Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 19 Маусым, 2021

Алматыда фонтан суына түскен балаларды тоқ соқты

Бүгін орталық цирк алдындағы фонтан суына түскен екі қызды тоқ ұрып, оны құтқарам деп ұмтылған анасы да тоққа түскен. Зардап шеккендерге дереу  сол маңда болған жас жігіт пен үлкен кісі көмек көрсетіп, құтқарып қалған. Бұл оқиғаға куә болған фейсбук қолданушысы, белгілі журналист Үкілай Бестай өз парақшасында жазып, видеосын жариялады. 

«Бір уақытта кішкентай 2 қыз аяқ киімдерін шешіп, аяқтарын суға салмақшы болып отырған.Әп-сәтте байқамай қалдым, екі қыз ортадағы темірге қадалып қалды. Оларды шығарам деп анасы жабысып қалды. Дыбыстары да шықпай, серейіп қалғандарынан ток ұрғанын ұқтым.
Тезірек жанымдағы адамдарды шақырып, көмектесіңдер дедім. Мен сияқты ешкімнің жүрегі дауаламады.Сол кезде осы Абылай деген жігіт өзін ток соғып жатса да, кезек-кезек оларды судан шығарды. Үшінші қызды ересек азамат шығарды. Себебі ток ұра бергеннен Абылай да әлсіреп қалды. Бірінші қыз тез есін жиды. Екінші қызды бірден шөптің үстіне жатқызып, кеудесінен басып есін жиғыздық. Олардың анасын асфальттің үстінде кеудесін басып есін жиғызған еді, кейін қайтадан көгеріп кетті. Сонда да осы Абылай және видеодағы азамат соңына дейін анасы мен қызының өмірі үшін күресін тоқтатпады.Үшінші аман қалған қыз Талдықорғаннан келіпті, анасының құрбысы лагерден алып 4 баланы қыдыртып жүрген екен. Жазым деген аяқастынан деген осы. Қатты шок алдық. Аман қалса екен деп тілеп отырмын», деп жазады блогер.

Зардап шеккендер жедел-жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. 

«Өзімнің жанымда кішкентай 5 бала бар еді. Қарбаласта Абылайдың толық аты-жөнін сұрамаппын. Мемлекет осындай өз өмірін қауіпке тіккен осы жігітті батырлығы үшін марапаттауы керек-ау. Бөлісіп, Абылайды тауып алайықшы!»-деп видео авторы әлеуметтік желіде Абылайға іздеу салады.

33827 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз