Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 18 Қыркүйек, 2023

Жаңа сыныпқа тез үйренісу үшін не істеу керек?

Жаңа оқу жылы да басталды. Әлбетте, жаңа оқу жылында әр сыныпқа міндетті түрде басқа оқушылар қосылары анық. Жаңадан келген оқушының басты қалауы – жаңа сыныбына тезірек үйренісіп кету. Жаңа мектепке немесе жаңа сыныпқа ауысқан болсаң, мына кеңестерді естен шығарма.

1. Алғашқы күннен-ақ жаңа сыныбыңа жақын болу. Бір орында оқшауланып отырып алмай, жаңа сыныбыңдағы оқушылардың атыжөнін сұрап, олардың қызығушылығына мән берген дұрыс. Ұялмай, жаңа адамдармен таныса берсең, тез тіл табысып кетуге үйренесің.

2. Өзіңді жақсы қырынан көрсету. Сабақта зерек бол. Білгеніңді сыныптастарыңа да айт. Кітап, газет-журналдан алған ақпараттарды оларға әңгіме барысында айтып отырсаң, сені басқа қырыңнан тани бастайды. Сонымен қатар, қызығушылығың басқа адаммен сәйкес келсе, өздері тартыла түседі. Сабақта, достармен қарымқатынаста белсенді болсаң, болашақта барлығының пайдасы тиеді.

3. Шынайы болу. Өтірік сөйлемеу. Болмысың, жаратылысың қандай болса, өзіңді сол қалыпта көрсет. Жасандылық – жақсы іс емес. Неғұрлым шынайы болсаң, соғұрлым жақсы достарың да арта бастайды.

4. Тек бір ортамен емес, бәрімен жақсы қарым-қатынаста болу. Барлығымен араласа берсең, сыныбыңа жақын бола түсесің.

5. Тек сіңісіп кету туралы ойлау. Өзіңді басқалардан жоғары санап, тәкаппар, өзімшіл, мақтаншақ болсаң, ешкім сені жанына тартпайтын болады. Сондықтан жаңа сыныптастарыңмен жақын болуды ойлағаның жөн.

6. Жаман әдеттерден аулақ болу. Біреуді сыртынан жамандау, өсекқұмарлық, басқа да жаман әдеттерге жақын болсаң, танымайтын жаңа ортаң сен туралы жақсы көзқарас қалыптастыра алмайды.

7. Түсінісу керек. Егер жаңа сыныптастарыңмен мәселе болса, түсіністік танытқаның абзал. Бәрі біз ойлағандай бірден жақсы болып кетпейді. Мәселеден қашпа. Достар бір-бірін түсінбесе, қолдау бере алмаса, қызғаншақтық танытса, ұрыс болары даусыз. Сондықтан, түсінісе білу басты орында.

Адамгершілік, адалдық, сыйластық болса, бәрі жақсы болады! Жаңа ортаға келу, әлбетте, оңай емес. Бірақ жаңа жерге келген соң, онда сіңісуге тура келеді. Сондықтан, сәттілік! Мен осы мақаланы жазарда бірнеше досымның пікірін білдім. Достарыма зор алғысымды айтамын! Барша оқырманға жаңа оқу жылына зейін мен оқуда табыс тілеймін!

Мерей МЕЙРАМБЕК,

Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы

Тараз қаласы

«Ұлан» газеті, №36
05 қыркүйек 2023 жыл

10084 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз