Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 03 Ақпан, 2023

«АМАЗОНКАДА» ӘУЕЛЕГЕН ӘН

Зейнолла АБАЖАН

Әдебиет, өнер, спорт және журналистика сияқты салада істейтіндердің бір артықшылық жағы бар, үнемі көпшілік назарында болады. Сондықтан олар бір-бірін сырттай да болсын жақсы біледі.  Қазақстан шығармашылық жас-тары  Республикалық «Жігер» фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының Оралхан Бөкей атындағы, Қазақстан Жастар одағының, Халықаралық «Алаш» әдеби және Халықаралық Валентин Пикуль атындағы сыйлықтарының лауреаты, жазушы-драматург Талаптан Ахметжанды сырттай жақсы білгенмен 1991 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке келгенімде жүзбе-жүз алғаш рет танысқан болатынмын. Қашан да сабырлы, сыпайы, сөйлер сөзін сараптап, баптап барып қана айтатын, жүзінен ерекше бір жылы леп есіп тұратын, бойшаңдау, отызға енді ғана келген қараторы жас жігіттің кімді де болса өзіне тартып тұратын магниті бар сияқты еді.  Сондықтан болар алғашқы күннен-ақ жатсынбай, одан кейінгі жылдары да Талаптанмен, тіпті отбасымен де аралас-құралас болып кеттік.

Әрине, алдымен  кезінде қазақтың классик қаламгерлері, майталман ақын-жазушылары қызмет еткен, әдебиетіміздің қарашаңырағы – «Қазақ әдебиеті» газетінің сол тоқсаныншы жылдардың басындағы ұжымы туралы айтпай кетуге болмас.  Ол уақытта басылымның бас редакторы, халықтың сүйікті жазушысы Оралхан Бөкей еді. Орағаңның қол астында қызмет етудің өзі біздер үшін үлкен мәртебе болатын. Аты жер жарған атақты жазушының алдына барудың өзіне алғашқыда жүрек дауаламағанын жасыра алмаймын. Қатарлас қаламгерлер «Алтайдың Кербұғысы» деп атап кеткен маңғаз кейіпі, елден ерекше жүріс-тұрысының өзі біздерге керемет әсер ететін. Кейін қызмет барысында оның қарапайым да қамқор жан екеніне талай рет көз жеткіздік. Ол өз алдына бөлек әңгіме.

«Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында белгілі ақын-жазушылар Тұтқабай Иманбеков, Сайымжан Еркебаев, Иран Ғайып, Қайырбек Асанов, Дидахмет Әшімжанов, Жүрсін Ерман, Әлия Бөпежанова, Еркін Жаппасұлы, Әмірхан Меңдеке, Қайым-Мұнар Тәбеев, Көлбай Адырбеков, Гүлзат Шойбек, Жүсіпбек Қорғасбеков, Жаңабек Шағатай, Талаптан Ахметжан, Әнуарбек Әуелбек сияқты қаламгерлер еңбек етті.  Байқап отырғандарыңыздай, редакция құрамы кілең мықтылардан тұратын. Қаламы жүйрік шығармашылық топ сол кездегі Тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізген күрделі оқиғаларға толы қоғам өмірі жайлы жарыса жазатын. Басты бағыты әдебиет саласы болғанмен сол бір өліара, қиын-қыстау кезеңде он мыңдаған оқырманы бар бұл беделді басылым қандай бағыт ұстарын білмей сан-саққа сандалған қоғамдық санада ұлттық ұстанымды қалыптастыруға үлкен үлес қосты деп сеніммен айта аламын.

Талаптан Ахметжан шығармашылығы жайында азды-көпті айтылып та жазылып та жүр. Оны мықты прозашы, дарынды драматург ретінде қазақ  оқырмандары мен сахна көрермендері өте жылы қабылдады. Кітаптары қолдан қолға өтіп, драмалық шығармалары осы күнге дейін еліміздегі театр сахналарында қойылып келеді. Оған әдебиет және театр сыншылары да оң бағасын берді. Талаптан шығармашылығы туралы әлі де жазылары анық, оны уақыт еншісіне қалдырайық. Менің айтайын дегенім – қаламгер інімнің адамгершілігі, азаматтығы, жан-жағына жайлы, жаймашуақ мінезі жайында болмақ.

Тағдырдың тоғыстыруы болар, біз – Талаптан, Әнуарбек үшеуіміз сол кезде жаңадан іргесі қалана бастаған «Шаңырақ», «Ұлжан» секілді қатар орналасқан ықшамауданда тұрдық. «Ұлжан» мен «Шаңырақ» ауылдарын ортада Үлкен Алматы өзені ғана  бөліп жатыр. Бір жағадан айқай салсаң, екінші жағындағы «Шаңырақ» тұрғындары түгел естиді десек те болады. Адам аяғы сирек басатын бұл жердің табиғаты да керемет болатын. Алыстағы ақбас Алатаудан асыға жеткен тау өзенінің  аңғары ауқымды, екі жағасы биік жар болып келеді. Ерте көктемде еріген қардың суымен толыққан өзен арнасы өткел бермейтін. Таудың иығына жапқан ақ шапандай қалың қар еріп біткенде ғана сабырлы қалпына түседі.  Өзен жағасы жасыл құрақ, неше түрлі ағаштар өсетін. Сол кезде бұл маңда қырғауыл қойша жайылып, тіпті түлкілер де кездесіп қалатын. Осы көрініске таңғалған белгілі журналист, жазушы Қанат Қайым бір келгенінде: «Мынау нағыз Амазонка ғой!» – деген-ді.  Расында да ұқсастық бар болатын. Алыстағы Амазонканы аңызға айналдырып тамсанатын біздер жер жұмағы дәп жанымызда жатқанын сезбейді екенбіз ғой.  «Алтынның қолда бар да қадірі жоқ» - деген осы шығар. Содан бері бұл жерді өзіміз де «Амазонка» деп атап кеткенбіз. Өкініштісі, сонау тоқсаныншы жылдар ортасындағы қиын-қыстау кезеңде осы маңның тұрғындары сол жасыл желекті ағаштардың біразын отап, отқа жақты. Әрине, отын сатып алуға мүмкіндіктері болмаған тұрмыстық таршылықтан, шарасыз-дықтан...

Ия, ол жылдар ешкімге де жеңіл болған жоқ. Адамдар жұмыссыз қалып, зейнеткерлер зейнетақысын ала алмай қиналған кездер-ді. Әркім өз әлінше тырбанып жанын бақты, біреулер базарға шығып сауда жасап, енді біреулер сол жылдар жаңадан пайда бола бастаған байларға жалданып күнін көрді. Бүгіндері қарап отырсақ, осындай қысылтаяң кезде үй салып жүрген біздер де мықты екенбіз. Әрине, қазіргідей хан сарайындай зәулім үй салу туралы  армандаудың өзі артық болатын. Жиған-тергенімізге екі бөлмелі шағын баспана салып алғанымыздың өзі үлкен жетістік еді. Мал-мүлкін талан-таражға салып, ауылдарды жаппай жауып, қолдан  қиянат  жасаған жауыздық пен жемқорлыққа негізделген саясат салдарынан сол жылдары  адамдар құтты қонысын қаңыратып, амалсыздан қалаға ағылды. Онсыз да қиындық қырсауында қалған қалада оларды кім құшақ жая қарсы алып, бас-басына пәтер кілтін қолына ұстатты дейсіз. Қаланың байырғы тұрғындарының өзі жылдар бойы баспана кезегінде тұратын. Алып кеңестік одақ тараған аласапыран кезеңде  жылдар бойғы тізілген баспана кезегінің өзі де қоғамдық жүйенің ауысуына байланысты жоқ болды. Сол тұста Алматы қаласының басшысы болған белгілі қайраткер Заманбек Нұрқәділовтің шешімімен мыңдаған қазақ жас отбасыларына үй салуға жер телімдері беріліп, қамқорлық көрсетілгені белгілі. Жаны жәннатта болғыр Зәкеңнің арқасында қаншама  қазақ отбасының шаңырағы шайқалмай сақталып қалды. Ұлтжанды азаматтың бұл жақсылығы ешқашан ұмытылмайды, бүгіндері ол ел аузында аңыздай боп айтылып жүр. Сол қамқорлықты көргендер қатарында біздер де бар болатынбыз.

Талаптан қандай қызметте болмасын, күнделікті тіршілікте де өте қарапайым, адамның көңілін қалдырмауға, қолынан келгенінше өзгелерге көмек көрсетіп, қамқорлық жасауға бейім тұратын. Ол туралы қолына қалам ұстаған кейінгі буын өкілдері алдағы уақытта жазарына сенімдімін. Белгілі себептерге байланысты сол кезде біраз уақыт жұмыссыз жүрген кездерім де болды. Жалғыз мен емес, көптеген әріптестеріміз қызмет таппай қиналғаны әлі есте. Жұмыстағыларға да мардымсыз жалақылары қолына уақытында берілмейтін-ді.

Қар күрт еріп, ерте жеткен көктемнің бір күні үйге Талаптан мен сол кездің өзінде көпшілікке әдемі әңгімелерімен, ойлы прозалық шығармаларымен жақсы танымал болған жазушы Дидахмет Әшімхан келіп тұр. Тас жол түсіне де кірмейтін «Ұлжан»  ауылының көшесі жауын жауса, әсіресе, көктем мен күз мезгілінде мидай езіліп жататын, екеуінің де етіктері мен шалбарларының балағына дейін батпақ.   Үлкен Алматы өзені өткел бермегендіктен, төмендегі кезінде  Алаштың ардақтысы Дінмұхамед Қонаев салғызған Үлкен Алматы каналының бойын жағалап, бірнеше шақырым жерді орағытып жеткен екен. Оның үстіне Дидахмет асығыс болғандықтан көп аялдамай кейін қайтты. Сондағы келген басты жұмыстары – бір басылымда орын босап, мені  соған шақырмақшы екен. Жұмыссыз жүргенімді айтып, Дидахметке ұсыныс жасаған, әрине, Талаптан. Дидахмет те қарапайым жігіттердің бірі, соны Талаптан арқылы айтып жіберсе де болатын еді. Жоқ, батпақ кешіп өзі келіп айтқанына қалай риза болмайсыз. Кезінде «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке келуіме де осы Дидахмет Әшімхан себепкер болған-ды. Өкінішке қарай, шақырған қызметке әлдебір себептермен бара алмадым. Бірақ осы күнге дейін дарынды азаматтардың сол жанашырлық ниеттерін жиі еске аламын.

Жастық шақ, жарқын көңілге жердің алыс-жақындығы жоқ екен. Қаланың сыртында, жүретін жөні бүтін жолы жоқ, шаңы шығып жатқан «Шаңыраққа» келмеген қаламгер замандастар қалмаған шығар. Қанат Қайым, Әбубәкір Қайран, Құлтөлеу Мұқаш, Жаңабек Шағатай, Қайрат Әлімбек, Маралтай Райымбек сияқты сол кезде жұртқа жақсы танылып қалған бірқатар ақын-жазушылардың жолы жиі түсіп тұратын.  Шаршап-шалдығуды, ерінуді білмейтін  не деген қызығы мол күндер десеңізші. Талаптан мен Әнуарбек «Шаңырақтың» ең қонақжайлы тұрғындары болғанына бәріміз куәміз. Қаламдас достар алдымен  қалаға сәл жақындау орналасқан Әнуарбектің үйіне ат басын тірейді. Сол кездегі қиын-қыстау кезеңге қарамастан Әнуарбектің жұбайы, жарқын жүзінен жаңылмайтын Жазира бірінен соң бірі келіп жатқан қонақтарды жайдары қарсы алатын, бір қабақ шытқанын көрген емеспіз. Оның қолынан дәм татпаған қаламгерлер некен-саяқ. Талаптанның үйіне барсаң да алдыңнан қонақжайлы Риза келін шығатын. Ата-бабаларымыз дүние есігін ашқан нәрестеге атты қашанда ырымдап, оның келешекте қандай адам болуын қалайтын ниетіне орайластырып қойып келгені белгілі. Осы жағынан алғанда Жазира мен Ризаның ата-аналарының тілегін Құдай толықтай қабыл еткен бе дерсіз. Екеуі де өз аттарына сай, кеңпейілді, ұлттық жөн-жосықты жақсы білетін нағыз қазақы мінезді келіндер. Өкінішке қарай, бүгінгі күні ондай жайдары мінезді келіндерді сирек кездестіретін болдық.

Әрине, қаладан үйге күнде қонақ келе бермейді. Қоғамдық көлік қатынамағандықтан келіп-кетудің өзі қиын. Шаһар шетінде қалған үш әріптестің өзара аралас-құралас болуы заңдылық, басқа тұрғындарды тани бермейміз. Туған күн, басқа да мерекелерді отбасымызбен бірге өткізіп жүрдік. Бір қызығы, небары екі бөлмеден аспайтын баспанамыз хан сарайына бергісіз, бала-шағамызбен еркін сиып кететінбіз. Бәрі де көңілге байланысты екен ғой.

Ұмытпасам, жаңа жылдың қарсаңы болуы керек. Бір күні кешкісін үйге Талаптан мен Әнуарбек келді. Қолдарында домбыра. Соған қарағанда сыртқа шығып бір сергіп қайтайық деген болуы керек.  Қыстың түні ұзақ, кеш ерте түседі. Шай-пай ішіп, әңгіме құрып біраз отырған соң Әнуарбек домбыраны қолына алып, ән бастады. Халық әндері, Ақан сері, Біржан салдан басталып бүгінгі күннің әндеріне дейін айтылып болған соң, ойда жоқта өзара айтыс басталып кетті. Әзілі дайын тұратын Әнуарбек өлеңмен қағытып бастап еді, біраздан кейін Талаптан алды домбыраны қолына. Оның да ақындығы бар. Не керек, айтыстың қызығымен отырып түн ортасы болғанын аңдамай қалыппыз. 

Кімнің ұсыныс жасағанын қазір айта алмаймын, айтысты енді «Шаңырақта»  Әнуарбектің үйінде жалғастырмақшы болдық. Ол кезде «Ұлжан» ықшамауданында санаулы ғана үй болатын. Әндете жүріп «Амазонкамызға» жетіп, өзіміздің жиі өтетін шағын ағаш көпірден асқан соң атшалдырып, жар жағасына жайғастық.

...Шекеңе селдіретіп айдар тағып,

«Көкек» деп бос жүргенше секең қағып.

Қосайын өле-өлгенше мен әніме,

Қалқадан хабар әкел, ұшып барып.

Ей, аты жоқ көкек,

Ей, аты жоқ көкек...

Қаланың у-шуынан алыс, қыстың күні суық ауада дауыс ерекше естіліп, алысқа жетеді. «Амазонкада» түннің бір уағына дейін ән қалықтағаны туралы, Талаптан досын еске алып Әнуар Әуелбек жыр арнаған екен.  Автордың рұқсатымен сол өлеңді толықтай ұсынғанды жөн көрдім. Өйткені сол бір сәтті өлеңмен өрген жыр жолдары өткен көріністі айна-қатесіз көз алдыңа еріксіз алып келеді екен.

Жардың басы

 

Мен қосылам, домбыра Талаптанда,

Аздап ауыз тиген соң шараптарға,

Қайтатынбыз қыр асып жаяулатып,

Адам ізі түспеген алаптарға.

 

Шалқамыздан жатамыз қарап Айға,

Ол біз жаққа қарай ма, қарамай ма.

Жұмысымыз жоқ онда, бәдіктеніп,

Айтысамыз, іргеміз жар андайда.

 

Айға қарап шағамыз мұңымызды,

Біреу білсе күлер-ау мұнымызды.

Аппақ қарда , сірескен сары аязда,

Тартқылаймыз тізеге тонымызды.

 

Терең сайда суық су сылдыраған,

Өзен бойы тік жар еді құлдыраған.

Түн жарымы. Күн суық. Ән саламыз,

Көтереміз көңілді тұнжыраған.

 

Қолымызда домбыра кезек-кезек,

 Күмбірлете шертеміз кезеп-кезеп.

Әрбір сөзге зіл батпан жүк артамыз,

 Ол өзі бір сөйлейтін кез екшелеп.

 

Көз ұшында бір-бір үй салынбаған,

Жөн де шығар ол күнді сағынбаған.

Үйдің іші даладай азынайды,

Ұйықтап жатыр сол жерде жарың, балаң.

 

Жырлағаннан басқа түк қалмағандай,

Үміт алдан күтетін алдағандай.

Бар күдікті бір серпіп тастаушы едік,

Ырыққа әкеп сырықты жалғағандай.

 

Туған күнім еді ол, біз жырақта,

Тойлап жүрміз көңілді тұнжыратпай.

Әлденеге  алаңбыз, кім біледі,

Нені іздеп жатырмыз, кімді таппай?

 

Бара жатса да беттен суық қарып,

Қызатынбыз біз қайта суып барып.

Бірімізге-біріміз сеп боп жүріп,

Жүректердің жылуын суытпадық.

 

Содан бері тірлікте қарқын басым,

Талай рет қар алды қардың басын.

Тау жағалап Талаптан кетіп қалды,

Жалғыз қалдым жағалап жардың басын, – деп жазыпты жұптары жазылмай қатар жүрген  Талаптанның жақын досы Әнуарбек Әуелбек өзінің осы  арнау өлеңінде. Ақынның жүрекжарды жыры досына деген сағыныш пен орнын сипап қалған өкінішке толы. Соңғы бір ғана шумағының өзі оқыған адамның өзегін өртейді. Жалғыз Әнуарбектің ғана емес, өмірден ерте озған Талаптанды білетіндердің көңілін босатып, тамағына тас тығылғандай әсер етері сөзсіз.

Одан бері де қаншама жылдар өте шығыпты. Сол кездегі отыз бен қырықтың қырқасындағылар бүгін арты алпысқа таяп, алды жетпіске жетіп қалды. Ұрпақтарын өсіріп, өздері де немере сүйіп отырған ата-әже атанып жүр. Өмір – өзен деп босқа айтылмаған, тоқтаусыз ағып өте шығады. Жымын білдірмей жылыстаған жылдарға қарап уақыт шіркінге ешкімнің әмірі жүрмейтінін еріксіз мойындайсыз.

Кейде, сирек те болса «Амазонка» жағасына барып қоятыным бар. Үлкен Алматы өзені асау мінезін мүлдем жоғалтқандай, жай ғана жылыстай ағып жатқанын көргенде оның да жастық шағы, жігіттік кезеңі қайта айналып келместей артта қалған ба деп қаламын. Пенде болған соң әрнәрсені өз көңіл-күйіңе қарай  пайымдайды екенсің. Адам баласы да табиғаттың төл туындысы, олардың арасында тығыз байланыс, үйлесімді үндестік бар, адамзат пен табиғат бір-бірін толықтырып тұратыны заңдылық. Адамның санасында, табиғаттың аясында өткен күннің іздері мәңгілік сақталып қалатын секілді. Арғы-бергі бетке күн-түн демей талай рет өтіп жүрген сол бір кішкене ғана ағаш көпірде біздің де іздеріміз сайрап жатқандай. «Амазонкада» әуелете салған Талаптан мен Әнуарбектің әндері әлі де ауада қалықтап тұрғандай... Бүгіндер ағысы баяулаған, айнадай болып жарқырап алдымнан сырғып өтіп жатқан су бетінде Талаптанның күлімдей қараған жүзін көргендей боламын. Су сыңғырынан оның асықпай, сабырмен шығатын жағымды үні де құлағыма жеткендей болады...

341 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз