Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 05 Ақпан, 2023

Жауапкершілік

Құдай бізге еркіндік берді. Абсолютті еркіндік болмаса да, пенде баласының  шешім қабылдап, таңдау жасауына мейлінше жеткілікті еркіндік. Шешім мен таңдауыңа жауапкершілік аласың. Мен де, сен де, басқалар да өз тірлігі үшін Ар алдында және Құдай алдында жауапты.

Бақи дүниеге өткенде адамнан жер бетіндегі ғұмырында не тындырғаны сұралады. Атақты израйльдік пәлсапашы әрі психолог Рами Блекттің мынадай тамаша түйіндемесі бар.

«Құдай сенен қандай көлік міндің деп сұрамайды. Көлігі жоқ қанша адамды жеткіздің деп сұрайды.

Құдай үйің неше шаршы метр деп сұрамайды. Қанша адамға есігіңді ашқаныңды сұрайды.

Құдай шкафыңда қанша киімің бар деп сұрамайды. Қанша адамды киіндірдің деп сұрайды.

Құдай ең қомақты жалақың қанша болған еді демейді. Зор жалақыны алу үшін өз мінезіңді түзей алдың ба деп сұрайды.

Құдай қандай лауазымда болғаныңды сұрамайды. Ол тек жұмысыңды жан-жүрегіңмен атқардың ба деп сұрайды.

Құдай қанша досың бар деп сұрамайды. Қанша адамға дос бола білгеніңді сұрайды.

Құдай көршің қандай болды демейді. Жақындарыңа қамқор болдың ба деп сұрайды.

Құдай терің қандай түсті деп сұрамайды. Мінезің жақсарды ма деп сұрайды!»

Адамның таңдауы көптеген құрамдас бөлшектен құралады. Тәрбие, оқыған кітап, көрген кино, достары, дағдысы, қызығушылығы, ішкі мәдениеті, ойы... Яғни, рухани дамуына байланысты. Рухани деңгейі өскен сайын таңдау жасаудағы қателігі азая береді. Немесе керісінше.

Виктор Рузов адамдарға таңдау не үшін берілетінін былай түсіндіреді: «Тазалану үшін. Таңдау адамды тазалайды, өйткені, адам санасының бүтіндей әрекетке түсуіне итермелейді. Таңдау жасау үшін оның дұрыс-бұрыстығына, адамгершілікке жататынын, жатпайтынын, таза немесе лас екенін, биіктететін, яки тоқырауға түсіретінін, материалды және рухани екендігіне ойлануға тура келеді. Таңдауды адам жайдан жай жасай салмайды. Таңдау жасау үшін адам рухани өсу қажет екенін сезінеді. Өмірдің мақсатын, таңдаудың табиғатын түсінуі қажетін ұғынады». 
Өмір бәрін өзі реттейді деу ағаттық. Өмір емес, адамның өзі тағдырдың иесі, қожасы. Біз үшін таңдауды басқа жасасын десек, онда «ел қатарлы», «жұрттың баласындай», «әке-шешемнің қалауымен», «бастықтың көңілінен шығатын», «жағдай солай болды» деуден аспаймыз. Өз ойың, сезімің, жауапкершілігің кеми береді. 
Бақытты болу - жауапкершілік алуды үйрену деген сөз. Құдайдың алдында «жағдай солай болды», «жұрттың бәрі солай өмір сүрді» деген сылтаулар қабылданбайды.

Таңдау – әр пенденің өз жауапкершілігі.

Жеке басының жауапкершілігі.


Александр Казакевич
Аударған Шынар Әбілда

Фото: Әйгерім Таубай

918 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз