Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 02 Қазан, 2020

Балқаштағы бірлескен әуе бақылауы

Алматы облысында Іле-Балқаш табиғи резерватының аумағында «Қазавиаорманқорғау» РМҚК бақылаушы ұшқыштары және Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандары, сондай-ақ Іле-Балқаш резерватының инспекторлары қатысуымен Бақанастан Балқаш көліне дейінге аралықта әуе патрульдік бақылау шарасы өтті.

Аталған аумақ мемлекет қарауындағы табиғи аймақ. Іле-Балқаш резерватының жер көлемі де үлкен. Сондықтан әуеден бақылау жұмысының маңызы жоғары. «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесінің инспекторы Шұғай Мұқановтың айтуынша бақылау жұмыстарының жерден де, су бетімен де, әуемен де қатар жүргізілуі, заң бұзушылықтың алдын кесетіндігін жеткізді. Сала маманының айтуынша, аймақта өрт қауіптілігі де жоғары. Сондықтан, бұл жұмыстарда бірлесіп еңбек етіп жүрген «Қазавиаорманқорғау» қызметкерлеріне алғысын жеткізді.

Бақанас ауылы

Қайрат БАЙМЕНДИНОВ,

Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Бас маманы:

- Резерват аумағындағы әуе рейді шарасында табиғат байлығына заңсыз қол сұққан фактілер анықталған жоқ. Бұл жыл сайын жоспар бойынша өтетін дәстүрлі бақылау шарасы. Осындай шаралар кезінде аң ату, ағаш кесу фактілері кездесіп жатады. Біздің инспекцияда балық, аң және орман бөлімдері бойынша мамандар жұмыс жүргізеді. Өз басым, биылдыққа 21 заңбұзушылық бойынша хаттама жаздым. Ал біздің бөлімде 70-ке жуық қызметкер бар. Соның әр қайсысы шамамен 15 хаттамадан жазды дегенде, жылына 100-ден аса заңбұзушылық әшкере болады. Аң ату мен балық аулау тыйылмай тұр. Бірақ, қазіргі уақытта ағаш кесу жағдайлары азайып келеді. Бақанастың өзіне газ кіріп жатыр.

Жанат БАЙЖАНОВ,

«Қазавиаорманқорғау» РМҚК ұшқыш бақылаушысы:

-Биыл Іле-Балқаш аумағында 6 өрт тіркелді. Олардың әрқайсының 1-1,5 га. көлемді қамтыды. Биылдыққа ағаш кесіліп жатқан жайдайлар кездеспеді. Дегенмен, өзен-көлдің айдынында балық аулаушылар азайған емес. Балықшылардың рұқсат қағазы және арнайы торлары болуы керек. Сонымен қатар, бұл аумақта Қытайдың балық аулау торын қолдануға тыйым салынған.  

Біздің ең басты мәселе - өрт және заңның бұзылмауы. Егер патурльдік шара кезінде өрт шықса, не жанып жатқаның анықтап, десантшыларымызды сол жерге түсіреміз. Олар қосымша күш келгенше, жалынды сөндіруге тырысады. Бұл біздің күнделікті жұмыс күніміз.

***

Назарларыңызға «Қазавиаорманқорғау» РМҚК қолдауымен  түсірілген «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағынан фотосуреттер топтамасын ұсынамыз: 

Д. Қонаев көпірі, Балқаш ауданы.

Балқаш көлінің жағасы

Іле өзені маңындағы тораңғы ағашы

Талғар-Іле Алатауының ең биік шыңы

Сексеуіл орман алқабы

«Қазавиақұтқару» қызметінің ұшқыштары

 Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ (фото),

Алихан ЖАНАРБЕК (видео), kazgazeta.kz

 Балқаш ауданы, Алматы облысы

39268 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз