Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 18 Сәуір, 2024

Ақтөбеде су тасқыны шығындарын есептеу басталды

Ақтөбе облысында су тасқыны жағдайы тұрақталды. Ырғыз ауданынан басқа, барлық эвакуациялық пункттер жабылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбеева айтып берді.

Оның айтуынша, 6 сәуірде біржолғы әлеуметтік көмек төлеу жұмыстары басталды. Бүгінге дейін 1 698 өтінім келіп түсті. Жалпы 8-18 сәуір аралығында 1 438 астам өтінім қанағаттанып, 466,4 млн теңгеден астам төлем жасалды.

«Қазіргі уақытта өңірдегі жұмыспен қамту бөлімдерінің жұмысы қауырт. Мамандар бір күнде 140 өтінішке дейін қабылдап, қаржыны өтініш иелерінің шоттарына аударып жатыр. Бүгінгі күнге дейін су тасқынынан зардап шеккендердің материалдық шығынын өтеу бойынша құрылған арнайы комиссия 2953 өтініш қабылдады. Оның басым бөлігі қаралып болды. 11 сәуірден бастап комиссия шешімімен 69 отбасына 143,3 млн теңге сомасында материалдық шығын өтелді», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде.

Су тасқыны салдарынан шамамен 2 451 үй зардап шекті. Жоспарда 595 үй салу қарастырылған.

«Үйлерді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жаңадан салынатын құрылыстың жер учаскелері мен мердігерлік ұйымдар анықталды. Мәселен, Қобда ауылында 57 үйдің қазығы қағылды. Қажетті құрылыс материалдары мен техникалары тасымалданды, енді құрылысшылар жұмыстарына кіріседі», - деді Г. Көбеева.

Жалпы облыс бойынша 3 232 малдың қырылғаны расталды, оның 3 120-сы арнайы орындарда өртелді. Комиссия қорытындысына сәйкес, мал иелеріне келтірілген залалға өтемақы төлеу ертең басталады. Бұл мақсаттарға 2,2 млрд теңге қарастырылған.

140 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз