Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 02 Ақпан, 2023

Биыл «Қазақ» газетіне – 110 жыл

Атаулы датаға байланысты Алматыдағы Ұлттық кітапханада конференция өтті,- деп жазды "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директорының орынбасары-Алматы филиалының басшысы Думан Анаш өзінің Facebook парақшасында.

"Жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтау хатын вице-министр Қанат Ысқақов оқып берді.

Расында, осыдан 110 жыл бұрын жарық көрген «Қазақ» газетінің таралымына қазіргі кейбір республикалық басылымдардың өзі жете алмай отырғаны белгілі. Тіпті, Қытайдың Шыңжаң аймағына, Қоқанға дейін тараған газеттің аудиториясын бүгінгі коммуникациялық мүмкіндіктер жетілген заманда бағындыра алмай отырғанымыз жасырын емес.

"Тарихшы Мәмбет Қойгелді Орынбор архивіндегі №21 жандармерия мен №2 генерал-губернатор канцеляриясы қорларында газетті басып шығаруға генерал-губернатор Н.Сухомлиновтің рұқсат беру құжатынан бастап, Ахаңның өз қолымен жазған газеттің 13 пунктен тұратын бағдарламасына дейінгі іс қағаздарының сақталғанын айтты. Осы құжаттардан газет 1913 жылы 2 ақпанда жарық көрсе, 5 ақпаннан бастап бақылау жүргізіле бастағанын да көруге болады.

Ахаңның көршісі, дәрігер Мәжит Шомбалов тергеуде берген жауабында Ахаңның өзіне «Әй, Мәжит, біздің патшалық замандағы өміріміз анағұрлым жақсы еді ғой, бізді қудалады, теперіш көрсетті, бірақ атқан жоқ, асқан жоқ, өлтірмеді. Жақсылы-жаманды ел қатарлы өмір сүрдік. Ал мына жүйенің беталысы жаман ғой...» деп айтты» дейді.

«Қазақ» газеті жарық көрген патшалық кезең болсын, кейін біржола жауып, баспаханасына дейін таратып жіберген кеңес өкіметі орнай бастаған жылдар болсын, қазақты ел қылу жолындағы асыл идеяларынан айнымаған басылымның басында тұрған Алаш зиялыларының табандылығы мен қажыр-қайратына таңғаласың.

Жиында Сағымбай Қозыбаев, Әбдіжәлел Бәкір, Хангелді Әбжанов, Ғарифолла Әнес, Бағдан Момынова, Райхан Имаханбет, Светлана Смағұлова, Елдос Тоқтарбай және т.б. ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері «Қазақ» газетіне қатысты мәлім де беймәлім деректер мен ой-ұсыныстарын ортаға салды",- деп жазды Думан Анаш. 

2006 жылдан бастап жазушы, марқұм Қоғабай Сәрсекеев қайта жалғастырып шығара бастаған газеттің қазіргі редакция қызметкерлері мен авторлары ведомстволық медальмен, алғыс хатпен марапатталды.

Фото:www.facebook.com/ DumanAnash

 

 

883 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз