Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 25 Шілде, 2011

Маңызы мол «Мәдени мұра» Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Әр халықтың құнды дүниесінің бірі, әрі бірегейі – оның мәдени мұрасы. Мыңдаған жылдардың тарихын таңбалап, өткен күннен белгі болып қалған тарихи-мәдени ескерткіштер, жазбалар, кешегі күн – бүгінгі тарихтан қандай да бір сыр шертетін деректер – баға жетпес асыл қазынамыз.

Ғасырлар арасын жалғастырып, алтын көпірге айналған мұраларымыз жоқ емес, жетерлік. Кешегі мен бүгінді, бүгін мен болашақты сабақтастырған бұл қазынаның орны қашан да ерекше екені де баршаға аян. Әр мәдениет көрінісінің жарқын келбеті болған мұраларымызды келер ұрпаққа аманаттау – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз.

Бүкіл бір ұлттың мәдениетінің, тарихының, білімі мен ғылымының, рухани қазынасының кішкентай көрінісі болған мәдени мұралар – кешегі күннің бір белгісі ғана емес, бүгінгі дамудың қозғаушы күші, оның негізгі бастауы, әрі нық қаланған негізі екені де сөзсіз. Сондықтан да осынау баға жетпес мұраларымызды қайта түлетіп, жаңғырту, елге танытып, келер ұрпаққа жеткізу үшін аянып қалмағанымыз абзал. Бұл ретте мұндай міндетті мойынына жүктеген бағдарлама – «Мәдени мұраның» атқарар шаруасы айтарлықтай екені де түсінікті.

«Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деген елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы әзірленген-ді. Тарихи-мәдени мұрамен хабардар етіп, оны қайта қалпына келтіретін арнайы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруды президент 2003 жылы сәуірде Қазақстан халқына жолдауында тапсырған болатын. Елбасының жолдауымен қабылданған бұл «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы – қазіргі Қазақстанның әлемдік өркендеуінің дәлелі.

Мәдени құндылықтарымызды тиімді пайдалану және сақтау жөніндегі жұмыстарды жоспарлы қаржыландыру жолында мәдени мұра саласындағы қордаланған жағдайларға барынша белсенді, сындарлы түрде кірісу қажеттігімен негізделген бағдарлама тарихи-мәдени дәстүрлерді қайта жаңғырту мен дамыту сабақтастығын, еліміздің мәдени мұрасын насихаттау, қолдану, сақтау және зерделеумен байланысты негізгі аспектілерді анықтайды. Сондай-ақ мәдени мұраны зерделеудің тұтас жүйесін жасауды, соның ішінде осы заманғы ұлттық мәдениет, фольклор, салт-дәстүрлер, жазба және ұлттық әдебиеттің ғасырлар бойғы тәжірибесін жинақтау, ғылыми және көркем сериялар құру бойынша, тарихи-мәдени ескерткіштерді реставрациялау, консервациялау және мұражайландыру, мәдени мұра мәселелерін топтастыратын материалдық-техникалық, ғылыми-зерттеулерді дамыту мен нығайтуды қарастырады.

Халықтың гуманистикалық курсы мен потенциалын көрсетіп, оның тарихи тәжірибесін байытып, болашақтың сенімді тірегі бола алатын «Мәдени мұра» бағдарламасын Нұрсұлтан Назарбаев «мемлекеттің мәдениетіне қолдау көрсететін стратегиялық ұлттық жоба» деп атады. Өз кезегімізде мәдени, экономикалық және әлеуметтік капитал, жалпы адамзаттық мәдениеттің құрылымдық бөлігі, этнос, қоғам, адам парасатының дамуы мен құрылуының бастауы, тарихи естеліктердің маңызды қоймасы – мәдени мұра екенін естен шығармайық.

2432 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз