Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 02 Мамыр, 2024

Тазалықты кәдімгі құндылық, тәртіп ретінде дәріптеуіміз керек - Мақсат Толықбай

Бүгінгі Мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Мақсат Толықбаевтың Премьер-Министр Олжас Бектеновке «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жөнінде депутаттық сауал жолдады.

"Биылғы топан судың тосын сыйын білесіздер! Оны көз көрді. Қазір қарғын судың беті қайтқанымен, қауіп сейілген жоқ. Тіпті, қауіптің көкесі әлі алда. Оның үстіне, тасқын су талай былықтың бетін ашты. 
Қамсыздықтың кесірінен тал қармауға шамамыз келмей қалды. Тек көңілге медет болатыны, сол баяғы халықтың ауызбірлігі ғана.  Бір ауылды мысалға келтіргім келіп отыр. Оған дәлел, Атырдаудағы Миялы деген алақандай ғана ауыл. Міне, осы ауыл тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай тасқынға қарсы бөгет тұрғызып, аядай ғана ауылды аман алып қалды. Іргесінен тамшы өткізбеген ауыл қазір тап-тұйнақтай, тап-таза. Бұл ненің арқасы? Ауызбірліктің арқасы! Ал, сауыт-сайманы мен техникасы сақадай сай отырған кейбір  облыс орталықтары  айдың-күннің аманында тасқынның астында қалды. Ал, бұл нені көрсетеді? Бұл қамсыздықты, салғырттықты, немқұрайлылықты, жауапкершілік пен жанашырлықтың жоқтығын көрсетті", - деп су тасқыны мәселесін көтерген депутат елдегі тазалық мәселесі жайлы да айтып өтті.

"Қазір ел бойынша «Таза Қазақстан» тазалық айлығы өтіп жатыр. Бірақ осы шара Президент айтқандай; «Әлеуметтік желілердегі әдемі роликтер үшін жасалатын бір реттік акция емес, күнделікті өмірдің салты болуы шарт»! Науқаншылықты қояйықшы! Себебі, қоғамдық орындар мен қоршаған ортада тазалық сақтау, жасыл желекті күтіп-баптау - тек арнайы қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті.
Сингапур, Жапония, Батыс елдерін айтпай-ақ қояйын, Біз мына іргемізде отырған көрші өзбек ағайындардың тазалығына таңдай қағып, таң қаламыз. Ал мұндай мұнтаздай тазалық өзінен-өзі жасалмайды. Оған жоғарыдағы Миялы ауыл халқының тірлігі дәлел. Демек, тазалық әрбір азаматтың өзінен, өз жауапкершілігін сезінуінен, тәртіпті сақтауынан басталады. 

Мына Алматының іргесінде Алтын Орда деген базар бар. Барсаңыз енді күл-қоқыс, шаң-тозаң. Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматы осы ма деп кейде еріксіз кейисің... 
Мәдениетіміздің жетісіп тұрғаны шамалы. Көліктің терезесінен темекіні лақтыра саламыз. Түкіре саламыз. Стадион, кинотеатрға барсақ, ішіп жегеніміз сол жерде қалады шашылып. Көкке шықсақ та сол. Табиғаты әсем Ұлттық парктердің бәрі қоқыс. Одан қалса, иісі шығып сасыған қоқысты үйдің подьезіне шығара салатын надандар бар. Біз неге сондаймыз? 
Сол үшін сананы өзгерту керек. Тазалықты кәдімгі құндылық, тіпті, керек болса тәртіп ретінде дәріптеуіміз керек", - деп сөзін түйіндеген депутат сөзінің соңында өз ұсыныстарымен бөлісті.
 
"1. Ел Үкіметі қоғамда тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға арналған кешенді бағдарлама әзірлеп, іске асыруы керек.
 
2. Оқу-ағарту министрлігі орта мектеп оқушылары арасында «Экологиялық сана» атты ағартушылық сынып сағаттарын өткізуді жолға қойғаны жөн", - деді «АМАNАТ» партиясы Фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай.

291 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз