- TENGE MONITOR
- 25 Шілде, 2011
Жаңа индустрияландыру - 2020 Жаңашылдығымен атағы жайылған аймақ Павлодар облысында Елбасы тапсырмасы елеулі түрде орындалуда
Былтыр Павлодар облысында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 30 жоба іске қосылды. Биыл барлығы 54 жаңа жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде. Соның ішінде жалпы құны 56,7 млрд теңге тұратын 12 жоба бірінші жартыжылдықта тапсырылады. Қазіргі таңда әр кездері іске қосылатын жалпы 144 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның жалпы сомасы 1 трлн. 125 млрд. теңгені құрайды. Ежелден өнеркәсіпті өңір болып саналатын облысымыз - Елбасының сеніп жүктеген индустрияландыру бағдарламасын орындауға айрықша үлес қосып отырған аймақ. Бір сөзбен айтқанда, Павлодар жерінде энергетика, машина жасау, тау-кен өндірісі, мұнай өңдеу, ауыл шаруашылығы тәрізді сан түрлі бағыттар бойынша ірі инвестциялық қадамдар жасалуда.
Елдің энергетика саласына екпін қосады
Индустрияландыру саясаты бойынша Павлодар облысында әртүрлі экономиканың маңызды салалары бойынша іргелі инвестициялық жобалар іске асуда. Соның бірі - энергетика саласына қатысты. Таяуда ғана Павлодар облысы тікелей телекөпір арқылы Елбасы мен елдің алдында Екібастұз ГРЭС-2 станциясының үшінші энергоблогының құрылысы басталғанын мәлімдеді. Аталмыш қуат бөлігін іске қосылуы нәтижесінде станцияның қуаттылығы бір жарым есеге, яғни 1000 мегаваттан 1660 мегаватқа дейін ұлғаяды. Құрылысқа 750 маманды жұмылдыру көзделген. Блокты пайдалану кезінде 300 адам тұрақты қызмет жасайды.
Тікелей эфир сәтінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев аталған инвестициялық жобаның тәуелсіз Қазақстан үшін әкелетін барлық игілігін, маңызын егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.
-Кеңес өкіметі ыдырағанға дейін біз жоспарланған 8 блоктың екеуін салып үлгердік. Қазір менің Ресей Президентімен келісімім бойынша, біз үшінші блоктың құрылысына кірісіп отырмыз. Елде қандай халықтық құрылыстың, қандай индустрияның салынып жатқанын сіздер көріп отырсыздар. Осы барлық индустрия электр қуатынсыз жұмыс істей алмайды. Екібастұз - Қазақстанның энергия өндірісінің негізгі көзі. Мен мұны нағыз халықтық құрылыс деп есептеймін. Бір миллиард долларға жуық инвестиция салынады. Одан басқа, Екібастұз ГРЭС-1 станциясында «Қазақмыс» компаниясымен бірлесіп жаңа блоктарды іске қосамыз. Осының бәрі ел экономикасының дамуына серпін береді. Халқымыздың өмірін жақсартуға септігін тигізеді. Жыл өткен сайын адамдарымыздың тұрмысы көркейеді. Бұл - өте үлкен кәсібилікті талап ететін жұмыс. Мен энергетиктердің үнемі өз ісінің маманы болғанын білемін. Бұл жолы да Ррсейлік компаниялармен бірлесе осы маңызды нысанды уақытында іске қосатындарыңызға сенемін, - деді ҚР Президенті.
Елбасы құрылысты бастауға құптау білдірген соң бірден өндірістің алғашқы бетоны құйылды. Қолдарына жалаушалар мен плакаттар ұстаған энергетиктер ұзақ уақыт қол шапалақтап, бастаманы қызу қолдады.
Шын мәнінде, әу баста станцияда энергия өндіретін 8 блок орнату жоспарланған. Алайда, жоспар аяғына дейін орындалмады. Еліміз дербестігін алған соң да бірден алып құрылысқа кірісу мүмкін болмады. Бірақ осыған дейін энергетиканы дамыту мәселелері бойынша өткен талай кеңесте Екібастұздың ГРЭС-2 станциясының үшінші энергоблогын салу қажеттілігі сөз болып келді. Ұзақ уақыт талқылаудан кейін нақты іске енді ғана қол жеткізіліп отыр.
Осыдан бір жыл бұрын, 2010 жылдың 5 шілдесінде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің қатысуымен өткен жиында «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ның инвестициялық жобасы бойынша Несиелік келісімге қол қойылды. Еуропа қайта құру және даму банкі мен ресейлік «Внешэкономбанкі» қаржы бөлуге келісті. «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дүйсембай Тұрғановтың мәлімдеуінше, жобаны қаржыландыруға «Халық банкі» де қатысады. Үшінші энергоблок құрылысына жалпы сомасы 113 млрд. теңге бағытталады. Жаңа блокты 2014 жылдың желтоқсан айында қолданысқа тапсыру көзделген. Қазірде ең алдыңғы кезекте құрылыс жұмыстарын жүрізетін бас мердігерлер тобы белгілі болды. Оның құрамында осыған дейін ТМД елдері бойынша ірі өнеркәсіптік құрылыс нысандарын тұрғызған (Нижнеквартовск ГРЭС-інде, Тюмень, Челябі жылу-элктр орталықтарында әртүрлі қуатты энергоблоктардың құрылысын жүргізген) «СВС Строй Сервис» ЖШС (Алматы қаласы), «Кварц – Новые технологии» (Мәскеу қаласы) және астаналық «Кварц KZ» серіктестігі.
«Кварц KZ» ЖШС директоры М.Афанасьевтің айтуына қарағанда, жаңа өндірістік құрал-жабдықтарды орнату үшін білікті мамандар еліміздің ғана емес, бұрынғы Кеңес одағына мүше елдердің түкпір-түпкірінен әкелінеді. Бұл құрылысшылардың қатарында жергілікті тұрғындар болмайды деген сөз емес. Іргедегі Солнечный кентінің талай тұрғыны энергоблокты салуға жұмысқа қабылданады. Бірақ кәсіби біліктілігі төмен мамандар болса, күрек ұстап, көмекші есебінде жүреді. Бастапқы кезеңде құрылысқа бір жарым мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Кейін жаңа өндіріс пайдалануға тапсырылған сәтте 300 адам тұрақты жұмыс табады.
Ең алдымен станция қуатының ұлғаюы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді. Тоқсаныншы жылдары қазіргідей энергияға деген сұраныс жоғары болады деп ешкім күтпеген болатын.
-Бүгінгі таңда экономикамыздың өсу көрсеткіші жыл сайын 5-6 пайызды құрап келеді. Электр қуатына деген сұраныс та осынша артып отыр. Тұтынушыларымыздың қажеттілігін түгелдей өтеу үшін осы блокты іске қосайын деп отырмыз, - деді берген сұхбатында Д.Тұрғанов.
Осы күні Екібастұз ГРЭС-2 станциясында жылына 5,5 млрд. киловатт/сағат электр қуат өндіріледі. 2014 жылы жаңа блок іске қосылса, көрсеткіш тағы 2-3 млрд.-қа еселенеді. Мамандар жаңа өндірістік бөліктің қуаты артық болатынын айтады. Жаңа технологиялық құрал-жабдыққа мән берудің нәтижесінде оның қуаты 600-660 мегаватқа жетеді. Салыстыру үшін айта кетелік, қазірде станцияда жұмыс істеп тұрған екі энергоблоктың әрқайсысы 500 мегаваттан ғана береді. Қазақстанда осыған дейін ешбір энергетикалық кәсіпорын немістің «Siemens», АҚШ-тың «WESTINhause», «General Electric», француздың «Alstom» секілді әлемге әйгілі өндірушілердің озық құрал-жабдықтарын пайдаланылған емес. Бұл жолғы жобаның ерекшелігі де сол, үздік технология елдің энергетика саласында алғаш рет іске қолданылады. Соның нәтижесінде жаңа энергоблокта тек қана өндіріс көрсеткіші өспейді. Сонымен бірге, шикізаттық шығын мөлшері азаяды. Бұрын 1 киловатт электр қуатын алу үшін шартты түрде 350 грамм отын жұмсалса, ендігі жерде оның көлемі 300 грамды құрайды. Екіншіден, өндіріске қоршаған ортаға тигізетін залалды кемітетін жаңа технологиялар енгізіледі. Бұрын қалдықтың – күкірт азотының мөлшері бір текше метрге алғанда 500 граммнан болса, енді оның үлесі 450 грамға дейін төмендейді. Жаңа жобада экономикалық тиімділікпен қатар экологиялық мәселе де ескерілген. Станцияның басқарма төрағасы Ғ.Сәлімжуаров тиісті дайындық істердің атқарылғанын мәлімдеді.
Қорыта келгенде, Елбасының қатысуымен өткен телекөпір шарасында Екібастұз ГРЭС-2 станциясы үшінші энергоблоктың құрылысын бастағанын мәлімдеді. Бұл, сөз жоқ, алып құрылыс. Жобаны «Самұрық-Энерго» мен «ИНТЕР РАО ЕЭС» мамандары қолға алды. Дәл осы қазақстандық және ресейлік компаниялар - Екібастұз станциясының иелері, әрқайсысы 50 пайыздан акцияларға ие. Бір электр станциясы өндірісінің кеңеюі Қазақстан экономикасының маңызды салаларын ғана емес, Ресейдің де электр қуатына мұқтаж аймақтарын қамтамасыз ететін болады. Айтпақшы, кезінде Екібастұз ГРЭС-2 станциясында 8 блоктың құрылысы жоспарланған деген сөздің қайта қозғалуы тегін емес. Жақын келешекте станция қожайындары 4-інші және 5-інші энергоблоктарын салу бойынша техникалық негіздемелер әзірлейтіндіктерін мәлімдеп үлгерді. Бұл алдағы уақытта алып құрылыстың жалғасы болатынын білдіреді.
Айтпақшы, биыл Павлодар облысы энергетикаға қатысты тағы бір инвестициялық жобаның тұсауын кесті. Бұл жолы облыс әкімі Б.Сағынтаевтың қатысуымен «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ Ақсу электр станциясында жаңартылған №2 энергоблок қайта іске қосылды.
-Елбасы тапсырмасы бойынша өткен жылдан бастап елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асып жатқаны мәлім. Павлодар облысыны энергетиканың жүрегі десе де болады. №2 энергоблокты модернизациялаудан өткізген Ақсу электр станциясының қадамы құптарлық. Бұдан біраз бұрын көтеріліп келген электр қуаты тапшылығы туралы сөз қозғаудың енді реті жоқ. 2014 жылға дейін өндірісті жаңғырту, техникалық жағынан қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізетін барлық кәсіпорындарға электр энергиясы жеткілікті болады. Жұмыс істеп тұрған өндірісті тоқтатпай, энергоблокты қайта қалпына келтіре отырып, станция батылдық танытты, деді Б.Сағынтаев салтанатты шарада.
Айта кетелік, Ақсу электр станциясының №2 блогы 1996 жылдан бері пайдалану мерзімі аяқталғаны себепті тоқтап тұрған болатын. 2008 жылы Еуразия табиғи қорлар корпорациясы (ENRC) аталмыш энергоблокты қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Жоба екі жылда жүзеге асты. Оған шамамен 250 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция жұмсалды. Ерекшелігі, энергоблокқа қажетті турбина мен қазандық, басқа да құрал-жабдықтар Ресейдің, Украинаның зауыттарынан арнайы тапсырыс бойынша әрі заманауи үлгіде дайындалды. Сондықтан энергоблоктың өндіріс қуаты бұрынғыдан артып, 325 Мегаватқа жетті. Арнайы жасалған технологиялар қайта қалпына келтіру жұмыстарын көршілес энергоблоктарды тоқтатпай-ақ жүргізуге мүмкіндік берді. Бұрындары осындай жұмыстар қолға алынғанда жанындағы өндірістерді аялдатуға тура келетін еді. Айтпақшы, жаңа энергоблокта ауаға шығарылатын қалдықтардың 99 пайызын тұтып қалатын әлемде үздік саналатын электр сүзгілер орнатылған. Мұның өзі корпорация басшылығының инновациялық жобаны енгізуде экологиялық мәселені қатаң ескергенін көрсетеді. Бұл - құптарлық жайт.
Электр станциясы модернизациялау жұмысын осымен тоқтатпайды. Биылғы сәуір айынан бастап мұндағы №6 энергоблокты жаңарту жұмыстары қолға алынды. ENRC корпорациясы оған шамамен 265 млн. доллар қаржы жұмсамақ. Аталмыш энергоблокты 2013 жылдың соңына қарай іске қосу жоспарланған.
Қалдықты қайта өңдеу –
кез-келген кәсіпорынның қолынан келмейді
Ақсу ферроқорытпа зауытында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша өндіріс қалдықтарын қайта өңдеуге негізделген жаңа цехтар қосылып, жобалық қуаттарға қол жеткізуде. Бүгінде ол - ТМД бойынша ірі өндіріске айналып үлгерген.
Агломерат цехы - оқырмандарымызға бұрын таныстырылған жоба. Дәл осы цехтың алғашқы кешені өткен жылы, дәлірек айтсақ, 28 маусым күні Елбасының қатысуымен өткен тікелей телекөпір барысында іске қосылған болатын. Ол тұста цехтың құрылысы толық аяқталмаған. Қазір мұнда құрал-жабдықтар орнатылып, табысты жұмысқа әбден бейімделу үстінде.
Ақсу ферроқорытпа зауытында негізінен хром, марганец металл түрлері өндіріледі. 2011 жылдың бірінші тоқсанында «Қазхром» трансұлттық компаниясы 1165 млн. тонна хром кенін өндірсе, оған компанияның филиалы болып есептелетін Ақсу ферроқорытпа зауытының қосқан үлесі мол.
Енді агломерат цехының ерекшелігін сөз етсек. Ферроқорытпа өнімдерін шығару үшін зауытқа шикізат есебінде хром рудасы пайдаланылады. Табиғи шикізатпен Дөң кен-байыту комбинаты қамтамасыз етеді. Яғни, кеніштен қазып алып, осында жібереді. Кейін оны мұндағы алып пештер ыстық температурада шегіне дейін балқытып, одан металл өнімін айырып алады.
Айтары сол, зауыттың қырық жылдан астам тарихында осы хром шикізатының тек кесек бөліктері ғана пайдаға жаратылды. Ал кеніштен қазып алынған 5-10 миллиметр көлемдегі қалдық шикізат болса, жылдар бойы арнайы күл-қоқыс орнында жинақталып келді. Себебі, оны балқытуға пайдалану мүмкін емес-ті. Осы жерде зауыт директоры Арман Есенжоловтың мынандай сөз айтты: «Аға ұрпақ қалдықты молынан жинауға «айырықша» үлес қосыпты». Алайда, ол кезде ұсақ шикізатты қолдануға мүмкіндік беретін жаңа технология ойлап табылмаған еді. Сол себепті де, қалдық хром-тас пайдасыз үйіндіге айнала берді.
Бірақ қалдықты өңделсе, оның өндіріс үшін тиімді екеніне барған сайын көз жете бастады. Барды үнемді пайдаланудың да мәні зор. Осындай ой түйілгеннен кейін Еуразия табиғи қорлар корпорациясы басшылығы агломерат цехын салу жөнінде оң шешім қабылдаған. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жылына 350 мың тонна агломерат өнімдерін шығару көзделді. Оның 270 мың тоннасы хром рудасы болса, 80 мың тоннасын марганец құрады.
-Бұл, біздің елімізде айтпағанда, Ресейдің өзінде жоқ, бірегей цех. Рас, қалдық темір және марганец рудаларын өңдейтін агломерат цехтары бар. Бірақ хром қалдығын қайта пайдалануға мүмкіндік беретін өндіріс іздесең табылмайды. Мұның ерекшелігі де бар. Хромның қасиеті басқа металл түрлерінен қарағанда әлдеқайда басқа, әрі күрделі. Сол себепті оны әлі күнге дейін Қытай және Норвегия жерлерінде ғана өңдеп келеді, - дейді А.Суслов.
Оның айтуынша, агломерат өнімі дегеніміз – арнайы технология арқылы ұсақ хром қалдығының басын біріктіріп, кесекке айналдырылған тауар. Вагондармен жеткізілген қалдық бірнеше кезеңнен өтікізіліп өңделеді. Алдымен астыңғы қабатына ыстықта тез еріп, ұсақ қалдықты шашпай-төкпей қаптап ала қоятын шикізат төселіп, арасына кейін кокс отыны салынады. Міне, содан кейін әрі қарай жөнелтіледі. Ыстық кіре-бере жан жағынан қапталған қалдықты кокс отыны 1200 градустан асатын ыстыққа әбден пісіріп шығарады. Сөйтіп әу баста ұсақталып келген қалдық тоңазытылып шығарылған сәтте басы бірігеді. Одан кейін агломерат өнімін өндіріске пайдалануға келетіндей көлемде кесіп, белгілі қалыпқа дейін қайта ұсақтайды. Осылайша кеніштің қалдығын қорытпа өндірісіне қайта пайдалануға мүмкіндік туды. Қалдықты ұқсату - зауыт өнімін бәсекеге қабілетті, сапалы шығаруға қосымша жол ашады.
- Әдетте жаңа технология белгілі бір кәсіпорынға арналып жасалмайды. Біз де оны өз өндірісімізге бейімдеп, жетілдірдік. Пайдаланылатын шикізат, табиғат жағдайы, автоматтандырылу деңгейі – бәрі ескерілді, - дейді А.Есенжолов.
Агломерат цехының құрылысын бастаумен қатар, бірден жаңа технологиямен жұмыс істейтін мамандар даярлау қолға алынды. Теориялық білімді осы жерден алған олар Магнитогорск металл комбинатында бір айлық тәжірибе жинап қайтты. Себебі, ол кәсіпорында агломерат цехы бұрыннан жұмыс істейді. Бірақ онда темір балқытылады.
Ақсу зауытының агломерат цехында хроммен қатар марганец рудасының қалдығы да өңделеді. Мәселен, мамандар қыс бойы дәл осы қалдық түрін кесекке айналдырумен шұғылданған. Ал қазір хром ұсағын жетілдіруге кіріскен.
- Бұл - жалғаса беретін процесс. Тек ай сайын бірнеше күнге құрал-жабдықтарды тазалап, қайта іске қосу үшін жөндеуге тоқтатамыз. Технологиялық қажеттілік солай. Әйтпесе, үздіксіз агломерат шығарамыз, оның 70 пайызын хром қалдығы құрайды, - деп түсіндірді агломерат цехының бастығы Ю.Помазаненко.
Арнайы оқудан өтіп келіп, бүгінде агломератшы болып жұмыс істейтін В.Большаков барлық өндірісті монитор арқылы бақылап отыратынын айтады. Мұндағы өндірістің 98 пайызы автоматтандырылған. Құрал-жабдықты іске қосу, оған қалдықтарды толтыру ісін толықтай жаңа технология өзі атқарып береді. Адамның күші, жұмыс қолы талап етілмейді.
Жалпы, цехта 120 маман жұмыс істейді. Ал егер көмекші өндірістер мен қызметтерді қоса есептесек, жұмыс тапқандар саны – 170-180-ге жетіп қалады.
Айтпақшы, қалдықты өңдейтін агломерат цехында экологиялық қауіпсіздік талабы ескерілген. Чех жерінде жасалған сүзгілердің зиянды түтіндер мен тозаңдарды тұту деңгейі әлдеқайда жоғары. Бұрынғы технология бойынша ауаға жіберілетін газдың 70 пайызы ғана өңделетін еді.
Зауыт директоры А.Есенжоловтың мәлімдеуінше, агломерат цехының салынуы әу баста күтілген үмітті ақтап, тиімділігін танытып отыр. Бұл өндірістің өзіндік құнына оң әсер етіп отыр. Ең бастысы, қалдық-агломераттан соң ешқандай залал қалмайды. Бұл – бір кездегідей күл-қоқыс жинайтын алаң жасақтады қажет етпейді. Елу жылға жететін хром кені бар делінсе де, енді оны қалдықты үнемді пайдалану арқасында 10 пайызға дейін үнемдеуге болады.
Қазірде агломерат цехынан шыққан өнімдер Ақсу ферроқорытпа зауытының №1 және №6 балқыту цехтарына жөнелтілуде. Дәл осы цехтардың пештері негізінен хром пайдаланады. А.Сусловтың сөзінше, аз уақыттан соң басқа пештер де агломерат өнімін қолдануға лайықталатын болады.
Ақсу зауытының индустрияландыру картасына қосқан тағы бір жаңалығы – жоғары көміртекті феррохром қожын қайта өңдеу кешенін іске қосуы. Бұл не дейсіз ғой? Айта кетелік, бұл - зауыт пештерінен шыққан кәдімгі күл-қоқысты (шлакты) қайта өңдеу. Иә, заманауи технологияның арқасында бұл да - мүмкін нәрсе. Осыған дейін таудай болып үйіліп жатқан қожды өңдеуді қолға алудың да өз тиімділігі бар.
Цех бастығы В.Решетьконың айтуынша, кешенде жылына 600 мың тонна қож қайта өңделеді. Ол үшін 5 құрал-жабдық жұмыс істейді. Бастапқыда қожды ұсақтап-сұрыптау ісі атқарылады. Ферроқорытпа өндірісінен қалған қалдық әдетте бір көлемде болмайды. Сол себепті іріктеп-бөлу машинасына салар бұрын оны ұсақтап, сұрыптап алу керек. Содан кейін ғана келесі кешен оны өңдеуге кіріседі. Мамандардың сөзіне сүйенсек, қождан үш түрлі өнім шығарылады. Біріншісі – құрылысқа пайдаланылатын қиыршық тас. Оны қазірде ақтөбеліктер сатып әкетіп жатса керек. Екіншісі – өнеркәсіпке қажет төмен деңгейлі металл үлестері бар өнім. Үшіншісі – металл концентраты бар тауар. 40-45 мың тонна қождан 2,5 мың тонна металл концентраты шығады екен. Басым бөлігі қиыршық тас ретінде іріктеліп алынады. Айтпақшы, соңғы екі өнім түрі ферроқорытпа зауытына қайтадан балқытуға жөнелтеді. Яғни пештен бір рет күл болып шыққан заттарды өндіріске екінші қайтара пайдаланады. Бұл да болса, осы заманның талабы. Себебі, қазір өндіріс қалдықтарын тау қылып үю ешқандай кәсіпорынға абырой әпермейді. Энергия көп шығындайтын кәсіпорынның ең артта қалған кәсіпорын болып саналатыны секілді, қазір қалдықты мол шығаратын зауыт та бәсекеге қабілетсіз болып қабылданса керек.
А.Есенжоловтың мәлімдегеніндей, қож өңдеу жобасын іске асыру нәтижесінде көмекші қызметтерді қоса алғанда, жалпы саны 90 адам жұмыспен қамтылды. Бүгінде зауытта 6680 маман жұмыс істейді. Олардың жалақысы таяуда 20 пайызға өскен. Басқа тау-кен кәсіпорындарындағы жағдаймен салыстырғанда Ақсу зауытының еңбекақысы біршама жоғары.
Жаңашыл бағыттағы инвестициялық жобаларды қолданысқа батыл түрде енгізіп отырған зауыттың өзге бәскелестерінен гөрі табысы да оқ бойы озық тұрса керек.
Бірегей машина бөлшектерін шығарады
Өңірде мемлекеттік бағдарлама аясында машина жасау саласында жұмыс істейтін кәсіпорындарды заманға талабына сай модернизациялауға бағытталған жаңашыл жобалардың да тұсауы кесілуде. Соның бірі – теміржол көліктеріне қажет бірегей үлгідегі машина бөлшектерін шығаратын «Format Mach Company» ЖШС. Компанияның бірінші вице-президенті А.Қанахиннің мәлімдеуінше, жаңартылған өндіріс еселене түсіп, айына 150 млн. теңгенің сұранысы үлкен өнімдерін шығаруға мол мүмкіндік туды. 2005 жылы құрылған кезде кәсіпорында небары 48 адам жұмыс істесе, олардың саны осы мезгілде 250 маманға жеткен.
Аталмыш өндірісті жаңарту барысында озық үлгідегі шетелдік құрал-жабдықтар сатып алынды. Олардың қатарында түрлі өлшемдегі металды кесуге, шыңдауға, жобалық жұмыстарды автоматты түрде жүргізуге мүмкіндік беретін қытайлық, тайваньдық технологиялар бар. Мәселен, осыған дейін әлдебір жаңа өнім шығаруды қолға алардан бұрын оның ағаш үлгісін мамандар қолдан ойып жасап әуреге түсетін. Қазірде чех жерінен жеткізілген автоматты құрал оның бәрін өзі атқарып береді. Тек қажет дүниенің сызбасын компьютерге енгізсеңіз болғаны. Ары қарай сырттан бақылап тұра бересіз. Жобаның жүзеге асуы мұндағы өнімдердің өзіндік құнын 5 пайызға төмендетіп, есесіне еңбек өнімділігін 25 пайызға өсіруге мүмкіндік береді.
-Біздің зауыттың өнімдерін теміржол, мұнай-газ салаларына пайдаланылады. Арасында еліміз бойынша теңдесі жоқ өндірістер де бар. Мәселен, тепловозға салынатын поршеньді бізден басқа еш жерде шығармайды. Ресей мен Украинадан кейін оны осы кәсіпорыннан ғана таба аласыз, - дейді өз сөзінде бірінші вице-президент.
Бастапқыда (2005 жылы) бұл кәсіпорында жылына небары 80 млн теңгенің өнімдері шығарылған. Ал қазір айына 150 млн. теңгенің тауары дайындалады. Өндірістің бұлайша күрт өсуін кәсіпорын басшылығы мемлекеттік қолдаудың нәтижесі деп біледі.
-Ұлттық компанияларда қазақстандық өнімдердің үлесін арттыру мақсатында жүргізілген істер өз жемісін берді. «Қазақмыс» корпорациясының өсімсіз несиесі өндірісті модернизациялауға, ірі көлемдегі металл жабдықтарын шығаруға жол ашты. «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы да дер кезінде көмекке келді. Сондай-ақ жобамыз аймақтың индустрияландыру картасына енгізілген, - деді сөзін жалғастырған А.Қанахин.
«Format Mach Company» ЖШС-нің өндірісті модернизациялау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Өндірісті одан әрі еселеуді көздейтін кәсіпорын елімізде қабылданған «Өнімділік-2020» бағдарламасынан да үмітті. Теміржол саласында сұранысқа ие жаңа өнімдер шығарылатын болады. Ол үшін қосымша екі цех жабдықталады. Жоба ойдағылай іске асса, мұндағы мамандар саны 750-ге жетеді. Бұл елімізде қолға алынған индустрияландыру саясатының бизнестің әлеуетін арттыра отырып, жұмыс орындарын көбейтуді көздеген мақсатына жетуге біртабан жақындата түседі.
Еркін ЕРТІСБАЕВ,
Павлодар облысы.
1218 рет
көрсетілді0
пікір






