Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 29 Қаңтар, 2023

Жыртқыш аңды бағындырған қазақ қызы

Соңғы рет циркке қашан бардыңыз? Циркті тек қана жануарлардың секіріп ойнауы мен сайқымазақтардың сиқыры деп ойласаңыз, қателесесіз. Цирк – адам мен жануарлардың достығын дәлелдейтін орта. Аңдарды тек жыртқыш, жабайы деп ойлау – қателік. Жануарлар да адамдар секілді қуанады, күледі, түрлі қылығымен таңғалдырады. Сол себепті циркке жиі барып тұрған жөн. Бүгінгі кейіпкеріміз – Жанат Калметова. Ол – Шымкент цирк мекемесінің әртісі. Бала күнінде жете алмаған арманы цирк әлеміне 40 жасында қайта оралып, жыртқыш аңдарды қолға үйретіп, арыстандармен, иттермен, қабандармен бірнеше қойылымда өнер көрсеткен. Сұқбатымызда Жанат Калметова жануарлардың біз білмейтін қырларын ашып, цирк өнерінің маңызын баяндап берді.

– Цирк өнеріне келгеніңізге қанша жыл болды? 

– Шымкент цирк мекемесінде 2013 жылдан бері жұмыс істеймін. Биыл он жыл толды. Мекемедегі менің қызметім – цирк әртісі. Циркке қызығуым бала күнімнен басталған. «Қырық жаста қалай цирк өнеріне бейімделіп кеттіңіз?»–  деп таңғалып жататындар көп. Әрине, қырық жаста цирк саласына келу өте қиын. 1972 жылы Сарыағаш ауданының Қапланбек кеңшарында дүниеге келдім. Сол кезде танымал болған миллионер кеңшардың мәдениет үйінде «Фантазеры» деген сахналық цирк болатын. Менің ұстаздарым ерлі-зайыпты Соловьевтар цирк режиссері еді. Сергей мен Людмила Соловьевтар – бүкіл өмірін осы цирк саласына арнаған керемет жандар. Сол жерде кастингтен өтіп, он жасымнан мектеп бітіргенге дейін цирк өнерімен айналыстым. Өте көп жаттықтым, өнер көрсеттім, әртүрлі фестивальге бардым, республикалық маңызы бар іс-шараларға қатыстым. Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларында жиі өнер көрсеттік, әсіресе, Шымкентке көп баратынбыз. Қаншама байқау, жүлде, гастрольдік іссапар маған өте керемет балалық шақ сыйлады. Сол сәттер жүрегімнің түбінде балалық арман болып сақталып қала берді. 1987 жылы Мәскеуде өткен ең үлкен Бүкілодақтық цирк фестиваліне қатыстым. Сол кезде цирктің аңыз адамы Никулинмен екі апта бойы бір сахнада өнер көрсеттім, алтыннан медаль тағып, лауреат атандық.

Бұл сала бойынша оқуға түсіп, жұмыс істегенімді анам қаламады. Қыз бала болғандықтан менің болашағымды қатты уайымдады. Ата-анама қарсылық білдірмей, арманымнан бас тарттым. Педагогика саласы бойынша білім алып, мұғалім боламын деп шештім. 2011 жылы Шымкентте цирк ашылып, кастинг жарияланды. 2012 жылы цирк өнеріне жақын адамдарды іздеп жатқан жарнаманы байқап қалдым. Бірақ 2012 жылы циркке жұмысқа орналасуға мүмкіндік болмады, кастинг директоры басқа қалаға кетіп қалды. Сол кастингте 90-жылдардағы арманым қайта оянғандай болды. 2013 жылы «циркке ассистент керек» деген жарнаманы оқып қалдым. Жарнама бойынша барғанмын, бақытыма орай, мені бірден цирк әртісі ретінде қабылдады. Себебі, осыдан бір жыл бұрын жаттыққанымды шығармашылықты дамыту бөлімінің басшысы және орынбасары байқап қалған екен. Бір жыл бұрын цирк бөлімі кастингтен кейін мені іздеген, бірақ мен кастингте телефон нөмірін де, мекенжайды да қалдырмағанмын. «Сен дайын әртіссің ғой, қайдағы ассистент?» – деп бірден қабылдады. 2014 жылы Сәбит Әбдіхалықовтың жобасымен жасалған «Джунгли» бағдарламасымен алғаш рет сахнаға шықтым.

Цирктің негізгі сегіз жанры бар...

– Цирк акробатика, гимнастика, эквилибристика, атлетика сияқты жанрларға бөлінеді. Өзіңіз айналысатын цирк жанрына тоқталып, ерекшеліктерін айтсаңыз...

– Цирк өнерінде сегіз негізгі жанр бар. Мен эквилибристикамен, жонглерлықпен, дрессировкамен айналыстым. Былтыр циркіміздің он жылдық мерейтойына арнап «Әуе белбеуі» деген қойылым  дайындадым. Циркте бірнеше жанрды қатар ұстап жүру өте қиын. Мен ұстаздарымның арқасында осылай бірнеше жанрды меңгеріп, байланыстыра алдым. Бала күнімде циркте тәлім алғанда ұстаздарымыз әр жанр бойынша базалық білім берді және сондай талап қойды. Атап айтатын болсам, 2014 жылы «Fire show» нөмірімен «Джунгли» бағдарламасына шықтым. 2015 жылы моноциклдегі эквилибр нөмірін екі ұлыммен бірге дайындадым. Сол жылы үйретілген күшіктер манежге шықты. Кіші ұлым Санжармен жонглер нөмірімен сахнаға шықтық. Одан соң арыстандарды қолға үйреттім. Үлкен еңбектің нәтижесінде «Қазақстандағы жыртқыш аңды бағындырған тұңғыш әрі жалғыз қазақ қызы» деген атауға ие болдым. 

– Әр өнердің өз көрермені болады. Циркке ерекше қызығып, қойылымнан қалмайтын қазақстандық көрерменді кездестіріп пе едіңіз? 

– Цирк өнеріне қатты қызығып, әрбір қойылымнан қалмай, қадағалап, қандай қойылымда өзгерістер бар екенін, бір қойылым қанша рет қайталанғанын, қанша нөмір жаңарғанын байқайтын көрермендеріміз бар. Біздің Шымкенттегі циркіміздің ашылғанына небәрі он жыл болды, дегенмен біздің де осындай байқампаз көрерменіміз көп. Цирк ең алғаш ашылғанда көбі циркке тек балалар барады деген ой қалыптасты. Қазір бұл ұғым жоғалды. Себебі, экстремал қойылым қойған кезімізде көптеген қарт кісілерді байқаймыз. Циркке немерелерін әкеліп, өздері де балаша қуанып, қойылымға еніп кетеді. 

– Осы тұста айта кетіңізші, цирк қойылымын тамашалайтын көрермендердің жас ерекшеліктері қандай? Залдан егде жастағы қарт кісілерді жиі көресіз бе? 

– Цирк өнері жас талғамайды. Кішкентай көрермендері-міз жануарларға қатты қызығады. 3 жас пен 15 жас аралығындағы балаларды жануарлардың іс-қимылы қатты қызықтыратынын байқадық. Ал, ересек көрермендеріміз «Әуеде ұшу» секілді экстремал қойылымдарды сүйіп көреді. Әртістер әуе гимнастикасын қолдана отырып, экстремал қойылым жасайды. Ересек көрермендеріміз адреналин алуға құштар. Әртістеріміз қауіпті жаттығуларды жасап жатқанда беріліп, таңданып тамашалайтын көрермендерді талай кездестірдік. Тіпті цирк клоунының ойындарына қызығып, қойылымнан керемет әсер алатын ата-апаларды көрдік. Бетке әжім, шашқа ақ түссе де, жүрек әрдайым жас болып қала береді.

Үш перзентім – шәкіртім

– Шәкірттеріңіз бар ма? 

– Өзімнің үш перзентім – үш шәкіртім. Қазір Шымкент циркінде үшеуінің де ерекше орны бар. Үлкен ұлым Жандар 2014 жылдың қыркүйек айында менімен бірге жаттығамын деп циркке келді. Осы салаға қызығып, 9-сынып бітірген соң Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне «Цирк әртісі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, тәмамдады. Қытайда алты ай жаттығып, тәжірибе жинақтады. Моноцикл, семафор жанрларында жұмыс істеді. Екінші ұлым Санжар да 2014 жылы менімен бірге циркке еріп барды. Қазір Санжар Ресейдегі атақты Никулин циркінде әртіс. Ол да моноциклды, жонглерлықты, атпен шабуды меңгерді. Үшінші шәкіртім – кенже қызым Перизат. Ол арыстанның кішкентай балаларымен, күшіктермен  жұмыс істеп үйренді. ЭКСПО көрмесіне «Томирис» қойылымын дайындадық. Сол қойылымда Перизат кішкентай Томиристің рөлін сомдап, кішкентай арыстандармен ойнап шықты. Қазақстанның цирк өнерін әлемге танытсам деген арманы бар. Алдағы уақытта өзімнің білімімді тереңірек айтып беріп, көптеген шәкірт тәрбиелегім келеді. 

– Байқағанымыздай, цирк өнеріне қазақ балаларына қарағанда орыс балалары әуес. Неліктен деп ойлайсыз? 

– Қазіргі уақытта цирк өнерінде жаттығып жүрген қазақ балалары жетерлік. Қазақстандағы цирк өнерінің беделі өскен, ата-аналар балаларын баулудан қорықпайды. Орыстарда «Цирк династиясы» деген ұғым бар. Осы Шымкент циркіндегі тұңғыш қазақтан шыққан династия – менің отбасым. Цирк ашылғанда алғаш болып Мұстафиндердің династиясы болды. Ерлі-зайыптылар және ұлы мен қызы. Біздің цирктің құрамында қаншама қазақ балалары тәлім алып жүр. Акробаттарымыз, аттағы шабандоздарымыз, жонглерларымыз – қазақтың ұл-қыздары. Перизатым 2017 жылы Астана қаласында өткен «Халықаралық жастар фестивалінде» күшіктермен өнер көрсетіп, қола жүлдегер атанды. Ол кезде Перизат небәрі сегіз жаста еді, 15 жылдық тәжірибесі бар талантты әртістермен өнер көрсетті.

Зообаққа кеткен арыстандарым мені сағынады...

– Әлеуметтік желілерден қойылымға үйрету үшін жануарларды аяусыз ұрып жатқан адамдарды көреміз. Осындай аяусыздыққа көзқарасыңыз қандай?

– Жануарларға күш көрсететіндер бар шығар, бірақ өзім кездестірмедім. Өзім арыстанды түртіп те көрмеппін. Арыстандарды екі айлық кезінен бастап үйретіп, төрт жыл жұмыс істедім. Ешқандай қарусыз, ешқандай сақтандырусыз арыстандарды үйреттім. Қазір «Жабайы аңдарсыз цирк» деген концепция шыққандықтан, арыстандарымыз зообаққа кетті. Әлі күнге дейін оларға барып тұрамын. Менің дауысымды жаттап алған, елеңдеп тұрады, жануар болса да сағынып тұрады. Циркке шынайы берілген әртіс ешқашан жануарын ренжітпейді, қорламайды, керісінше, баласындай қарайды. Әртіс пен жануардың арасында ерекше бір байланыс болады. Жануарлар сөйлей алмағандықтан, әртіс дауысы-нан-ақ оның көңіл-күйін аңғаруы керек. Жануарлар да дәл солай, адамның тілін түсіне бастайды. Олар егесінің ашуланып, ренжіп тұрғанын да, шаршағанын да тез түсініп қояды. Цирк деген – жануарларды ұрып-соғу емес, цирк – адам мен жануардың арасындағы достықты, жылылықты көрсету. Аюмен, арыстанмен, итпен бірге ойнап, секіріп, бір сахнада жүру  адам мен аңдардың достығын, серіктестігін көрсетеді. Мысалы, мен күшіктеріме баламен сөйлесіп тұрғандай қараймын. «Тұр, отыр, бері кел, олай жасама, бұзық болма» деген секілді сөздерді қолданамын, олар да мені түсінеді.

Жануарлардың арнайы сусабыны, тарағы бар

– Гастрольдік сапар кезінде жануарлар қандай күтімді қажет етеді? Ауырып, жаттығуға жарамсыз болып қалған сәттер болды ма?

– Жұмыс барысында жануарлар да ауырып қалады. Оларға өз баламыздай қарап, екпелерін салдырып, ветеринарлық клиникаларға апарып, күтім жасаймыз. Оның өзіне біраз қаражат жұмсалады, дегенмен ол да сенің балаң секілді. Арнайы дәрумендерін, дәрілерін беріп, өз уақытымен шомылдырамыз. Олардың арнайы сусабындары, тарақтары бар. Шашын қысқартып, құлақтарын тазалаймыз. Олар да біз секілді көрерменнің алдында өнер көрсетеді. Сондықтан жануарларымызға мұқият қарап, жағдайын жасаймыз. Жануар қатты ауырып қалған жағдайда оның орнына басқа жануарды дайындап, үйретеміз. Себебі, сахна алаңы біздің жануарларымызбен қызықты. 

– Циркте үйрете алмаған жануар болды ма? 

– Дрессура өнерінде қабанды, итті, арыстанды үйреттім. Өз тәжірибемде циркке үйрете алмаған жануар болмады. Дегенмен,  үйрене алмайтын жануарлар да болады. 

– Цирктегі ең сүйікті жануарыңыз қандай? 

– Барлық жануарды жақсы көремін. Әрқайсының өзіндік қылығы, сүйкімділігі болады. Байқасаңыз, жыртқыш аңның өзінде ерекше бір қылық бар. Лео мен Симба деген егіз арыстандарым болды. Симба менің жүрегіме өте жақын болды. Герда деген итім де өте ерекше. Олармен көбірек сөйлесіп, жаттығамын. 

– Жануарлар да адам секілді есте тез жаттағыш келеді дейді. Бұл рас па? Мәселен, олар цирк қызмет-керлерін бір-бірінен ажырата ала ма? 

– Жануарлар аң үйретуші-мен өте еркін болады әрі тез жаттап алады. Бірақ жиі көрмейтін цирк қызметкерлеріне сақтықпен қарайды. Тамағын беріп, күтім жасайтын адамдарды есінде сақтап алады.

– Жаттығу барысында абайсызда жануарлар әртісті жарақаттап қойған сәттер болды ма?

– Мен жануарларымның тырнағын алмаймын, табиғи қалпында сақтағанды жөн көремін. Кейде еркелеп тырнап алып, денең көгеріп қалатын кездер болады. Бір кездері арыстанымның арқасына массаж жасап, сипап отырғанымда бір арыстан жақындап келіп қалды. Сол кезде алаңсыз тыныш жатқан арыстаным орнынан атып тұрып секіргенде аяғы менің тіземе тиіп кетіп, тізем шығып кеткен болатын. Менің тізем шығып кеткендіктен, гастрольдік сапарымызды төрт күнге кейін шегердік.  Осылай жарақатыммен өнер көрсеткенмін. Бірақ жануарларымды отбасымызбен қатты жақсы көреміз. 

– Қызықты әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан 
Айдана ШАЛҚАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 
4-курс  студенті.

894 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз