Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Құмсағат
  • 26 Наурыз, 2024

Данияр ЖІГІТБЕК: Өмірде бәрі мүмкін...

Данияр Жігітбек – «Kitapal club» негізін қалаушы. «Лайфхактар» кітабының авторы. Kitapal Podkast резиденті. «Ауылға кітап» жобасының жетекшісі. «Қазақша копирайтиң» марафонының авторы. Білімді, көзі ашық азаматтардың бірі. Қазақстанды кітап оқитын елге айналдырғысы келетін Данияр Жігітбекке өзімізге қызықты бірнеше сұрағымызды қойған болатынбыз. «Ұландық» достарыма да пайдасы тиер деген ниетпен жолдап отырмын. Ендеше, бірге оқиық.

– «Лайфхактар» кітабын толықтай оқып шықтым, маған ұнады. Бұл кітапты жазуға не түрткі болды? Оқырмандардан әлі күнге дейін кері байланыс алып тұрасыз ба?

– Кітапты жазуға түрткі болған – ұлымның дүниеге келуі. Яғни, әкенің баласына бір өсиеті болуы керек. Сол себепті мен өсиетімді кітап түрінде жазып қалдырғым келді. Менің өмірден түсінген, қатеден сабақ алған тәжірибемді кітапқа түсіргім келді. Сол үшін осы кітапты жазғанмын. Иә, оқырмандардан әлі күнге дейін кері байланыс аламын. Негізі өзің үшін, өзіңнің балаң, жақындарың, ініқарындастарың, отбасың үшін жасаған дүние басқа адамдарға да пайдалы болып жатады. Кейде көбі осыны ескермей, өзінің жақындарын ойламай, бірінші бүкіл әлемді ойлап кетеді. Сол үшін жазғаны, шығарғаны өтімді болмай жатады.

– Сіздің өміріңізде кітаптың алар орны қандай?

– Менің өмірімде кітаптың алар орны ерекше. Былайша айтқанда кітап оқымағанда қазіргі Данияр болмайтын едім. Кітап ойыңды өзгертеді, өткен адамдардың тәжірибесін береді. Бәлкім, кітап оқығанның арқасында мен өмірде жасалуы мүмкін қателіктерді жасамадым. Аз шығындалдым, уақыт, энергия, фокус, ақша деген кез келген ресурсымды орынды пайдалана бастадым. Шығын аз болды, өмірім мағыналы өте бастады. Бұның барлығы кітаптың арқасы. Себебі, күнделікті өмірде кітаптағы ақылды, кітаптағы даналықты ешкім айта бермейді. Тіпті, сенің айналаңдағы адамдардың айтары да болмауы мүмкін. Сол үшін кітаптың орны мен үшін өте-мөте ерекше.

– «Ақшаңды шығындап сатып алған кітап тез оқылады әрі пайдалы болады» деген пікірді оқып едім. Бұл қаншалықты рас? Өзіңіз кітапты жиі сатып аласыз ба?

– Негізі рас сөз десем болады. Себебі, мынау табиғатта энергия алмасу деген түсінік бар. Энергия бір күйден екінші күйге өтеді деп жатады, физикада осындай заң бар. Дәл сол секілді кітап сатып алғанда біз энергиямызды ақша түрінде береміз және кітаптан энергияны білім ретінде аламыз. Біз бір нәрсенің ақысын төлеу арқылы табиғаттағы энергия алмасу заңын сақтаймыз. Сол үшін ақысын беріп оқыған дүниең саған көп жағдайда өте пайдалы болып келеді. Сондықтан бұл сөзге мен бірден келісер едім. Ай сайын өзіме бірнеше кітап сатып аламын. Кітап алуға деп дайындап қоятын бір 50-60 мың теңгедей бюджетім бар. Кітапты сатып аламыз, бірақ сол сатып алған кітапты оқысақ өте керемет болар еді.

– Кітап жазуды қай кезден бастап қолға алдыңыз? Құпия болмаса қазір қандай жанрда кітап жазып жатырсыз?

– Мен кітап жазуды 26 жасымда бастадым десем болады. Кітабым ең алғашқы PDF нұсқада болды. Инстаграмдағы оқырмандарға арналған кітапша десем де болады. Ол кітаптың аты – «26 жаста 26 қағида». Кітап деп айтуыма болатын шығар деп ойлаймын. Себебі, басы мен аяғы бар, шағын дүние. Тәжірибемді айту форматында жазылған кітап. Қазірге дейін жазған кітаптарым «Лайфхактар», «Қаржы қағидалары», «Не үшін үйлену керек?». Бұлар көркем әдебиет емес. Бұйырса, тағы бір кітап жазғым келеді. Бірақ ол көркем әдебиетке жақын болса деймін. Қазір кітап жазып жүрген жоқпын, дегенмен кітап жазу ойымда бар. Елге қызмет деген нәрсенің заманауи форматтарын көрсететін бір көркем шығарма жазғым келіп жүр.

– Kitapal Podkast шығару қандай идеядан туындады? 

– Kitapal Podkast шығару идеясы біздің миссиямыздан туды. Kitapal компаниясының миссиясы – Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыру. Сөйтіп, біз ойлана келе Ютубта кітапты, кітап оқуды, кітап жазуды, кітап сыйлауды насихаттайтын подкастар жоқ екенін көріп, миссиямызға сай сондай бір дүние шығарайық дедік. Ютубта өз орнымыз болсын деген ниетіміз болды. Былайша айтқанда, қаралым қуаламадық. Біздің тек қана бір-ақ мақсатымыз болды, ол – бос тұрған орынды толтыру. Яғни, әлі кітап туралы ешкім айтпаған соң, кітап оқуды насихаттайтын бір подкаст жасайықшы деген ой келді. Бірақ, осы уақытқа дейін, қателеспесем, бір миллионнан аса қаралым жинаған подкастар болды. Осындай контент үшін өте үлкен жетістік деп ойлаймыз.

– Әлеуметтік желідегі парақшаларыңызды қарап шықтым. Саяхатқа көп шығады екенсіз. Сіз үшін саяхат деген не?

– Мен үшін саяхат жеке дамудың бір түрі. Егер өзіңді дамытқың келсе саяхатқа шық деп айтар едім. Кейде бізде орынсыз бағаға, яғни қымбатқа курстар сатып алып жатады. Білім алғыңыз келсе, онда саяхаттаңыз дер едім. Өйткені, өзіңді эмоционалды, рухани, интеллектуал, физикалық жағынан дамытудың төте жолы – саяхат. Саяхат дегенде міндетті түрде шет елге шығу шарт емес. Көрші облысқа, көрші қалаға барудың өзі саяхат. Мысалы, белгілі кәсіпкер ағамыз: «Мен 11-сыныпта бүкіл Қазақстанды аралап шыққан адамды жұмысқа алар едім. Ал ешқайда шықпай, төрт жыл университет оқып, ешқандай өмірлік тәжірибе жинамаған адамды дипломы болса да жұмысқа алмайтын едім», – деді. Түсіне білген жанға кәсіпкер ағамыздың сөзі біраз нәрсені аңғартып тұр.

– Қаржылық сауаттылық туралы жиі айтасыз. Ақшаны үнемдеуге және сауатты жұмсауға қандай кеңес бересіз? 

– Бұл туралы «Қаржы қағидалары» деген кітап жазған болатынмын. Сонда көп кеңес берілген. Дегенмен, қысқанұсқа айтар болсам, ақшаның есебін білу керек. Кіріс-шығыс есебін жүргізу қажет. Сол есепті тұрақты жүргізген адам автоматты түрде ақшасын үнемдей бастайды және қалай сауатты жұмсау керектігін өзі түсінеді. Болашағын ойлаған, ақшасын мақсатты жұмсағысы келетін әрбір адам кіріс пен шығысын есептеу қажет.

– Сіз де оқушы болдыңыз, оқушы кезіңіздегі армандарыңызға қанат бітірген не нәрсе? Менің қатарластарыма айтар кеңесіңіз бар шығар.

– Оқушы кезімде көп армандадым. Армандау қажет деп ойлаймын. Себебі барлығы мүмкін, барлығына сену керек. Сол кезде екі арманым болатын: біріншісі – ұшаққа отыру, екіншісі – шет елге бару. Екеуі бір-бірімен байланысты. Бұл арманым 14 жасымда жүзеге асты. Сол кезде мен адам өмірде еш нәрсеге қарамастан қатты қалау қажет екенін білдім. Қалауына ерік беру керек. Өз-өзіне, миына кедергі қоймауы қажет. Сонымен, бала кезімде мен ешнәрсені кедергі көрмедім. Балалық арманымызды жоюға ешкімге жол бермеуіміз керек және қалайтын нәрсемізді ешнәрсеге қарамастан армандауымыз керек деп ойлаймын. Өмірде бәрі мүмкін.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Айнара БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Жаңақала мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы

Батыс Қазақстан облысы 

Жаңақала ауылы

«Ұлан» газеті, №13
26 наурыз 2024 жыл

 

455 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз