Біздің бірлігіміз – ең басты жетістіктеріміздің бірі. Және оны сақтап, нығайту - жұмысымыздың маңызды бағыты. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан өңірде тұрақтылық сақталуда, жаңа инновациялық жобалар жүзеге асырылуда, тұрғын үй құрылысы жыл сайын артуда, әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға мемлекет тарапынан төлемдер көлемі өсуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Солтүстікқазақстандықтар белгіленген міндеттерді орындауға бар күштерін салуға әзір.
– Әңгімеңізге рахмет. Еңбегіңізге жеміс тілейміз.
Сұхбатты жүргізген: Гүлзат Нұрмолдақызы.

1737 рет
көрсетілді0
пікір