Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 06 Мамыр, 2024

Сұрапыл соғыс жылдарындағы еселі еңбек

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қан майданда от кешкендермен бірге тылда еңбек еткен азаматтар да жеңіс жолында өлшеусіз үлес қосты. Сол бір соғыс жылдарында «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» - деген ұранмен маңдай терін төккен тыл еңбегі ардагерлерінің бірі – Людмила Степанчук. Приозерск қаласында тұратын тыл еңбегінің ардагері қазір 92 жаста. 

Жеңіс күніне орай Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Тілек Кенжебеков бастаған топ Приозерск қаласының тұрғыны, тыл еңбегінің ардагері Л.И. Степанчукты арнайы барып құттықтап қайтты.

Тыл еңбегінің ардагері Степанчук Людмила Илларионовна 1931 жылдың 28 шілдесі күні Ресей Федерациясының Омбы облысына қарасты Изюк селосында дүниеге келген. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда өрімдей орыс қызы Людмила небәрі тоғыз жастан асқан еді. 

Ал соғыс жылдарында еңбекке ерте араласқан. Өткен күнін еске алған Людмила Илларионовна: «Жас болсам да, ауылдық жерлердегі түрлі салада еңбек еттім. Он жасымда анама көмектесе жүріп, сиыр сауу жұмыстарына қатыстым. Ер азаматтардың көбісі дерлік қару асынып майдан даласына аттанған соң, еңбектің ауыр түрін атқару нәзік жандыларға жүктелгені шындық. Ауыр жұмыстарды атқардық. Ешкіммен санаспадық. Сол еселенген еңбектің арқасында біз де Жеңіс күніне жетуге өз үлесімізді қостық» - деп, ой түйді.

Соғыс аяқталғасын тұрмысқа шыққан Л.И. Степанчук ана атанып, жеті баланы дүниеге әкеледі. Кейін Қазақстанға көшіп келеді. Приозерск қаласында 2006 жылдан бері тұрып келеді. Қолында Дмитрий есімді немересі бар.

Өмірде қанша қиындық көрсе де мойымаған кейіпкерімізге Жеңіс мерекесі қарсаңында зор денсаулық, ұзақ өмір тілейміз!

Думан Жұмашұлы, 

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы

219 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз