- TENGE MONITOR
- 08 Сәуір, 2010
Ақорда БҰҰ Бас хатшысы – Қазақстанда
Қазақстан – өткен ғасырда-ақ ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі тұңғыш мемлекет. Егемен Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы жарлықтарының бірімен Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы әлемге жаңа тұрпатты мемлекеттің пайда болғандығын паш етті.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Қазақ еліне келген сапарын бұрынғы Семей сынақ полигонынан бастауы, біріншіден әлем жұртшылығының атом қаруы мен ядролық мемлекеттер қатарының өсе түскеніне қатты алаңдаушылығын көрсетсе, екінші жағынан бұл өз тәуелсіздігінің балаң шағында-ақ бейбітсүйгіш қадамдарымен жер жаһанға танылып қана қоймай, үлгі де болып үлгерген Қазақстанның ядролық қаруды ауыздықтау және оны таратпау ісіне қосқан және қосып отырған үлесін мойындау, құрметтеу екені анық.
Содан беріде егемен еліміз бен Елбасымыздың тарапынан жер жүзіндегі барша атом полигонын ауыздықтап, әлемде бейбітшілікті түбегейлі орнықтыру туралы нақты ұсыныстар жүйелі түрде айтылуда. Кешегі полигон астанасы Курчатов қаласының әлеуеті бейбіт мақсатқа орайластырылып, тұтасымен басқаша сипатқа ие болды. Елбасы жарлығымен мұнда алғашында Ұлттық ядролық орталық құрылса, бүгінде сонымен қатар ядролық технологиялар паркі жұмыс істейді. Мұнда алдағы таяу болашақта атом электр стансасын салу күн тәртібіне қойылған.
Курчатов қаласымен, Ұлттық ядролық орталық құрамындағы полигон тарихының мұражайымен танысып, сынақ жүргізілген тәжірибе алаңында болған Пан Ги Мун мырза сапар соңында жасаған мәлімдемесінде қуаты жағынан әлемдегі төртінші полигонның 1991 жылы Н. Назарбаевтың батыл шешімімен жабылуы көрегендік іс болғандығын атап көрсетіп, бүгінде ядролық қаруды таратпау ісінің белсенді жақтаушысына айналған Қазақстанның, оның Президентінің батыл қадамдарын жоғары бағалады, ядролық қаруға ие барлық мемлекеттерді Қазақстанның жолымен жүруге шақырды. Рымтай Сағынбекова

781 рет
көрсетілді0
пікір