Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 24 Наурыз, 2024

«Мен – қазақпын» ба?

Басқа қоғамда, мүлде басқа заманда жазылған әдеби шығармаға бүгінгі күн тұрғысынан баға беру өте қиын. Дегенмен кеңестік кезеңде жазылған шығармалардың көбін қайта қарап, бір бағамдаған абзал. Өйткені оларда орыс халқының көлеңкесі көп көлбеңдейді. Кеңестік көсемдерді асыра мақтау немесе Құдай деңгейіне көтеру сынды қаламгер шығармашылығына көлеңке түсіретін туындылар баршылық. Туралап келгенде, тұтас шығармашылығынан «Ленин», «Ұлы Октябрь» деген сөз кездеспейтін социалистік қаламгер жоқтың қасы. Оларды кінәлау мүмкін емес. Өйткені тәуелсіздік жылдарының өзінде қаншама әдеби туындыға куә болдық... мақтағанын, асыра мақтағанын және сол мақталғанның құлағанын да көзімізбен көрдік.

Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» поэмасын білмейтін қазақ кемде-кем. Дегенмен білетіндердің өзі мұны поэма ретінде танымас. Өйткені осы алғашқы шумағынан артығын білмесе керек-ті. Ол ол ма, тіпті «мың өліп, мың тірілген» деген жолдың өзін Жұбан ақын жазған десе таңғалуы мүмкін. Өйткені дәл осы атақты шумақ автордан бөлек ғұмыр кешіп жатыр. Бұл ақынның мықтылығынан ба, әлде туындының бағынан ба, бізге беймәлім. Дегенмен біз тұтас поэманы оқыдық. Алғашқы шумағынан ары бардық. Бірақ поэма сынды даңғыл жолда сүріне бердік.

Неге және кімге сүріндік? Ашығын айталық, кеңестік кезеңдегі «аға ұлттың» ұлылығына сүріндік. Осы бір мақтаулардың мәніне үңіле қарадық. Басын ашып алайық, ақын кеңес одағы заманында өмір сүрді. Ол шақта орыс пен халықтар достығы мақталмаған поэма, тіпті кез келген шығарманың халыққа жол тарта қоюы қиын заман болатын. Осы тұрғыдан келгенде автордың ой сүріндірер шумақтарына кешіріммен қарауға болар ма? 

Болады деп сеніммен айта аламыз. Өйткені «Мен – қазақпын» поэмасы 1960 жылдары жазылды. Дәл осы Хрущевтің жылымық кезеңі басталмастан бұрын жарияға жар сала «Мен – қазақпын» деген қай ақынды білесіз? Яғни қазақтың қазақтығын есіне салып, санасына сіңіруге тырысқан тұңғыш қазақ ақыны – Жұбан Молдағалиев болды. Бұл – ерлік. Әрине, кеңестік идеология негізінде жасалған ерлік еді.

Поэманы оқып отырып алғашында біршама рухтанып қаласыз. Ол сезім мына бір шумаққа дейін жалғасады: 
– Осындай боп, білмеймін, кімнен тудым.
Бәлки, қайсақ, бәлки, бір ғұннан тудым.
Деп шатыпты біреулер «күннен тудым».
Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым.

«Кедейдің баласы», «малшы мен жалшының ұрпағы»... Кеңес өкіметінде бұл сөз мақтаныш болды. Кедей болу, кедейдің ұрпағы болу қызыл өкімет алдындағы зор абырой болатын. Жұбан ақын да осы бір сөзді шын мақтана жеткізгендей. Кеңестік билік бұл идеологияны бала санасына сәби шағынан сіңірді. Қазақ ертегілерін бұрмалап, байды озбыр, кедейді мейірімді, адал етіп көрсеткен болатын. 

Бүгінге дейін сақталған стереотип бар. «Орыс сыныбының білімі жақсы». Елдегі көп ата-ананың ойы осыған саяды. Мұның астарында тағы сол қызыл өкімет сіңдірген құлдық сана жатыр. «Қараңғы қазаққа білім мен ғылымды да орыстар әкелді. Қазақ сауатсыз болатын» деген ескі түсініктің табы санамыздан әлі өшкен жоқ. Төңкерістен кейін қазақтың бар байының малын тартып алды. Тұтас халық кедей. Ендігі қазақ одаққа құл болғанда – құлдың ұрпағы болмағанда неміз қалады? Жалпы қазақтың қараңғы қалпына кім кінәлі? Ақын кімді кінәлайды? 
Абылайды, Жәңгірді, хан Кенені
Қазақ өзі қашаннан аң демеді?!
Қылықтары еріксіз түссе еске,
Қан татыған аузыма дәм келеді, 
– дей келіп ақын: «Солар мені қамаған қараңғыға, Соларды тек жебеді сараң құдай», – деген жолдармен сөзін түйіндейді. Әрине, қазақ даласында мектеп салынып, медреселер ашылған жоқ хандық билік кезінде. Бірақ адам өміріндегі сұраныс бірнеше сатыдан тұрады. Тірі қалу – тоя тамақ жеу – жақсы баспана – болашаққа сенім – білім. Қысқаша адам сұранысының тізбегі осылай. Ал қазақ Керей мен Жәнібекке еріп шыққан күннен бастап тоя тамақ жеу мен болашаққа сенімнің арасында жүрді емес пе? Оның білім іздеуге қай-қай тұрғыда да мүмкіндігі болмады.

Айта кету керек, Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын» поэмасына да идеологияның, пропаганданың көлеңкесі түскені даусыз. Бірақ екінші жағынан Жұбан ақын хан-сұлтандарға қазақ ретінде емес, адам ретінде ренжитін де сияқты. Қазақ хандары да халықты отырықшы, өркениетті ел етуге талпынғаны да жасырын емес қой. Енді осы қараңғылықтан қалай шықтық? Әрине «Ұлы империя» арқасында. Бұл жолдар жырдан қалай көрініс тапты?
Дос та іздедім жау тисе болысатын,
Қыс қыстасып, жаз бірге қонысатын.
Еділ, Жайық, Ертісті сағаладым,
Үміт көрдім қаһарлы орыс атын.

О да қолын ұсынды тосқан таңдай.
Тар кезеңде табысқан достар қандай!
Жайып салдым алдына жанымды мен,
Аппағынан жарылған дастарқандай.

«Жау тисе болысатын» досты қазақ сол күйі тапқан жоқ. Ал «үміт еткен қаһарлы орыс халқы» қазаққа геноцид жасады деуге болады. Және ол халық алдына «ақ дастарқанша ашылғамыз» да жоқ-ты. Оған патшалық Ресейге қарсы көтерілістеріміз куә. Ал кеңестік билікке қарсы біздің халық 370 рет көтерілді. Анығында, осынша қарулы көтеріліс үш-ақ жылдың ішінде болған. 1929-1931 жылдар арасында. Жұбан ақын мұның бәрін білмеді ме? Білген секілді. Сол үшін қазаққа көрсетілген жәбірдің бәрін патшаға ысырды. 
– Шеттен таяқ жемессің мен тұрғанда,
Патшакеңнен болмаса..
. – деп қалады.
Бұл социалистік орыс халқының атынан айтылған сөз. Қызыл өкімет сүттен ақ, судан таза-мыс. Жалпы, Жұбан ақын көп дүниені білді. Білмесе: 
– Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен, 
– демес еді ғой. Одан бөлек қазақты ақын Еуропа мен Азияға да жатқызбай, жетінші материкке теңеген. Одан ары барша адамзатпен тел өскенін де алға тартады. Яғни қазақ – кеңестер одағының ғана емес, тұтас адамзаттың бөлшегі. Бір бөлігі.

Ақын мұнан ары төңкеріс пен күн көсемді бір жырлап өтеді. Қазаққа «шын азаттық алып берген» деп мадақ айтады. 
Аласапыран айқастың дүбірі өтті.
Жиырмасыншы жыл келді құдіретті.
Паспортымен қайтарып есімімді,
Ұлы Ленин бұл жылды қыдыр етті.

– Жолдас Ленин, көзіңе мақтамаймын.
Өзің аштың қазақтың бақ-талайын.

Мұндай шумақтар сол замандағы классикалық шығармалардың ажырамас бөлігі іспетті. Онсыз шығарманың жарық көруі, кітабыңның тексерістен өтуі мүмкін емес-ті.

Осы тұста ақынның өміріне үңілуге тура келеді. Жұбан Молдағалиев 1920 жылы дүниеге келген. Яғни бүкіл саналы ғұмыры социализм шеңберінде өтті. Идеологиясын барынша сіңірді. Сөйте тұра, 1953 жылы қазақ тілінің мәселесін көтеремін деп жұмыстан қуылған. 

София Мәлiкқызы (ақынның жары) бір сұқбатында: «Қай жерде де тiл мен ұлттық мүдденi ашық айтатын. Қазақ балабақшаларын көптеп ашу, мектептердегi қазақ тiлi сабағының ауқымын кеңейту мәселелерiн жиi көтеретiн. Ол кездерi орыс тiлi аптасына 10 сағат болса, қазақ тiлiне небәрi 1 сағат қана бөлiнетiн едi ғой. Орталық Комитет мүшелерiмен, Қонаевтың өзiмен жиi әңгiмелесетiн. 1953 жылы «Қазақ әдебиетiнде» жұмыс iстеп жүргенде қазақ тiлi мәселесiн көтергенi үшiн Сырбай Мәуленов екеуiн қызметтен босатты. Жұмыссыз қалдым екен деп сағы сынған жоқ. 1966 жылы тағы көтердi. Жоғары оқу орындарынан қазақ бөлiмдерiн көптеп ашу жайлы да жиi айтатын», – дейді.

1953 жылы қазақ тілінің мәселесімен жұмыстан қуылған адам 1962 жылы «Мен – қазақпын» поэмасын жазған. Осы тұрғыдан келген Жұбан ақынның шын бейнесі ашыла бастайды. Ол – ұлтшыл, қазақты жан-тәнімен сүйген жан. Қазақтың қазақ болып қалуын, қазақша сөйлегенін қалаған тұлға. Тура өз поэмасындағыдай – социализм идеологиясымен астастыра отырып жастарға қазақ екенін ұмыттырмауды көздеді. Өйткені «қазақ» деген ұғымның одақ елдерінен бөліне жеке шабуы саяси жүйеге сыймайды.

Біздіңше, ақын кеңес өкіметі мен оның көсемдерін жеке жырламай, «қазақтығына» сыналап ендіргендей көрінеді. Бәлкім, алғашқы шумағынан өзгесі оқылмай, ұмыт қаларын іштей сезді ме екен? Дегенмен ақынның ұлтты сақтап қалу жолында еткен еңбегі орасан зор. Әсіресе желтоқсан оқиғасы кезінде Колбиннің алдында жасаған баяндамасына таңғалмасқа, сүйсінбеске шараң жоқ.

«...естiгенiмдей, өрт сөндiрушi машиналарды – суатқылағышты, арсылдаған иттердi, рәзiңке тоқпақтарды айлалы арандатудың құрбаны болған жас жiгiттер мен қыздарға қарсы ойланбастан асығыс ала жүгiрудi қостаймын десем, онда өз арымның алдында, сiздердiң барлықтарыңыздың алдыңда ақ-адал болмас едiм.

...Көзiмен көргендердiң айтқанындай, 17-18 жастағы қыздарды шашынан сүйреп сабаған солар емес пе екен? Мен осындай ұят оқиға және оның артынша не болғанын естiгенде жасырып қайтейiн, осы күнге дейiн өмiр сүргенiме өкiндiм. Кейбiр басшы жолдастардың республикадағы қазақ жастарының жоғары оқу орындарындағы саны, айталық, орыс студенттерiнен көп екен дегенi – кiнәлағандай, тiптi, тиiстi министрлiкке ескертудей естiледi. Ал олар Қазақстанда көп болмағанда, қайда көп болмақ? Бұның бәрi – ұсақ-түйек емес, тiршiлiк мәселелерi, лениндiк ұлт саясатының мәселелерi».

Бұл сөздер бірнеше жылдан кейін емес, желтоқсан оқиғасынан кейінгі жиналыста айтылып отыр. Батылы жетіп айтып отырған – Жұбан Молдағалиев. Осы баяндамасынан кейін ақынның денсаулығы күрт нашарлап кетеді. Ауруханаға түсіп, арада екі жыл өтпей көз жұмды. Оны қастандықпен өлтірілді деп санаушылар бар. Бірақ зерттеп, түбіне түскен ешкім жоқ. Сонымен, мен қазақпын. Жұбан да қазақ. Ал поэма – ақынның өз мақтанышын замана шеңберіне ыңғайлаған «қазақтығы». Дегенмен бүгінгі оқырман түсінбей қалуы ықтимал. Өйткені ол заманның ызғарын бүгінгі ұрпақ түсінбейді. Түсіне алмайтын да шығар. Сондықтан поэманың біз сынап өткен және мақалаға ырық бермеген тұстарын қысқартқан дұрыс па? Өйткені бұл туындының автордан бөлек жеке ғұмыры бар.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2024

 

331 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз