- TENGE MONITOR
- 25 Шілде, 2011
Сапалы білім – келешек кілті Мақпал САҒЫНДЫҚ
Елімізде осыдан бір жыл бұрын халықаралық деңгейде бой көтерген жаңа білім ордасы ашылған болатын. Елорда тойының қарсаңында ашылған «Назарбаев университеті» - өркениетті білім жүйесін қалыптастырған, озық үлгідегі оқу орны. Білім ордасының ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Астананың жаңа университеті қазақстандық бірізділікті, үздік халықаралық білім беру моделін, ғылыми практикасын үйлесімді қамтитын ұлттық брэнд ретінде құрылуы тиіс», - деген болатын.
Есіл өзенінің сол жағалауында Астана университетінің оқу ғимараты, студенттер жатақханасы мен білім беретін ұстаздарға арналған тұрғын үйлер орналасқан. Былтырғы жылдың 27 қыркүйегінде «жүзден жүйрік, мыңнан озық» жастарды қабылдаған университет – Қазақстандағы теңдесі жоқ білім ошағы саналмақ. Білім беру жүйесі мен құрылымы да айтарлықтай ерекше, себебі Астана университетіне шетелден арнайы профессорлар келіп, ғылыми тәжірибелерін үйрету мақсатында қызықты дәрістер оқиды. Үстіміздегі жылдың мамыр айында химия саласы бойынша 2006 жылы Нобель сыйлығының лауреаты, доктор Роджер Дэвид Корнберг және экономикадан 2005 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атанған израилдық доктор Исраэль Роберт Джон Аумани «Назарбаев университетіне» дәріс оқып қайтты. Ұзақ жылдық еңбек жолындағы мол ізденістері мен әлемді «таңқалдырған» тәжірибе жұмыстарымен қазақстандық студенттерді таныстырды. Әлемнің айтулы ғалымдары ат басын тіреген «Назарбаев университетінде» қазіргі таңда жан-жақты білім алып жатқан төрт мыңнан астам ізденушілер оқиды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің бұйрығымен 2010 жылдың 7 шілде айында жаңа білім ордасы «Назарбаев университеті» атауына ие болды. «Жаңа университет құру – бұл еліміздің, көпшілік қазақстандықтардың дамуына ауқымды жүйені құрайтын, ықпал ететін маңызды ұлттық жоба. Серіктестер ғылыми бағдарламаларды, біздің оқытушыларымыздың сапасын бақылау жүйесін қалыптастыру бойынша ықпал етуі тиіс. Университеттің пәндерін экономиканың басымдылықтарын ескере отырып, белгілеу қажет. Бұл оқу орны Қазақстанда дамыған сала үшін ең үздік инженерлік қызметкерді дайындауы керек. Мамандықтардың бір қатары – генетика, биохимия, биофизика – жаңа бағыттағы ғылыми қызметкерлерді дайындауға бағытталуы тиіс. Осыған орай университет әр студенттің қызмет өсуін нақты көздеу қажет», - деді Елбасы.
Жақында «Назарбаев университетінде» еліміздегі жоғары білім мәселелеріне арналған «Университетті басқарудың жаңа жолдары» атты дөңгелек үстел отырысы өткен болатын. Аталған шараға Назарбаев университеті, Пенсильвания университеті, ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері мен еліміздегі жоғары оқу орындарының ректорлары, сарапшылар мен ғалымдар қатысты. Дөңгелек үстел барысында Қазақстандағы жүргізіліп отырған жаңа білім жүйесінің оқытылуы мен зерттелуі жайында мәселелер көтеріліп, жан-жақты талқыланды. Еуразия кіндігінде орналасқан Астана уни верситетінің бой көтергеніне жылға жуық уақыт болды. Осы аз мезгіл ішінде университет шетел білім ордаларымен байланыс орнатып, серіктестік құрды.
Отандық білім ғимараты әлемнің «үздік» деп танылатын 30 білім ошағымен ынтымақтастық орнатты. Яғни қазақстандық студенттерге 1 оқу семестрінен бастап, 2 жылға дейін шетелдік жоғары оқу орнында –серіктестікте білім алуға жағдай жасалған. Бұл тамаша жетістіктердің барлығы ең алдымен тәуелсіз Отанымыз – Қазақстанның егемендігінің, азаттығының арқасында орын алған елеулі оқиғалар. Елбасы Н. Назарбаевтың еңселі еліміздің ертеңін «ертегіге» айналдыруда атқарған еңбегі ерекше. Өз есімімен аталатын жаңа білім ордасының ашылу салтанатында сөз алған Елбасы: «Қаламыздағы Л.Г. атындағы Еуразия ұлттық университеті еліміздегі ең бастауыш білім ордасының бірі болып саналады. Бірақ бұл жаңа университеттің мағынасы мен жағдайы мүлде басқа. Енді Қазақстандағы білімді жастарды «Болашақ» бағдарламасы негізінде инженерлік-техникалық және медициналық мамандыққа оқыту жүйесін «Назарбаев университеті» өз қарамағына алатын болады. Себебі әлемнің үздік профессорлары бізге келіп, сабақ өткізеді. Бұл университетті тәмамдаған түлектер Қазақстанда да, шетелде де қолданысқа енетін диплом алып шығады. Осы білім ордасын менің атыммен атауға келісім бердім, сондықтан ұятқа қалдырмаңдар!», - деген еді. University College London ережесі бойынша Қазақстанның ең үздік деп танылған төрт мыңнан аса оқушылар арасынан студенттер таңдап алынды. Қазіргі күні «Назарбаев университетінің» оқытушылары заманның озық үлгідегі технологияларын қолдана отырып, студенттердің білім көкжиегінің кеңеюіне сүбелі үлес қосып отыр. Елбасы есімімен аталған «Назарбаев университеті» – тәуелсіз Қазақстанның ерінбей жеткен жетістігінің бірі. Егемендіктің көк туы астында келешекке бастар дара жолдың иесі де – қазақ жастары екені анық. Еліміздің ертеңгі болашағы да зиялы, рухшыл жастардың қолында. Өршіл мінезді, жаны жігерлі, ойы ұтқыр азаматтарды тәрбиелеуде Астана университетінің еңбегі орасан. Тәуелсіздіктің тұғырлы жемісі болып саналатын бұл білім ордасының келешегі кемелдене түсетініне ешкім шүбә келтірмес.
Елбасы биылғы Жолдауында: “Жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға сай болуы керек. Еліміздегі жоғары оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің қатарынан көрінуіне ұмтылуы керек”,- дей келе, Астанадағы жаңа білім ошағына ерекше басымдық берген еді. Бүгінгі таңда бұл оқу орны өз жемісін беріп келеді. Сондай-ақ мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім ордасының ашылған мезетінде бұл оқу орны кеңес үкіметінен кейінгі кеңістікте баламасы жоқ жаңа білім беру жобасының іске қосылуы екендігін атап өткен болатын. Елімізде Президенттің “Болашақ” халықаралық бағдарламасының жақсы жұмыс істеп жатқандығын, талапкерлер әлем елдерінің белді де, беделді оқу орындарын бітіріп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүргенін, ендігі жерде мұндай үрдіс өз мемлекетімізде де орнығатынын атап өтті. Келешекте түлектер тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне талабы мен талантын ерінбей жұмсайтынына сенім білдіріп, өзінің атымен аталатын жаңа оқу орнына сай білім алу - әрбір жастың азаматтық парызы екендігін қадап айтты.Осы арада Елбасы университеттің аясында Астанада үш жаңа ғылыми орталық, яғни өмір туралы ғылымдар орталығы, балама энергетикалық орталығы, халықаралық аспаптық орталығы жұмыс істейтінін де еске салу қажет. Елорданы білім мен ғылым қаласына айналдыру жолында Елбасының батыл қадамының бір жемісі саналатын бұл оқу орны Президенттің бастамасы бойынша талапкердің жан-жақты дамуы мен ой өрісінің ерекшелеуіне айтарлықтай үлес қосары анық. «Назарбаев университеті келешекте Қазақ елінің білімін барынша насихаттайтын ұлттық эталонға айналатын болады. Университеттің заманға сай архитектуралық құрылымы да батыс елдерінің озық үлгідегі сәулет өнерімен ұштастырылып жасалған. Университет ішіндегі барлық оқу корпустары бір-бірімен атриум арқылы байланысқан. Әлем назарын өзіне аударған бұл университеттен Қазақстанның болашағын әспеттеп, шуақты күндерін жарқыратын зиялы азаматтардың шығарына Елбасы зор сеніммен қарайды!
1040 рет
көрсетілді0
пікір






