Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 31 Қаңтар, 2023

Мессиді көрген Нұрәли

Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған мектеп-гимназияның 10 «В» сынып оқушысы Нұрәли Тұрсынқожа жақында футболдан әлем чемпионатына барып қайтты. Жай ғана барған жоқ, даңқты Лионель Мессидің ойынын көзімен көрді. Өзі де футболмен айналысатын өрен үшін бұл ерекше сапар болғаны сөзсіз. Болашақ футболшыны да, әкесі Мұратты да сөзге тартып, Қатардағы әлем чемпионаты жайлы біраз сұрақ қойдық.

– Менің Берік деген досым футболға қатты қызығады, – дейді Мұрат  Тұрсынқожаұлы. – Сол Берік ортаға ұсыныс тастағанда, достар ойлана келе барған дұрыс деп шештік. Төрт жылда бір келетін дода, оның үстіне Лионель Месси, Криштиану Роналду, Роберт Левандовски сияқты мықты футболшылар қатысатын соңғы әлемдік аламан ғой. Алматыдан Доһаға тікелей рейспен ұшып бардық. Ол жерде жанкүйерлерге арналған Hayya Card деген жергілікті виза дайындалған екен, соны алдық. Ұшақтан түскен бетте жергілікті сим-картаға қол жеткіздік, оны тегін берді, дереу қостырып алдық. Сөйтіп, елмен, отбасымызбен хабарластып тұруға мүмкіндігіміз болды. Билеттерді алуға Беріктің Сауд Арабиясында қызмет істейтін інісі Ермек көмектесті. Негізінен, еуропалық құрамалардың ойынын көруге ниеттендік. Бір жақсысы, қазір интернет заманы ғой. Билет алу ғаламтор арқасында қолжетімді болды, бәрін телефонмен броньдап, реттеп отырдық. Қатарда барлық мәселе ағылшын тілінде шешіледі екен.  Ермек ағылшын тілін өте жақсы біледі. Өзі Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебін бітірген. Біздің сапарымызда Ермектің жәрдемі өте көп тиді. Сондықтан оған алғысымыз шексіз. Ал Нұрәли де ағылшынша жақсы біледі. Баламның тілді еркін қолданып жүргенін көріп марқайып та қалдым.

– Жалпы, Нұрәли футболға кішкентай күнінен қатты қызығады, – деп сөзін жалғады Мұрат. – Сондықтан мейлінше мүмкіндік тудырып, осы бір ғажап өнердің қыр-сырын үйреніп қана қоймай, ішкі сырын, керемет атмосферасын көрсе, сезінсе деп ойлайтын-мын. Өткен жазда бір мүмкіндік туа қалып, Нұрәлиді Барселона қаласында он күн жаттығуға да жібердім. Ал әлем чемпионаты оған қатты әсер етті.

Нұрәли Тұрсынқожа:

– Шынымды айтсам, мен Лионель Мессиді өмірде көремін деп ойламаған едім. Әрине, өмір алда ғой, бірақ оның алаңда енді тағы төрт жыл өнер көрсетпейтіні анық. Сондықтан өзімнің кішкентай күнімде футболға махаббатымды оятқан Мессиді бір көру, оның әлемдік додадағы ойынын алаңнан тамашалау арманым еді. Әкем әлем чемпионатына баруға мүмкіндік туып тұрғанын айтқанда, қатты қуандым. Басында сене алмадым. Оның үстіне бұл кезде жол билеті, матчқа кіру билеті мәселесі әлі шешілмеген еді. Көп ұзамай-ақ бәрі реттеле бастады да, біз жолға жиналдық. Әлем чемпионатына арнайы салынған, контейнерлерден құрастырылған 974 стадионына баратынымыз да, сол жерде екі ойынды тамашалайтынымыз да анықталды. Қазақстанның көк туын арнайы дайындап, сақадай сай болдық.

– Сапар қалай болды? Қатар қандай ел екен?

– Доһаға 6 сағат шамасында, ұзақтау ұшып жеттік. Күн ыстық екен, салқын Алматыдан барған бізге алғашқыда ауырлау соқты. Бірақ тез үйрендік. Оның үстіне, жалпы футболдан әлем чемпионатының аурасы күшті болады екен, адамды тіпті ауырсынуға, жол қиындығын сезінуге де мүмкіндік бермейтін сияқты. Ал жергілікті халықтың мәдениеті, адамдарға, дінге көзқарасы қатты ұнады. Бәрін сабырмен атқаратын, қонағына құрметпен қарайтын ел екен.

– Жанкүйерлер көп болды ма?

– Өте көп болды. Қаншама елден келген адамдар ойын, ықыласын бір арнаға тоғыстырып, керемет атмосфера қалыптастырады екен. Стадион айналасындағы, ішіне кірген жанкүйерлердің ренжіп жүргені жоқ. Бұл футбол өнерінің шынында да миллиондар мен миллиардтарға арналғанын айғақтай түскендей болды.

– Сапарды неше күнге жоспарладыңдар? 

– Біз 974 стадионында өтетін Бразилия – Швейцария және Польша – Аргентина кездесулеріне билет алдық. Ойындар 28 және 30 қараша күндері өтті. Әлем чемпионатына арнайы салынған 974 стадионы шынында да ерекше. Сыртынан қарағанда ғана контейнерлерден құрастырылғаны білінеді, ал іші – өзінше бір ғажап әлем. Біз Доһа қаласының ортасындағы қонақүйлердің біріне орналастық. Сол жерден стадионға жету оңайлау болды. Бірақ қайтарда үлкен кептелекке тап болдық, сондықтан ұзақтау жүрдік.

– Біз Бразилия, Аргентина құрамаларының және еуропалық командалардың ойынын көру үшін бұл стадионды арнайы таңдадық, – деп сөзге араласты Мұрат. – Бразилия – қашанда Бразилия. Ал Аргентина алғашқы кездесуде Сауд Арабиясынан жеңіліп қалса да, біз тамашалаған ІІІ тур ойынында Польшаны қалайда жеңуге тиіс болды. Сондықтан сапарымыздың осындай шешуші кездесулерге орайласқанына өзіміз де ырза болдық.

– Сонда өзің Мессиді үлгі тұтасың ба? – деп сұрадым Нұрәлиден.

– Әрине.  Мен әу бастан Аргентинаның жанкүйерімін. Осы жолы Месси керемет жетістікке жетуге тиіс секілді көрініп тұрды. Кішкентай кезімнен Мессидің өнеріне таңдай қақтым. Футболды ғажайып қойылым деңгейіне жеткізетін мұндай тұлғаға жанкүйер болмау мүмкін емес. Арманымды жүзеге асырып, Мессидің әлем чемпионатындағы ойынын көзбе-көз тамашалауға жол ашқан әкеме, оның достарына мың алғыс айтқым келеді. 

– Бразилия – Швейцария кездесуі қандай әсер қалдырды?

– Бұл кездесуде Родриго, Винисиус Жуниор, Каземиро сияқты ойыншылардың ойын өрнегін қатты қадағаладым. Тез шешім қабылдайтыны, пасты дәл беретіні, мықты соққылары қатты әсер етті. Әттең, алаңға Дани Алвес шықпай қалды, әйтпесе оны да көретін едім. Біз көк туды желбіретіп, өзге елден келген жанкүйерлермен қосыла шырқап, шынайы жанкүйерлік рақатқа бөлендік. Осынша эмоция көремін деп ойлаған жоқ едім.

– Ал Польша – Аргентина кездесуінде Месси пенальти соға алмай қалды ғой...

– Оған онша ренжи қойған жоқпын. Өйткені екінші таймда Алексис Макаллистер мен Хулиан Альварес бір-бір доптан соғып, Аргентина 1/8 финалға жолдама алды. Дегенмен  ойын Месси арқылы өрбіп отырды, оның тым дана футболшы екеніне көзім жете түсті. Ал Мессидің пенальтиін қайтарған Войцех Щенсны де, мерген Роберт Левандовски де мықты. Осындай матчтарды стадионнан көргенде, Қазақстан футболына қанша нәрсе жетіспейтініне көзің жете түседі екен.

– Әлем чемпионатынан қандай әсермен қайттың?

– Оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ең бастысы, футболшы болу үшін қайтпас жігер, еңбекқорлық қана емес, ақыл мен ізденіс те қатты қажет екен. Елге оралған соң да Аргентина құрамасының әрбір ойынын үзбей тамашалап, Мессиге тілеулес болып жүрдім. Ақыры, Месси әлем кубогын төбесіне көтерді. Сол күні мендей қуанышты адам болмаған шығар! Иә, Месси біз тамашалаған ойында ғана доп соға алмады, бірақ басқа алты қарсыласының бәрінің қақпасына доп енгізді! Бұл да ерекше жетістік. Қазір ара-тұра әлем чемпионатындағы ойындардың шолуын көріп тұрамын. Біз көрген екі матчтың шолуын тамашалағанда, өзіміз отырған тұсты іздеймін. Шынында да, әлем чемпионаты – ғажайып турнир. Осы дода аяқталған соң, 974 стадионы бөлшектеліп, контейнерлер мен орындықтар дамушы елдерге жөнелтіліп жатыр. Демек, бұл заттар футболдың керемет атмосферасын әлемге таратып жатыр.

– Әңгімелеріңе көп рақмет, Мұрат, Нұрәли!

Сұқбаттасқан 
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы

850 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз