Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 04 Ақпан, 2023

Телефонсыз лагерь

Сәлем, достар! Редакциямызға сендерден хат келген сайын қуанамыз. Әр баланың ойы, шығармашылығы ересектер үшін қызық. Толассыз ақпарат заманында бір сәт бәрін тоқтатып қойып, жүректен жүрекке жететін әсерлі дүние оқығың келеді. Сондықтан осы саннан бастап «Ең әсерлі хат» деген айдарды ашып отырмыз. Бұл айдар сендердің шығармашылық шеберліктеріңді, қиялдарыңды дамытуға сеп болатынына сенеміз. Олай болса, газетке хат жазуды тоқтатпаңдар.

Кешкісін сабақтан шығып, үйге қарай беттеп келемін. Жер бетін әлі де болса қараңғылық баса қоймаған кез. Дегенмен алакөлеңке. Ауа райы тамаша, күздің тып-тыныш жылы кеші. Үйім мектептен едәуір алыс, әрі мен жақта тұратын сыныптастарым жоқ болғандықтан, үйге жалғыз қайтатынмын. Қайтар жолда үнемі ойланып, армандап, қиялға берілетінмін. Бүгін де сол әдетімнен айнымай, көше бойында жаңа жанған шамдарды қызықтап, әрқилы ой ойлап келемін. Алдымнан кездескен бейтаныс жандардың да не ойлап келе жатқаны қызық болып, арасында жүздеріне көз тастаймын. Қызық, иә...

Қазір байқасақ жанары солғын, шаршаңқы жандар көп. Бәлкім, олар кешкілік жұмыстан шаршап қайтқан болар?! Сол көңілсіз жандардың арасынан жарқ ете қалған жайдары жанды қараңғылықтың өзінде бірден байқадым. Ол ерекше қуанышты, күлкісі сыңғырлап, дауысы алыстан жарқын-жарқын шығып келеді. Бірден ойым сейіліп, жақынырақ көргім келіп асыққандай болдым. Жақындаған сайын екі адамның бірі таныстай көрінді.  Одан сайын асыға түстім. Жақындағаным сол-ақ екен, екі қыздың бірі бас салып құшақтады.

– Оу, қалың қалай? Сені де көретін күн бар екен-ау! Білесің бе, сені қалай сағынғанымды! – деп тоқтаусыз сөйлеп жатыр. Бұл – Сандуғаш. Былтырғы жылдың күзінде екеуіміз Түркістан облысын-да орналасқан «Балдәурен» сауықтыру лагерінің 14-ауы-сымына Жетісу облысының атынан жолдама жеңіп алған жиырма оқушының қатарында болып едік.  

Алыс жол. Ауылдан жыраққа алғаш шыққан жетінші, сегізінші сынып оқушылары. Біз үшін қызық та қорқынышты болды. Өз басым лагерьге алғаш баруым. Мен үшін бәрі қызық, жаңаша. Лагерьге келіп жеткен біз бөлмемізге орныға бастадық. Бір бөл-меге бес қыз жайғастық. Алғашқы күн. Таныстығымыз атымызды айтудан ары аспады. Телефонға отыра кеттік. Біраз уақыттан соң балалардың барлығын «отрядқа» шақырды. Лагерьдің ережелерімен таныстырып жатыр. Лагерьге келген оқушылардың ұялы телефонын жинап алып, аптасына екі-үш рет қана беретінін ескертті. Гаджеттер заманында өмір сүріп жүрген бізге лагерь заңы өрескел көрінді. Миымыз қабылдай алмады. Содан амалсыз өткізіп, бөлмеге келдік. 

Ал, не істейміз? Кешке дейін бірге жүріп, атымызды айтудан  ары аспаған біз бір-бірімізбен жақынырақ таныса бастадық. Арамызда Сандуғаш бірден өзін таныстырып, басқалардан қай жақтан келгенін, нені ұнататынын, отбасында қанша ағайынды екенін сұрап, сұрақтың астына ала бастады. 

– Қыздар, бұйырса, жиырма күн бірге жүріп, бірге тұрамыз. Сондықтан бір үйдің қызындай тату, бауырмал болып, бір-бірімізге қарайласып жүрейік. Барлығымыз лагерьге бірінші рет келіп тұр екенбіз. Біріміз білмегенді біріміз білерміз. Көмектесуден қашпайық! – деп күлімсіре-ді. Танымайтын ортада бірден ашыла сөйлеу мен үшін біртүрлі көрінгенімен, батылдық деп таныдым. Менімен жастылар арасында сөзге пысық, әр сөзді орынды пайдаланатындар аз. Өз басым алғаш кездес-тіруім. Мүмкін содан болар, ерекше көрінді. Әңгімелесу барысында бізге шынайы-лықтың қаншалықты керек екені қатты байқалды. 

Не керек, бірнеше сағаттың ішінде Сандуғаштың арқа-сында қалған төрт қыз жайлы толық ақпарат алып үлгердік. Сол күннен бастап бөлмедегі қыздар қайтқанша бірге болдық. Алғашқы үш күніміз тым қызықсыз болды. Телефонды беретін күнді асыға күтіп, санап жүретін-біз. Қолымызға тие сала соншалықты сағынып, отбасымызға хабарласуға емес, әлеуметтік желіге кіруге асығатынбыз. Қазір ойласам, ол күндері теле-фонға жете алмай, өзімізді немен алдандырып, немен айналысарымызды білмеппіз. 

Қызық-ай! Гаджеттермен арамыздың жақын болғаны сонша, телефонсыз өзімді қоярға жер таппадым. Құдды бір адасып кеткен өзге ғаламшарлық сияқтымын. Әдетте санамда сайрайтын әртүрлі қиялдар тоқтап қалды, өйткені ойлайтыным мүмкін емес оқиғалар еді. Алайда, арада бір-екі апта өткен соң бұның бəрі маған ғаламтордың берген ойы екеніне анық көзім жетті.

Соншалықты виртуал әлемге тәуелді екенбіз. Расымен, арамызда Сандуғаш ерекше еді. Ол телефонды қолына ала сала анасына хабарласуға асығатын. Бізге де үнемі солай жасау керегін айта-тын. Не керек, Сандуғаш лагерь бойы бізге жол көрсетіп, жөн сілтеп жүрді. Осы лагерьде алғашқы дискотекамызға да бардық. Оған жиналуымыздың өзі қызық. Онда да Сандуғаштың ақылына жүгініп, айтқанын тыңдадық. Біріне-бірі ұқсамайтын көңілді күндер өтіп жатты. Келгенімізге он күннен асты. Төрт топтың оқушылары бір-бірімізге үйреніп те алғанбыз. Қалжыңдасып, ойнайтынбыз.  

Бірде күтпеген оқиға болды. Біздің топтағы Жарас түскі демалыс уақыты кезінде ойнап, кенеттен жүгіріп кіріп, айғай салмасы бар ма! Бөлмедегі қыздар у-шу болдық та қалдық. Жарасқа ұрсып, бөлмеден итеріп шығарып жатырмыз. Кенет төсекте отырған Сандуғашқа көзім түсіп кетті. Аппақ боп бозарып, қолын кеуде тұсына қойып алыпты.  Жанына екі аттап жетіп бардым:

– Сандуғаш, не болды саған? Қай жерің? – деп сұрай беріппін қорыққанымнан. Ол біраз үнсіз отырып барып, ақырын ғана:

– Қазір басылады – деді. Содан қыздар Сандуғашқа лагерьдің мейірбикесін шақырып, тәлімгеріміз Жарасқа ұрсып, «ойыннан от шығатынын» түсіндіріп әлек. Мейірбике Сандуғашқа дәрісін беріп, дәрігерлік корпусқа түнеуге алып кетті. Түнімен көз ілмедім. Сандуғашқа әбден бауыр басып қалыппын. Таң атысымен медкорпусқа жүгірдім. Кіре салып жағдайын сұрай бастадым. Сандуғаштан сол күні туғаннан жүрек ауруының бар екенін естідім.  Қайран қалдым. Осы дертіне қарамастан, оның өмірге деген құлшынысы, жаңалыққа жаны құмар болуы, әр жанды жатсынбай жақын тартуы, өзі отбасында жалғыз перзент бола тұра бауырмал болуы мені қайран қалдырды. Лагерьде болған күндер ішінде Сандуғаштан көп дүниені үйрендім, әңгімелесудің маңызын түсініп, шынайы қарым-қатынастың орнын ешбір әлеуметтік желінің толтыра алмасын ұғып, өмірге басқаша көзбен қарауды үйрендім. Біздің өмір қызығынан алыс қалға-нымызды түсініп, ойлана бастадым, лагерьден кеткеннен кейін бəрі бұрынғыдай болатынын ойладым... 

Қайтар күн де келіп жетті. Біз қыздармен қоштасып, жолға шықтық. Ауылымызға аман-есен жетіп, отбасымызға оралдық. Сандуғашпен автовокзалда қоштасып, телефон нөмірімізді жазып алдық. Дәл 2-тоқсанның басталған кезінде келген едік. Ертесі сабаққа кіріп кеттік. Келгеннен кейін алғашқы айларда хабарласып тұрдық. Кейін мен телефонымды жоғалтып алып, байланысымыз үзілді. Әңгімеміз таусылмайтын мен үшін Сандуғашпен сөйлеспей жүру алғашында қиын болды. Уақыт өте келе үйреніп те қаласың. Міне, өмірге басқаша қарауға, бағалауға  үйреткен құрбымды бүгін қайта табу мен үшін ерекше бақыт. Туған әпкемді көргендей қуанып, сағынышымды айтып, әңгімелесіп тұрғанымызда, уақыттың өте шыққанын да байқамаппыз. Қас қарайды. Әңгімемізді телефон үні бұзды. Сабақтан қайтқан мені ата-анам іздеп, хабарласып жатыр екен. Лагерьден кейін телефон мен үшін тек байланыс әрі ақпарат іздеу құралы болып қалды. Рақмет саған, «Балдәурен»! Рақмет саған, Сандуғаш!

Гауһар АХМЕТОВА, 
Биғайша Құндақбаева атындағы 
№1 орта мектептің 
7-«А» сынып оқушысы.

Жетісу облысы
Көксу ауданы 
Балпық би ауылы

«Ұлан» газеті, №5
31 қаңтар 2023 жыл

387 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз