Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 02 Ақпан, 2023

КЛАССИК

(Әбдіжәмил Нұрпейісов туралы бірер сөз)

Арқадағы Құмдыкөл маңынан алмас өндіріле бастағалы біраз жыл болды. Бұл бір машақаты мол жұмыс көрінеді. Мәселен, осы Құмдыкөл маңынан 1 тонна тасты үгіп отырып іздегенде шамамен 19-27 карат қана алмас табылуы мүмкін. Мұндағы 1 қарат дегеніңіз 0,2 грамм ғана болатынын ескерсек, алмас алудың қаншалық қиын екенін түсіне бастайсыз. Оның өзінде жоғары сапалы зергерлік алмас өте ­сирек кезігеді, көбіне техникалық алмас шығады, соның өзі үлкен олжа. Аса бағалы зергерлік алмас қолға түсе қалса, оны жан-жағын егеп, қыр шығарып, өңдеу қажет. Мұны алмас қашау дейді. Нағыз кәнігі шебердің қолынан келетін кәсіп. Бұл да көз майын тауысып, төзімге салмақ салатын ұзақ еңбек екен...

Алаштың бағына біткен қарым­ды қаламгері, қабырғалы қай­раткері, классик жазушы ­Әбді­жә­мил Нұрпейісовтің әдебиеттегі ерен еңбегін осы алмас қашаушы шебермен салыстырсақ қателеспеген болар едік. Қазақтың соншалықты бай сөз қоры арасынан алмастай жарқырап тұрғандарын ғана ерінбей іздеп тауып, оның өзін қырлап, көздің жауын алатындай жарқыратып қол­дана біледі. Сол себепті сөзбен сурет салу­дағы хас шебердің туындылары қазақ әде­биетінің көгінде жұлдыздай жарқырап тұр.

Әрдайым ағысқа қарсы жүзетін, сертіне берік, діні қатты, ділі құнарлы, діңі сексеуілдей шымыр дарабоз құбылыс, тарлан тұлға осы дегдар болмысынан, тарпаң мінезінен бір сәт танған емес. Бар ғұмырын жазуға арнаған, сөйтіп, шынайы шығармашылыққа адал болған оның мұраты ғажап кейіпкерлер галереясымен ажырағысыз ұштасып, Әбең мен әдебиет деген біртұтас қастерлі ұғымға айналып кеткендей. Оның біреуді көлгірсіп мақтамайтын, өзі де мақтанбайтын, сабыры сарқылмайтын, төзімі түгесілмейтін шыңырау мінезі даладан дарыған нәр еді. Басқа қаламгерлер мерейлі белеске шыққан сайын дабыралап мадақ жаздырып, дақпыртпен той жасап жатқанда абыз Әбең бір де бір атаулы тойын атап өтпегені бүгінгі біздерге өнеге. Ол тұтас шығармасына ғана емес, әрбір сөйлеміне, әрбір жазған сөзіне ықтиятпен мән беріп, қайта-қайта өңдеуден-жөндеуден әсте қажымайтын. Суреткердің көркем сөз сиқырына іңкәр періште көңілі, эсте­ти­калық тұнық талап-талғамы оны үнемі мазасыз еткеніне көзіміз талай мәрте жеткен.

Әбеңнің өмір жолына қарап отырып, адамның рухани дүниесі қаншалықты орнықты, мығым болса, бойдағы қажыр-қайрат, ерік-жігер де соншалықты мол бола ма деп ойлайсың. Ұлы суреткер Әбдіжәмил Нұрпейісовтың сөз өнеріне деген құрметі еріксіз таң қалдырады. Ол әр туындысын бойындағы қабілетін сарқа жұмсап, сөз атаулыны әбден екшеп отырып шығарады. Сөйлем мен сөзге аса жоғары талғаммен қарайды. Ә.Нұрпейісов шығармашылығының ерекшелігі де осында: сөз атаулының бәрі ұқыпты қыз жиған жиһаздай жарасып тұрады.

Әбенің жазу мәнері де қызық еді. Жылына екі рет – қыста және күзде бірнеше апта санаторий-шипажайда немесе ауруханада жатады. Бір жағы ем қабылдайды, екіншіден, ешкім мазаламайтын тыныш жерде жатып, шығармаларын жазады немесе әлдеқашан әлемдік әдебиет сыншыларының бағасын алып, көптеген тілдерге аударылған туындыларын қайта қарап өңдейді. Ерте жатады. Тоғызда, ары кеткенде онда жатқандықтан, таңғы төртте оянады. Алты сағатта ұйқысы әбден қанады. Жылдың қай мезгілі болсын, жылы киім киініп, қымтанып, аяғын жылы ұстап, басын орап алады. Асықпай, шәйнегін сақылдатып қайнатып, сүтті шайды баппен ішіп, ақ тер, көк терге түседі. Сосын көзін тарс жұмып, кірпігін айқастырып, 10-15 минут қыбыр етпей отырады. Мұны шабыт шақыру десе де болады. Саусағы ойнаса, шабыты қашып кетердей, тырп етпейді. Шығарманы қалай бастап, қалай жалғастыру керек екенін оймен өрбітіп, толғатады. Әбден балбырап, бабына келген сәтте сол қалпымен жазу үстеліне келіп отырады. Содан кешке дейін шаршамайды. Арасында ем қабылдайды, ас ішіп, демалады, аздап серуендейді. Қалған уақытын жазуға арнайды.

Онда да бір бетті өзі ғана түсінетіндей ұсақ жазулармен көшіре береді. Қайта-қайта көшіріп, жұмырлап, жона түседі. Жона түскен сайын шығарма ширап, шырайы кіріп, шебердің қолынан шыққан мінсіз мүсін қалпына келе бастайды. Оқылған сайын басы артық сөздер мен тіркестер түсіп қалып жатады. Осылайша бір оқиға немесе бір сәттің өзі үздіксіз көшірулерден кейін ширыға түсіп, шып-шымыр қалпында кемеліне жетеді. Бұл орайда Әбе әйгілі Толстойды өзіне үлгі тұтып, ұстаз санайды. Данышпан жазушының даңқты шығармасының бір бетін бәленбай рет көшіргенін рахаттанып айтудан жалықпайды.

Сөздің жауапкершілігі мен қаламның құдіретін сезінгендіктен бе екен, Әбе сөйлер сөзге де мұқият дайындалады. Ойын жүйелеп, қағазға ерінбей түсіріп алады. «Ауызекі сөзде не тұр, кім елей қояр дейсің?!» деген немқұрайлылық жоқ. Туған күн, үйлену тойы немесе қазада болсын, жазып әкелген сөзін асықпай оқиды. Ал өзге тілде сөйлейтін болса, алдын ала аударма жасатып қояды. Бұл да бір өнеге алатын іс қой деп ойлаймыз.

Әбдіжәмил Нұрпейісовтің әдебиет әлеміне бірден іргелі роман арқылы енуінің өзі құбылыс еді. Осынау алғашқы туындысымен-ақ ол қалың оқырманның назарын аударған болатын. Алайда ұдайы ізденіс жолында жүретін Әбең, өзі куә болған аласапыран күндердің елесіндей болған сол «Курляндия» романына бір қайнауы кем дүниедей қарады. Мақтауға, лепірме сөзге мастанбай, орыс тіліне аударылайын деп тұрған жерінен қайтарып алып, шығармасын қайыра жазып шықты. Сонда да тырнақалды туындысына аса көңілі толмай, мейірленіп, бауырына баса алмай, тіпті, дүкен сөрелерінен көріп қалса, қарадай қысылып, ұялады екен. Бұл да тумысынан ұяң Әбенің өзін-өзі аямай, үнемі қамшылап, ізденіп, жетілу үстінде жүретін ерекше мінезін көрсетсе керек.

Әдебиет атты айдынға сарқылмас арна тартып, әлемнің көптеген тілдеріне аударылған, өшпейтін шығармалар жазып, өлмейтін кейіпкерлер жасаған Әбе – шын мәнінде бақытты қаламгер. Себебі ол өзінің бар саналы ғұмырын әдебиетке, жазуға һәм оқуға арнады. Соғыстан кейін әдебиет әлеміне имене аттаған майдангер қаруын қаламға айырбастады. Алпысыншы жылдары «Жұлдыз» журналының тізгінін ұстады. Басылымға келе сала Әуезов «жыл келгендей жаңалық» деп бағалаған жас­тар легін әдебиет сахнасына шығара бастады. Көптеген жастың жолын ашып, жөн көрсетіп, ізбасар інілеріне қамқор бола білді. Әрине, ол екпін әлдекімдерге ұнамаған болса керек, бір жылға жетер-жетпес уақытта әлдебір себептермен орнынан алынды да, Аралды бетке алып жүріп кетті. Содан кейін ешқандай қызметтің тізгінін ұстамады. Қаламын сүйеу етіп, қағазға түскен әлемінде, қан мен тердің арасында өмір кешті.

Қасиетті қаламды қолына алғалы бері «Әдебиет – әдеп» деген қағиданы жадында берік ұстанған Әбе өзінің ұстамды қалпынан әсте жаңылмады. Кез келген туынды автордың мінез-құлқымен, таным-түсінігімен астасып жататыны белгілі. Нұрпейісов шығармаларынан автордың өзін көрмейсіз. Есесіне оның Еламан, Жәдігер, Тәңірберген, Әзім, Айбала, Бәкизат, Судыр Ахмет, Сары Шая секілді кейіпкерлері бірін-бірі жалғап, дамытып, сабақтасып, көзге түсіп тұрады. Бұл да әдебиеттегі парасаттылықтың көрінісі.

Біз Лев Толстой шығармаларының те­рең­дігіне, ойшыл суреткердің даны­ш­­­­­­­­­­­пан­­дығына тәнті боламыз, Михаил Шолоховтың туындысындағы тілдің қарапайымдылығына еріксіз сүйсінеміз. Рас, Әбе осы қабырғалы қаламгерлердің ең басты қасиеттерін бойына сіңіре білді. Сондықтан да оның ұғынықты, жинақы, бояуы қанық шығармалары үлкен ойларға ұласып жатады.

Бұл орайда кейбір қаламгер-заман­дас­тары Әбені қазақтың Шолоховы деп, «Қан мен терді» «Тынық Донға» теңеп келгенін білеміз. Бекер емес-ау деп те ойлаймыз. Шолоховтың даналықты қарапайым тілмен жеткізе білген кең тынысы Әбеде анық байқалады. Дегенмен, біз байқаған ұқсастық басқа мәселе: орыс әдебиетшілері Михаил Шолохов пен Лев Толстойдың арасында рухани сабақтастық мол екенін айтады. Ал біз Әбдіжәмил Нұрпейісов пен Мұхтар Әуезовтің арасынан дәл осындай сабақтастықты аңғарамыз.

Бұрын неге мұны айтпай келдік? Ол кезде заман басқа еді. Қазақ ылғи аға ұлт өкілдерінен үйренуге тиіс, ізбасары болуы керек еді. Сөйтіп, Нұрпейісовті Шолоховтың «шәкірті» етіп жіберуге мәжбүр болған секілдіміз. Әсілінде, Әбені қазақтың маңдайына біткен ұлы қаламгері Мұхтар Әуезовпен ұштастыруға болатын шығар. Мұхаңды ұстаз тұтқан Әбе ұлы суреткердің әбден кемелденген шағында көзін көріп, тәлімін алды. Өз сөзімен айтқанда, «іштей жақын тұтқан, аса тәнті болған әдебиеттегі академигін, ұстазын» шексіз жақсы көрді. Ерекше ілтипат, айрықша құрметтің әсері болса керек, сол ұстазына тонның ішкі бауындай етене жақын болуға бір жағы жүрексінетін еді. Әйтсе де, ибалы, үлкенді құрметтеп өскен ауылдың тәрбиесі тұла бойына тұтас сіңген Әбе мінсіз ұстазын үнсіз жақсы көретін. Ұстаз бен шәкірт арасындағы махаббат та осындай тілсіз, риясыз болса керек. Оны адам жанын терең біліп, сезетін дария-данышпан Мұхаң да қапысыз ұққан сияқты. Өмірінің соңғы кезеңінде кейде өзінен сырғақтап, кездесе қалса қызарақтап, шеттеп тұратын қаламгер інісін жақын тартып, оны Жазушылар Одағына басшылыққа ұсынады. Бұл – алыптардың арасындағы алтын арқауды, үзілмей жалғасқан ұрпақтар сабақтастығын көрсетсе керек. Осы әрекеті арқылы ұлы Мұхаң әдебиеттің ендігі кезегін Әбеңе тапсырып, батасын беріп кеткендей әсер қалдырады.

Нұрпейісов туындылары ішінде бірден ойға оралатыны, әрине, «Қан мен тер». Әдебиеттегі алғашқы қадамының өзін кесек туындыдан бастаған қаламгер осы арналы шығармасы арқылы мұқым әлемге мәшһүр болды. «Қан мен тер» туралы өте көп жазылды, жазылып та жатыр. Жазыла да бермек. Ол – сарқылмайтын тақырып. Бірауық біз бұл туындыны Әбенің өзі ұлы ұстазы санайтын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясымен салыстыра қараған едік. Домбыраның қос шегіндей жарасып жатқан үндестіктер лек-легімен табыла берді, табыла берді.

Мәселен, екеуі де нақты дәуірдегі қазақ өмірінің тыныс-тіршілігін арқау еткен. «Абай жолын» қазақ әдебиетіндегі тұңғыш эпопея санаймыз. Ал «Қан мен тер» – осы ұлы дәстүрдің жалғасы іспетті. «Абай жолы» ХІХ ғасырды сөйлетсе, «Қан мен тер» ХХ ғасырдағы бүтін бір ұрпақтың дәуірін қамтыды. Айрықша шеберлікпен суреттеледі, оқырманды сол дәуірге сүңгітіп, шиеленіскен оқиғаға шынымен араластырып жібергендей күйге бөлей алады. Бейне бір үйінді төбелердің астынан бір кірпішіне де зиян шектірмей аршып алған қаланы көз алдыңа ұсынып отырған архео­лог дерсің. Археолог қаланың сұлбасын ғана ұсынады ғой, ал Мұхаң мен Әбең бізге сол замандарды ұсақ тіршілігіне дейін қаз-қалпында көрсете алды емес пе?! Демек, «Қан мен тер» романы да бүтін бір дәуірге жан бітірген эпопея.

Жалпы екі туындының ортақ ерекшелігі – образдарға өте бай. Екеуін де қазақ қоғамындағы алуан түрлі образдар мен кейіпкерлердің тұтас галереясы дейтіндей. Бір қызығы «Абай жолы» мен «Қан мен тердегі» кейіпкерлердің арасында да өзара байланыстар бар (бірақ көшірме емес), екі дәуірдің арасында үзіліс жоқ, бір-бірінің заңды жалғасы екеніне осының өзі еріксіз сендіре түсетіндей. Айтпақшы, замана заңғары Мұхтар Әуезов пен классик жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісов өмір сүрген кезеңдер де үзіліссіз бір-біріне жалғасып жатыр емес пе?!

 «Қан мен тердегі» ерекше шебер сомдалған образдардың бірі – Тәңірберген. Кеңес дәуірінде бұл бейнені жасаудағы жазушы шеберлігін айта алмай келдік. Өйткені үстем тап өкілдерін мақтау қауіпті еді. Кез келген туынды ескі мен жаңаның, үстем тап пен кедей қарашаның арасындағы тартыс ретінде талдануға тиіс, сонымен қатар мұндағы үстем тап ретінде қарастырылатын образ тек жағымсыз жағынан ғана айтылуы керек болды. «Абай жолында» осындай жайтты көреміз. Мұндағы Құнанбай образының сансыз қатпарына енді ғана үңіліп, астармен жеткізілген талай шындыққа куә болып жатқан жоқпыз ба? Ал сол шындықты қызыл империяның қылышы жалаңдап тұрған кезде айту мүмкін бе еді? Тәңірберген де Құнанбай образы сияқты көп қатпарлы, астарлы, жұмбағы да мол бейне. Әдебиеттанушы ғалымдардың ендігі зерттеу нысаны болатын образ деп ойлаймыз. Сонда оның көп жұмбағын шешіп, «Қан мен тер» трилогиясының жаңа беттерін ашқандай, жаңа шындығын ұғынғандай болар едік. Сол секілді «Қан мен тердегі» өлмес образдардың бірі Судыр Ахмет пен «Абай жолындағы» Жұман қырт көп қылықтарына қарағанда туыс жандар секілді, бірақ олардың оқиғалары мен ортасы мүлдем басқа.

Енді қос туындыдағы оқиғалар өтетін жерге де назар аударыңыз: Шыңғыстау – Арал. «Абай жолында» қыр қазағының жан дүниесінен, тұрмыс-тіршілігінен толағай мағлұмат сыр болып шертілсе, «Қан мен тер», «Соңғы парызда» дала жиегіндегі Арал теңізінің толқынымен арпалысып, шыңылтыр мұз үстінде өмір атты «ырың-жырың» үшін күрескен алуан түрлі кейіпкерлердің ешкімге ұқсамайтын сыр қазағының дара бейнелері сомдалады. Екеуі де жазушылардың туып өскен, ойы мен шұңқырына дейін толық білетін жерлері. Сол секілді кейіпкерлері де авторлардың өздері көріп өскен ортаның бейнелері. Яғни екі туынды да ойдан шығарылмаған, сол дәуірлердің боямасыз шындығы. Кейіпкерлер арасын байланыстырып тұрған нәзік ұқсастық бір ғана нәрсе. Ол – шындық. Әр ауылдың Жұман қырты мен өз Судыр Ахметі, әр рудың өз Тәңірбергені мен Құнанбайы болады. Сондықтан қос шығармадағы туыс кейіпкерлер кәдімгі өмірдің өзінен алынған деуге толық негіз бар.

Әбдіжәмил Нұрпейісов те Мұхтар Әуезов сияқты туындыларына арқау болған оқиғалар желісін терең зерттеп, нақты деректер арқылы тұтас бір дәуірдің жаңғырығын қайта қалпына келтіре білген.

Әбең ХХ ғасырды жазып шыққан тұлға. Жазушы хақында марқұм Ақселеу Сейдімбек былай деген екен: «Суреткер ретінде Әбдіжәмил Нұрпейісов ғасырдың осынау алапат та асқақ болмысын, өзінің кіндік жұртын мысал ете отырып, нағыз өнер тілімен жырлап бере алды. Бұл ретте, Әбдіжәмилдің өмір бойғы жазғаны бір тұтас, бір ғана эпопея десе лайық. Ол эпопеяны «ХХ ғасыр және қазақ әлемі» деп атауға да болар еді. Ғасыр басындағы сергелдең («Қан мен тер»), ғасыр ортасындағы сұрапыл («Курляндия»), ғасыр соңындағы сүргін («Соңғы парыз») біртұтас сабақтастығымен көркем полотно құрайды».

Осы бір ауыз сөздің үлкен мағынасы, қадау-қадау туындыларының бәрі де бір арнаға келіп тоғысып жататынын аңдатады. Әбенің жоғарыда аталған үш туындысының әрқайсысы ХХ ғасырда қазақ қоғамына айрықша ықпал еткен үш ірі тарихи оқиғаны қамтиды. «Қан мен тер» трилогиясы – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті, Қазан төңкерісін, «Курляндия» романы – ІІ дүниежүзілік соғысты, «Соңғы парыз» диалогиясы – Кеңес Одағының тоқырап, қоғам үлкен бетбұрыс алдында тұрған шақты арқау етті. «Соңғы парыздағы» шиеленісті қоғам өмірі еліміздің тәуелсіздігіне әкелгені белгілі. Сондықтан Әбенің жазғандары бір-бірін толықтырып, тұтас бір әлемді құрайтындай.

Нұрпейісов сан қуып жазған жоқ, сапаға қарады. Сондықтан да оның жазғандары өміршең болып келеді. Ол қаламгер ретінде өте талапшыл еді, әсіресе өзіне қатаң талап қоя білді. Қаламынан туған әрбір туындысының оқырман үшін «жүрегі лүпілдеп соғып тұрған, ыстық қанды сырлас», тірі ағза секілді болуын қадағалады. Бұл орайда ол Хемингуэйдің артық сөзі жоқ, айтарын қысқа әрі нұсқа жеткізіп, нысанаға аз сөзбен дәл тигізетін шеберлігін ұнататын сияқты.

Біз әйгілі Э.Хемингуэйді бекер тілге тиек етіп отырған жоқпыз. Оның «Шал мен теңізі» әлемнің кез келген нүктесіндегі ырыздық-нәпақа үшін таласқа түскен жеке адамның тағдыры, ал Нұрпейісов шығар­машылығында бір ұлттың жанайқайы симфониядай күңіренеді. Кеңірек қарасақ, мұнда қазақ халқы ғана емес, бүкіл адамзаттың басына бұлт боп үйіріліп тұрған тағдырлы мәселе сөз болады.

«Соңғы парыздағы» көркемдік пайым бойынша Аралдың жойылуы – Аралдай шалқыған адамның ішкі әлемінің тартылып, суалып, ізгіліктің жойылуы, соңғы ғасырдағы адамгершілік экологиясының сұрқай тарту кеселі жаһандық ауқымда дабылқақты пернеде суреттелген.

Айталық, Жәдігер мен Бәкизаттың арасындағы жұбайлық, ізгілік қарым-қатынастар Арал теңізіндей суалып сарқылған. Арал да адамдардан, жаға­лау­дан қашқан. Жәдігер де адамдар арасынан қашып ақырғы өмірі мұзда өтеді. Артына қарайласа ешқандай із де жоқ, белгі де жоқ. Ақыры Жәдігер, Бәкизат, кабинеттік өлшемдермен құрсауланған академик Әзім мұз үстінде тоғысады. Қай кезеңде де, қай дәуірде де заманына қарай икемделіп, тіпті қайраткер болып көрінетін «пысықай» Әзім соңғы сәтте мұнда да сеңнен сытылып шығады. Ал он үш жыл отасып, тіпті дүниеге перзент әкелген Жәдігер мен Бәкизат бір-бірінің қадірін тек ақырғы сәтте, түнерген бұлттармен түнекке айналған, буырқанып, сеңдері соғылысқан теңіз үстінде ғана біледі. «Дүние – ғапыл, өмір – зая» деген осы шығар. Автор бұл орайда «Бас-аяғы бір тұтам тірліктің ақыры, міне, ит жыртқан қара терідей ырым-жырым. Соған кім кінәлі?» деп мәңгілік сауалды алдымызға тартады. Осыған байланысты болса керек, қабырғалы қаламгеріміз Әбіш Кекілбаев бұл туындыны «арылу әдебиетінің басы» деп бағалаған екен.

Шығарманың шырқау шегінде жылу іздеген торғай да пана іздеп мұз үстіндегі Жәдігердің қойнына еніп кетеді. Бірақ Жәдігердің денесі суып, аманат шағы жеткенін сезгенде, пыр етіп ұша жөнеледі. «Жаны кеудеден ұшты» деген көне түркілік мифтік түсінікті жазушы қолданғанымен, мұнда адамгершілік экологиясының суалғанын жанайқаймен ұқтырғандай. Абай хакім «Көздің жасы, жүректің қаныменен, ерітуге болмайды ішкі мұзын» деп қазақтың тақсыретін айтқан ғой. Сол сияқты алып даланың шетіндегі Аралдың тоң-мұзында тоқайласқан үштаған тағдыр иелерінің де табан басқан соңғы кеңістігі ызғарлы мұз, кеуделерінен жылылық кеткен, ал табандары тайғақ, бедерлі іздері де жоқ. Жалпы Нұрпейісов тұманды түндегі теңізде қақпақылға түсіп, сеңдей соғылысқан, балыққа ұмтылған тайғақты да тайқы маңдай елінің құландай жосып кеп, ақыры мұз үстінде, ішкі жан-дүниесі де мұзға айналып сіресіп-тіресіп тұрған тағдырлы жұрт екенін астарлы уәжбен түсіндіргендей. Бұл ретте кешегі дәуірдің зая-ұрпағының тағдыр-талайын бейнелеп тұрғандай... Мың айдың жүзін көрген Әбе абыздық кемел қасиетпен өз халқын айта отырып, барша адамзат табиғат-ананы жеңеміз деп лепіріп жүріп, өзінің ішкі ізгілік қазынасынан айырылып, ақыры ХХІ ғасырда жар шетіне тіреліп, айдын көлін сарқып, асқар тауын аласартып, табаны тайғақ мұзда тұрғанын «Соңғы парыз» романында үштаған кейіпкерлердің бір күнгі өмірінің оқиғасына сыйдырып, шеберлікпен түйіндеп суреттегені анық аңғарылады.

Міне, осылай зиялы адамның өз халқы алдындағы міндеттерін терең түсіне білген Әбе жазу­шылықпен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол халқының қалың ортасындағы қиындығын бірге көріп, қуанышын бір дастархан басында бөліскен нағыз қайраткер де бола білді. Қазақтың мұңы мен мұқтажын ең биік мінберлерден тайсалмай айтты. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде де бұғып қалған жоқ. Арада бір жыл өткенде Мәскеудегі мәжілістердің бірінде ол Колбинді Қазақстаннан кері қайтарып әкетуді талап етті. Жалпы тіл, ауыл, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, Аралдың жағдайына қатысты мәселелерде өткір пікірін үнемі бүкпесіз айта білді.

Cырлас інілерінің бірі Мырзатай Жолдасбековтің сөзімен айтқанда, Әбе «ешкімге ұқсамайтын, ешкімнің алдында кішіреймейтін, жаны таза, болмысы бөлек текті кісі». Расында, сыртынан суық, қаталдау көрінгенімен, Әбенің жан дүниесі мейірімге толы болатын. Ықыласы түскен адамға бар пейілімен ақтарыла ауады, ал көңілі қатты қалса, қайта қайырыла қоймайды. Сондықтан өз дегені болмаса, оңайлықпен тоқтай қоймайтын қайсар мінезін кейде жұрт қыңырлыққа балап жататын. Әсіресе, ел тағдыры, жер тағдыры дегенде қайраттанып, айбаттанып, ештеңеден қорықпай, арыстанмен алысуға даяр тұрушы еді, жарықтық.

Осыған байланысты мына бір оқиғаны айта кетпеске болмас. 1990 жылдың 30 ма­мырында КСРО президенті Михаил­ Горбачев Алматыға келіп, алқалы жиын өткізеді. Ол Кеңес Одағының әлі де қай­раты қайта қоймаған шақ. Әне-міне тәуелсіз ел болып кетеміз-ау деген үміт те қылаң бере қоймаған. Әбең әлемдегі ең алып империялардың бірінің көсеміне қасқая қарап тұрып, отарлау саясатын әшкере етіп, қазақ тілін мемлекеттік тіл етуге наразы пікірлерге тойтарыс беріп, тайсал­мастан айтып салған еді. Бұл сол күні теле­дидардан толық көрсетілді. Алайда, ешбір баспасөз бетінде жарияланған емес. Әбдіжәмил аға да «мен сөйтіп айтып едім» деп жүрген жерінде алаулатып-жалау­латып айта бермейтін.

Жалпы Әбенің ұстанымының өзі сондай. Ұстазы Мұхтар Әуезов «Үлкен талант әдебиет майданына айқайлап келмейді» дейді екен. Оның үстіне Әбдіжәмил ағаның өзі үн-түнсіз жазып қана жата бергенді жөн көрмей, азаматтық істерге араласып, қоғамға үн қосып отыру қажет деп санайтын. «Ұлттық мәдениеттің тұтас қамын ойлау үшін әдебиетші ең алдымен өзін азамат сезінуі керек» деуші еді.

Халықтың арасында жүретін абыз қаламгер елдің тіршілігіне де бей-жай қарамады. Тоқыраудың тоңы құрсаған тоқсаныншы жылдары елге барып, мерейтойын тойлап қайтқан бір құрдасына: «Халық қиналып жатқанда, жұрттың қалтасына түсіп не көрінді?» деп, ұрысқанын естіп бір сүйсініп қалған едік.

Ол көзі тірісінде атақ та, қызмет те қумай, әдебиетке адал еңбек етудің өшпес өнегесін көрсете білді. Өйткені ол – сөзбен сурет салып, қаламның құдіретін құрмет­тейтін қабырғалы қаламгер, алаштың айбыны мен абыройы үшін басын бәйгеге тігуге даяр қайраткер азамат, әдебиет әлемінде өзіндік қайталанбас орны бар классик жазушы еді. Сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға арнайы барып, Әбенің кеудесіне «Еңбек Ері» Алтын жұл­дызын тағуы – әдебиетіміздің тұтас бір дәуі­ріне көрсетілген құрмет ретінде бағаланды.

Әбенің жанында жиырма жылдай жүріппіз. Жақсылығын көрдік, шарапаты да тиді, тағылымын алдық. Аға сөзінің аясында жүріп әңгімесін көп тыңдадық. Қолыңнан тарс қысып ұстап алып, көзін жұмып, кейде күлімсіреп, беріліп айтатын, жарықтық. Тыңдарман бейне кино көріп отырғандай әсер алатын еді. Кейде таңға дейін таусылмай әңгіме айтады. Жадына таң қалатынмын.

Үйде даусы сақталған бірнеше кассета бар. Оның ішінде не жоқ дейсіз: кейіп­кер­лері туралы да, шығармашылық лабора­ториясы да, тіпті жеке өмірі жайында да ағыл-тегіл әңгіме. Бәкизат кім, оның қылық­тары өмірден алынған ба? Жәдігер, Тәңір­берген, Ақбала, Еламан бейнесін қай­дан алған? Бір орайы келгенде оны да жазармыз...

Сөз басындағы алмас өндіру жайына қайта соғуға тура келіп тұр. Әбенің замандасы, жазушы Қалтай Мұхамеджанов бірде: «Әзірше мен білетін Нұрпейісовтің екі қасиеті бар. Оның біріншісі, өз шығармасына қатал сын көзімен қарайтын ондай жазушыны өзім жер басқалы көргенім жоқ. Оған дәлел – мойнында берешек жиырма алты мың сом қарызы бар осы Нұрпейісов ертең шығайын деп жатқан «Қан мен тер» трилогиясын баспадан алып кетіп, бір жыл бойы қайта қарап, көк-ала шимай қылғанын өз көзіммен көргенмін» деп таңданғанын әрі сүйсінгенін білдірген екен. Алғаш жазған «Курляндия» романын да әлденеше рет електен өткізіп, сөлін сыққандай, артық сөздің бәрінен арылтып барып қайта жариялағанын білеміз. «Сең» романы да мұқият қашап, қырлаулардан кейін гауһар тастай жарқыраған – «Соңғы парызға» айналды. Әбдіжәмил Нұрпейісов осылайша алмас қашаушы шебер секілді ерінбей еңбектеніп,  уақытпен бірге жарқырар жауһар туындылар қалдырды.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

"Ana tili" газеті

483 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз