Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 31 Қаңтар, 2023

Күніне бес мың теңге табамын деп басталған бизнес...

Стамбұлға барғанымда базарлық алмақ болдым. Сонда түрік досым тәтті сататын дүкенге алып барды. «Бұл ең дәмді lokum сататын жер. Алдымен кез келген түрінен дәм татып көр», – деді. Жанында тура сондай тәттілер сататын дүкендер бар екен. Бірақ әлгі досым басқасына жолатпады. Сөйтсем, біз барған дүкен екі жарым ғасырға жуық уақыттан бері тек осы тәттімен атағы шыққан екен. Былайша айтқанда, атадан балаға жалғасып келе жатқан отбасылық бизнес. Ол кәдімгідей ұлттық брендке айналған. Маңдайшасына тарихын да жазып қойған. Риза боласың. Ал бізде сондай тарихы бар дүкен бар ма? Шынын айту керек, жоқ. Кеңес үкіметі кезінде ешкім жеке кәсіп ашып, бренд қалыптастырмады, бәрі үкіметке жұмыс істеді. Тәуелсіздік алғалы бері «шет елде мынадай бар екен» деп, кәсіп қыла бастадық.

Сондай кәсіпті бастағанның бірі – Ермек Мезібаев. Ол «Адал ас» деген брендпен ұлттық асымызды табиғи қалыпта ұсынып жүрген кәсіпкер. Қарамағында алпыстан аса адам жұмыс істейді. Құрттың, бауырсақтың түр-түрін жасайды. Одан бөлек дастарқанға қоятын түрлі тәтті-құтты әзірлейді. Ол кісі болашақта қазақтың тәттілерін әлемдік брендке айналдырғысы келеді. Мысалы, бауырсақ, жент секілді тәттілерді, құрттың түр-түрін шетелдіктер базарлыққа алып жатса, қанеки?

Жақында Ермек Мезібаев Семейден Алматы қаласына арнайы келіп, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында студенттермен, оқушылармен кездесті. Жастарға кәсіпті қалай ашқанын, жас кезде нені істеп үлгеру керек екенін өмірінен сыр шерте отырып баяндап берді. Біз оның айтқандарын ықшамдап беруді жөн көрдік. Кәсіпкердің  сөздері мамандық таңдағысы келетін, өзін іздеп жүрген жастарға көмек болып, мінезін қалыптастыруға әсер етер деп ойлаймыз.

***
Менің ұлым физика-матема-тика мектебін «қызылға» бітірген, одан кейін Назарбаев университетінде оқыды. Қазір балам өзіміздің компанияда жұмыс істеп жатыр. Астанада біздің өнімдерді сатумен, таратумен айналысады. Балам қанша уақыт бойы теориялық білім алды. Алайда елмен, адамдармен тікелей қарым-қатынас жасамаған екен, өмірге араласпаған. Университет бітірген соң балама осы салада жұмыс істеп көруді ұсындым. Жұмысқа кіріскен балам: «Шын мәнінде, осыншама адамның басын қосып, тіл табысып жұмыс істеу әлдеқайда қиын екен ғой», – деді. Сол кезде ғана бір істі бастап, бір мақсатта жұмыс істеу қиын екенін ойлаппын. Кейде біз өзіміздің істеп жатқан ісімізді мойында-май, бағаламай қалады екенбіз. Негізінде сырттан қараған адам үшін ол да бір құндылық екен.

***
Осы салаға қалай келгенімді айтқым келеді. 2008 жыл. Семей қаласы. Жолдастарыммен бірге бір компанияда жұмыс істеп жүрдім. Дағдарыс болды. Не істейміз? Сол кезде отыз мың теңге жалақы аламын. Бұлай жүре беруге болмайды. «Өміріңді өзгерту үшін өзгеріс жасап көру керек» деген қағидамен өмірімізге өзгеріс жасағым келді. Оны әйеліме айтып түсіндірдім, ол қолдады. Ақыры жұмыстан да шығып кеттім. Үйім, мәшинем бар. Бірақ бала-шағаны асырау керек. Дағдарыс кезінде қалай асырайсың? Жолдасым университетте сабақ береді, ғылым кандидаты. Жүз мыңдай айлық алады. Ал менде ақша жоқ. Себебі жұмыс істемеймін. Әйтеуір күніне бес мың теңге ақша тапсам болды деп жүрдім. Отбасылық бюджетімізге ай сайын екі жүз елу мың кіріп тұрса деп ойладық. Сонымен бұл бизнес күніне бес мың теңге табамын деген ниетпен басталып кетті.

Енді ол бес мың теңгені қалай табамын? Сонда бала кезде армандаған нәрсең еске түседі. Біздің бала кезде тәттілер тапшы болатын. Кәмпит жегің келеді, бірақ ол бола бермейді. Үйде апаларымыз әзірлеген жент болатын. Оны көбіне қонақтарға деп сақтап қояды ғой. Бала болғасын тәттіге тоймай, тығып қойған жерінен соны «ұрлап» ойып алып жеп кететінбіз. Сол бала кездегі дәм бизнес идеяға айналды. Жент шығаруды ойладық. Жент жасау үшін талқан керек. Содан талқан жасадық. Талқанның да әңгімесі көп болып кетті. Талқан жасаудың өзі біраз процесс.

Ал оны жентке айналдыру үшін тағы да бәленбай нәрсе қосу керек. Сосын тек қана талқан саттық. Талқан сату арқылы күніне бес мың теңге табатын жағдайға жеттік. Талқанды өзіміз жасаймыз, өзім сатамын. Сосын сатуға кісілер жалдай бастадық. Сол аралықта шемішке де саттық. Оның саудасы жақсы жүрді. Сол шемішке бізді алға қарай жүргізді. Ал мен бұрын талқан көп жерде жоқ, біз дүкенге апарсақ бәрі алады деп ойладым. Сөйтсек жоқ нәрсені ешкім іздемейді екен, оның бар екенін білмейді де көбі. Бір жарым жылдай шемішке саттық. Бірақ жауын-шашын аз түскенде шемішке де дұрыс өспей қалады. Шемішке дұрыс өспегендіктен ол бизнесті тоқтаттық. Одан кейін печенье пісіріп сата бастадық. Одан кейін бауырсақ, құрт жасадық. Осылай-осылай бизнес жүріп келеді екен. Жұмысшылар да біршама. Бір күні ойланып қарасам, он адамға жұмыс бергенде қанша табыс тапсам, елу адамды жұмыспен қамтығанда да сол табысты тауып жүр екенбіз. Логикаға салсаң, бес есе өсу керек қой. Жоқ, олай емес, сол қалпы. Өскемендегі досыма хабарласып, мән-жайды түсіндірдім. Ол мені бір кісімен байланыстырды. Сосын кәсіпкерлердің ортасына кіріп, оқи бастадым. Сонда мына нәрсені түсіндім. Қандай бизнес жасасаң да, не істесең де, жүйелі білім алып, оқу керек екен. Бастапқыда бес мың теңге тапсам, бала-шағаны асырасам, анау керек, мынау керек деп жүріп, ештеңеге мойын бұруға шама болмапты. Тіпті өзімнің не істеп жүргенімді білмей адаса бастаппын. Әлгі бизнес тренердің айтқандарын түсінбей, стресте жүрдім. Ақырын-ақырын санам ашыла бастады. Қазірге дейін тек осы саланы оқуға отыз миллион теңгедей ақша жұмсаппын. Бірақ оқуға ақша салған сайын сенің жағдайың одан сайын жақсара береді екен. Ал біз оқуды кешірек бастаппыз.

***
Жастарға оқыңдар деп айтқым келеді. Бірақ нені оқу керек? Мысалы, әлемде миллиондаған кітап бар. Оның бәрін оқып тауысу мүмкін бе? Сен оның бәрін оқимын деп мақсат қойсаң, қашан жұмыс істейсің? Сондықтан алдымен өзің кімге ұқсағың келеді, кім болғың келеді, сол сұраққа жауап тап. Сол адамның нені оқығанын біліп ал. Сол кезде білім алу оңайырақ болады. Сендер де менің балам қатарлысыңдар. Әлгінде балам туралы бекерге айтқан жоқпын. Ол жақсы мектепті, жақсы оқу орнын бітірді. Ары қарай магистратура оқығысы келді. Бірақ мен баламның стандарт жолмен жүрмей, өмірге араласып, шын мәнінде не қалайтынын өзі түсінсе дедім. Өмірге араласып көргенде ғана өзіне не қажет екенін түсінеді.

Сондықтан қажет нәрсені оқу керек. Қажет нәрсені оқу үшін бірінші «кіммін?» деген сұраққа жауап бер. Әншісің бе, суретшісің бе, бизнесменсің бе, инженерсің бе, мұғалімсің бе, сенің жаның нені қалайды? Осыны білмегендіктен, біз адасып, біресе былай, біресе былай жүріп қаламыз. Кейде әке-шешеміз араласады. «Мұғалім бол, қазір айлығы жақсы» дейді. «Полиция бол, «Джиппен» жүресің», «Инженер бол. Атырауға барып мұнайшы болып, ақшаның астында қаласың» деген секілді пікірлер әсер етеді. Біз өзімізге не керек екенін білген кезде, қажет нәрсе үшін білім алып, жұмыс істейміз. Сонда бәрі оңай әрі өнімді болады.

***
Қазір кез келген адамға қаржылық сауат керек. Қандай мамандық иесі болсаң да, қаржыны дұрыс жұмсауды үйрену керек. Жеке есебіңді жүргізуді білмесең, өмірің де «бардак» бола бастайды. Жастарға айтарым, қазір мүмкіндік бар кезде қаржылық жағынан сауатты болуды үйреніңіздер дер едім.

***
1998 жылы әскерден келген кезімде жұмыссыз жүрдім. Жолдас жігіт бір жерге жұмысқа кіргізді. Біреудің үйіне еурожөндеу жасап жатырмыз. Маған терезенің бояғын тегістеп қырып тастауды тапсырды. «Біреудің жалғыз ұлымын, менен кейін үш қарындасым бар. Үйдің үлкенімін. Институт бітіргем. Әскерге барып келдім. Ал менің істеп отырғаным не нәрсе?» – деп ішімнен ыза болып отырдым. Сондай сезімдер адамды алға жетелейді екен.

Дайындаған 
Жадыра АЙМАХАНҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті

504 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз