Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 04 Ақпан, 2023

Соңғы гүлдер...

“Жұмақтан бізге үш-ақ нәрсе қалған: гүлдер, жұлдыздар және сәбидің жанары” депті  ақын Данте Алигъери. 
Десе дегендей ғой, иә, қараңызшы! 

Төңірегін түгел жұпар иіске бөлеп,  көрген жанның көзін сүйсінтіп, жанын жайландыра жайқалып тұрған гүлдер бір күнде қар астында қалып, бүрісе қалыпты. 
Жо-жоқ, суықпен бүріссе де, жылы үйге кірген соң күлтелері ақырын бас көтеріп, хош иісін бөлмеге  армансыз таратады. Ызғарды ұмытып, маужырай иіліп, бірер  күн айналасына қуаныш сыйлап үлгереді. 
Осы қалпымен-ақ адамдардың жүректеріне тыныштық сыйлай салады. Қып-қысқа ғана гүл ғұмыр. 
Аз ғұмырда айналасындағылардың жүректерін аяусыз “тырналайтын” адамдар сияқты емес бұлар....ызғар ұрып, мұз құрсауласа да гүлдер ақырғы сәтке дейін жүректерге тек мейірім құяды... 

Қар астында қалған гүлдерге жаңа өмір сыйлағысы кеп, асықпай қайшымен қырқып, жайбарақат гүл жинап жүрген қыздың сабырлы қалпын суретші қалай шебер бейнелеген! 
Қарапайым қыз. Қара қайшы. Аққа оранған қызыл-сары гүлдер. 
Жүрегіңді әлсін-әлсін шымшып кететін өзіңе де беймәлім бір мұңды дәл осы сәт ұмыта қалып, суреттен көз алмайсың. Көзге жылыұшырайды. Қайдан көріп едім бұл көріністі деп еріксіз ойлана қаласың. 
Сосын өмірдің титтей бір үзігін қылқаламның құдіретімен ақ қағазға көшіре қойған шеберге тәнті боласың. Бір уақ “Мен де сала алам осылай” деп ойлап қаласың...

Қар тоңдырған нәп-нәзік гүлдер адамдардан қайсар, адамдардан өміршең, адамдардан мейірімді... 
Әттең-ай...   

А. Әкімбайқызы 

Фото: Француз суретшісі Жюль Бретонның Соңғы гүлдер” картинасы 

599 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз