Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 04 Ақпан, 2023

Ерекше баласы бар аналардың кәсіп ашуына көмектеспек

әуре Итенова – ерекше баланың анасы. Қызы Іңкәрға бір жасында балалардың сал ауруы диагнозы қойылған. Сол уақыттан бері ем алуды тоқтатқан емес. Әсіресе, шипа іздеп Қытайға жиі барыпты. Кезекті сапарында қызы: «Анашым, енді Қытайға бармаймын», – дейді. Егер емделуге баланың ынтасы болмаса, пайдасы аз. Оны анасы жақсы біледі. Іңкәрдің қызығушылығын ояту үшін ата-анасы спортқа баулиды.

«DCPLIFE» ПАРАЛИМПИАДАҒА ДАЙЫНДАЙДЫ

– «MamaPro» жобасын әлеу-меттік желіден көрдім. Негізгі жұмыстары Астанада екен. Бірде Алматыда кәсіп ашқысы келетін аналарды оқуға шақырғанын оқыдым. Бірден шешім қабылдап, оқуға келдім. Психология, кәсіп ашып, оны жүргізу жайлы мықты мамандардан сабақ алдым. Жолдасым екеуіміз ақылдасып, сал ауруымен күресіп жүрген балаларға арнап, «DCPLIFE» сауықтыру орталығын аштық, – дейді Зәуре. – Қызымды 14 жыл бойы емдетіп келеміз. Өмір бойы ем алуы керек. Бір уақытта қызым-ның мотивациясы таусылды. Басқа нәрсе қажет екенін сол кезде сездім. 

 –  Орталықты ашуға мемлекеттен көмек алдыңыз ба? 

–  «Қолдау» бизнес орталығынан екі миллион теңге ұтып алдық. Бірақ бізге одан да көп қаржы қажет еді. Үш миллионға бір ғана аппарат сатып алдық. Бұл жоба өте ауқымды. Көп қаражат қажет. Бізге бөлген қаржымен тігін шеберханасын ашуға болады. Мемлекет қолдау білдіргенде жобаның маңызына назар аударса деймін. Осылайша, өз күшімізбен ДЦП орталықтың жұмысын бастадық. Кейін қор ашып, түскен қаржыны қызметкерлердің жалақысына бердік. Алғашқы күндері ісіміз қалай болар екен деп ойладық. Ментордың көмегімен көп қиындықтан өттік. 

– Қызыңызға мотивацияны қалай бердіңіз?

– Әкесі екеуіміз спортпен айналысқанын жөн көрдік. Бұл ойымыз дұрыс болды. Қазір әкесі балаларды паралимпиадаға дайындайды. Қызымның құлшы-нысын бочча деген спорт түрі оятты. Арбада отыратындарға арналған қызық ойын екен. Орталықта бірнеше рет ерекше балаларға арналған спорттық лагерь өткіздік. Паралимпиадалық спортқа кіретін бочча, теннис, футбол және садақ ату болды. Лагерь деген бала үшін өте қызық. Ол жерде бала өзін еркін сезінеді. Әсіресе, спорттық жарыста шектеу жоқ. Балаларға барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Кішкентай жетістігі болса, оны көкке көте-реміз. Спорт балаға да, ата-анаға да мотивация. Қазан айында «Шексіз мүмкіндіктер» атты спорт лагерін ұйымдастырдық. Оған сал ауруы, даун синдромы, аутизм диагнозы бар қырықтан аса ерекше бала қатысты. Біздің мақсатымыз – баланы спортпен таныстырып, оны баулу. Ата-аналардың балаларына үмітпен қарап, сенуіне мүмкіндік беру. Баланы үлкен жетістікке жігерлендірсек, бір чемпионның шамын жағамыз. Ол шыңға шық-са, басқа балаға да әсер етеді. 

– Аналарға ең бірінші қандай көмек керек?

– Отбасында ерекше бала дүниеге келгенде барлығы шошып кетеді. Көп отбасы қабылдай алмайды. Баланы ойлап, барлық есікті өздері жауып алады. Сол үшін ата-аналар клубын аштым. Аналардың жағдайға басқа көзқараспен қарауын үйретемін. Кей аналар дерті бар баласын ғана ойлап, жабылып қалады. Оның жолдасы, басқа баласы бар емес пе? Оларды да ойлау керек. 

– Орталықта балаға не үйретесіздер?

– Әр ана баласының болашағы қалай боларын ойлайды. Арнайы білім бөлмесі бар. Балаларға оқу мен жазуды үйретеміз. Әр балаға
50 минут уақыт бөлеміз. Арнайы логопед жұмыс істейді. Механотерапия уақытында бұлшықетті қатайтып, оның жұмысын күшейтеді. Арнайы аппаратпен жұмыс істейді. Эрготерапияда саусақтарын қимылдатып, ұсақ-түйек жұмыс-тарды істейді. Мысалы, аналар баласының тез киініп, дайын болғанын қалайды. Орталықта анасының көмегінсіз етігін киюді үйретіп, жейдесінің түймесін іледі. Емдік дене шынықтыру қозғалысты жақсартуға көмектеседі. Массаж қимыл-қозғалысын жеңілдетеді. Сондай-ақ, глинотерапия, шахмат, монтессори бар.

АНАНЫҢ ЫНТАСЫНА ҚАРАЙМЫЗ

Алматы қаласының іскер әйелдер қауымдастығы, «MamaPro» қоғамдық қоры мен «ICF Kazakhstan» қоғамдық бірлестігі игі іс бастады. Ерекше баласы бар 22 ананың жеке кәсіп ашуына әрі жұмысқа тұруына көмектеседі. Аналар қаңтар-сәуір айларында кәсіпкерліктің қыр-сырын тегін оқиды. Оқуға келген ананың жұмыс істеймін, өмірімді өзгертемін деген ниеті болуы керек. Егер жоба жемісті болса, шалғай аудандарда ашылмақ. Мықты кәсіпкердің кеңесін онлайн режимде үйде отырып оқиды. Оқуға келген аналардың көбі балабақша ашқысы келеді екен. Өйткені, ерекше балаға анасындай қамқор болатын орталық аз. 

– Мен ерекше баланың анасымын. Жасы онда, аутизм диагнозы қойылды. Бала күтіміне байланыс ты ұзақ уақыт үйде отырдым. Қаржылық қиындық бар. Сондықтан осы жобаға келдім. Бәрі жақсы болады деп үміттенемін. Алғашқы қадам ретінде жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркедім. Құжаттар дайын болса, кәсіп бастауға дайынмын, – дейді Людмила Хегай.

ИНВАТАКСИ КӨМЕКТЕСЕДІ

Ана мен балаға қамқорлық-ты мемлекет те жасап келеді. Мәселен, биылдан бастап аутизмі бар балаларға инватакси көмектеседі. Үкімет жүріп-тұруға 10 көлік бөліпті. Баланың дертін ерте анықтаса, оны жеңу де тез болады. Осы мақсатта 300-ге жуық медицина қызметкері қосымша білім алыпты. Олар сәбидің дертін ерте анықтай алады. Мамандар  қаладағы емханалар мен перзентханада жұмыс істеп жүр. Ерекше бала бағып отырған аналардың кәсіп ашуын да қолдайды. Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар-ламалар  басқармасы бизнес ашқысы келетін аналарға 400 айлық есептік көрсеткіш шамасында грант береді. Грант ұту үшін мұқият жазылған бизнес жоспар керек. Бизнес жоспарды «Достық даңғылы, 85» мекенжайындағы Жұмыс-пен қамту орталығында қабылдайды.

Назгүл ИмадилдаевА, көпбалалы ана:

АРМАНЫМДЫ ОРЫНДАЙМЫН

–  Жоба жайлы әлеуметтік желіден оқыдым. Әртүрлі аналарды оқытады екен. Оқуға өтініш бердім. Алдымен кәсіпкерлік курсынан өттім. Ол кезде түрлі мамандар сабақ берді. Ораторлық шеберліктен бастап, бизнесті қалай, неден бастау керек деген сұрақтарға жауап алдым. Салық бойынша сұрақтардың көмегі тиді. Коуч, ментордан сабақ ала отырып, бір шешімге келесің. Идея бар. Жоба құрып жатырмын. Менторымның жиырма жылдық тәжірибесі бар. Ақылдаса келе, балаларды дамыту орталығын ашуды ойладық. Тек бала емес, аналармен де жұмыс істеу маңызды. Баланың қай салаға бейімі бар екенін анықтап, оны дамытудың жолын көрсетуді көздейміз. 

Алғашқы тәжірибені өзімнің балаларыма жасап жатырмын. Өзім көпбалалы анамын. Балаларымның қабілетін ашу – менің міндетім. Өз тәжірибемнен өткен соң, басқа аналарға дайын техникасын ұсынсам деймін. Баламның үлкені мектепте оқиды. Өзінің жетістіктері бар. Спортпен айналысады. Басқа балаларым да үйірмеге барады. Бір баламның сөйлеуінде мүкістік бар. Көп ата-ана осы дертпен күресіп жүр. Декреттік демалыста отырғаныма үш жыл болды. Үйде бос отырмай, кейде жұмыс істеймін. Сол уақытта жеке кәсібім болса деп армандайтынмын. Жобаның арқасында арманыма жақын қалдым. Берілген мүмкіндікті пайдаланып, нәтиже шығарамын. Баланы өмірге әкелген соң, жауапкершілігін де сезіну керек. 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №5
31 қаңтар 2023 жыл

335 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз