Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 25 Қараша, 2021

ХІІІ Меdia Құрылтай: бүгінгі БАҚ-тағы түйіткілді мәселелер

Алматыда жыл сайын өтетін дәстүрлі «Медиа Құрылтай» бүгін осымен он үшінші рет ақпарат және коммуникация нарығындағы кәсіби мамандардың басын біріктіріп, ашық диалог алаңында еркін пікір алмасуға мүмкіндік ашты.  Қазақстан Баспасөз клубы ұйымдастырған алқалы жиында пандемия дәуіріндегі медиа нарық, БАҚ туралы Заң, ақпарат құралдарына деген сенімді қалыптастыру және монетизация мәселелері кеңінен талқыланды.

БАҚ саласындағы кәсіби мамандардың көкейінде жүрген сұрақ көп. Десе де, әріптестерді алаңдататын маңызды мәселенің бірі – журналистердің қоғамдағы рөлі мен ақпарат құралдарына деген сенімділік. Төртінші билік аталып келген журналистиканың бүгінгі таңдағы ықпалы мен пәрмені қандай? Халық дәстүрлі ақпарат құралдарына сене ме деген мәселеге құрылтайда сөйлеген спикерлердің барлығы дерлік үн қосты. Әсіресе, мемлекет бюджетіне қараған ақпарат құралдары қаржыға, тендерге тәуелді болуының нәтижесінде үгіт-насихат құралына айналып кеткен жоқ па деген позицияда қызу пікірлер айтылды. "Қазақстан Медиа альянсы" қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрағасы Арманжан Байтасовтың: «Ерлан Бекхожин деген әріптесім «Хабар» телеарнасынан көрсететіндей елде тұрғым келеді деп қалжыңдайтын», - деген әзілі көпшіліктің көкейіндегі күдікті дөп басқандай болды.

Келесі бір көкейкесті мәселе – БАҚ туралы Заңға өзгеріс қажет пе деген сұрақ бүгінгі жиынға қатысушы кәсіби мамандардың ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл заңнамалық құжаттағы өзгерістер болашақта журналистердің құқықтарын қаншалықты қорғайды немесе сөз еркіндігін шектемей ме, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі заңды әзірлеу барысында осы салада жүрген мамандардың пікірі мен ұсыныстарын назарға ала ма деген мәселелер көпшілікті толғандырды.  Аталған ведомство атынан қатысқан Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов БАҚ өкілдерінің ұсныстары міндетті түрде назарға алынатынын айтып өтті.

Ал, қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының өзекті мәселелері – «Қазақ журналистикасы: түйіткілдер мен шешу жолдары» атты сессияда кеңінен талқыланды. Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы: «Мен проблеманы айта бергенше, онымен күресу жолын іздегенді жақсы көремін. Бүгінгі қазақтілді ақпарат құралдарында ізденіс жасауға деген талпыныс аз», - десе,  “Ақ желкен” журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы: «Кәсіпқой маман ретінде қалыптасудың негізгі жолы – білімді болу. Қазіргі журналистер оқудан гөрі селфилікке әуес», - деген пікірді алға тартты. «KzNews.kz» ақпарат агенттігінің жетекшісі Мейіржан Әуелханұлы монетизациялау турасында ақпарат құралында ұлтжандылық, шынайылықты айтудан бөлек, оған кәсіп ретінде қарап үйрену керектігін айтты. «Balbal.kz», «Balbal books» негізін қалаушы Жазира Байдалы бүгінгі таңның талабына сай, журналистер өздері жазған дүниелерін жарнамалап, сата білу керек десе, тәуелсіз журналист Дина Елгезек: «Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары ақпар таратудан гөрі, пропагандалық құралға айналып отыр. Бұл азаматтық қоғамның қалыптасуын баяулатуда», - деген ойларын ортаға салды.

БАҚ мәселелеріне арналған ауқымды шарада ақпараттық нарық ойыншылары салмақты ойларын ортаға салып қана қоймай, спикерлер өз әріптестерімен тәжірибелерінде кездескен нарықтағы медиаға қажетті пайдалы кейстерімен де бөлісті.

Толығырақ, бейнематериалда.

Гауһар Түстікбаева

Бейнематериалды әзірлеген:

Әлихан Жанарбек

«Қазақ газеттері» ЖШС

27289 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз