Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 06 Мамыр, 2024

Әдіскердің әдістемелік әлемі

Кез келген саланың ғылыми бағдарынан бөлек, өзіндік әдістемесі мен әдіснамасы болатыны, онсыз табысты нәтижеге қол жеткізбейтіні, алға қадам баса алмайтыны белгілі. Білім беру бағытында бұл өте өзекті, көкейтесті әрі тағдыршешті мәселе. Сол себепті әдіскер қауымға жүктелетін міндет те, жауапкершілік те зор. Бұл жандардың әдіскерлік әлеуетінің жоғары, әдістемелік аппаратының, арқалар жүгінің мол болатынын, сондай-ақ үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретінін көзі қарақты қауым жақсы біледі. Әдіскер білім берудің алғы шебінде жүретін мұзжарғыш кеме іспетті.

Қазіргі жаһандану кезеңінің талаптарынан туындап отырған білім мазмұнын ұлттық құндылық, дүниетаным негізінде жас буынға, әр жүрекке жеткізе білудің өзіндік нәзік жүйесін, шығармашылық жолын, тәсілдерін таба білу өте күрделі мәселе екені белгілі. Әдіскердің ізденісі, оның нәтижесі болған жаңалығы, оны пайым парасаты, білім-білігі, интеллектілік қабілеті, шеберлігі арқылы өте нәзік түрде «қиыннан қиыстырып», үйлестіре білуі тәрізді жанкешті еңбегі зор құрметке әбден лайықты.

Білім, ғылым, әдістеме сынды ұштаған құндылықты қызметінің негізгі темірқазығы ретінде ұстанып, білім, ғылым, тәрбие саласында еңбектеніп жүрген құрметке лайықты тұлғалардың бірі – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, әдіскер ғалым Қабатай Бидана Тұрсынханқызы. Әдіскер ғалым қазақ жоғары білімінің қарашаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, академик С.Қирабаев атындағы қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесе кафедрасында ұстаздық қызмет атқарады.

Қазақтың маңдайалды ғалым қыздарының бастапқы сапында тұрған Бидана Тұрсынханқызы ұстаздық, ғалымдық, әдістемелік бағытта абыроймен еңбек етіп жүрген әдіскер ғалым. Әдіскер ұстаздың ата-аналары да саналы ғұмырын білім, тәрбие саласына арнаған ұлағат иелері. Ата-анадан бастау алған тағылымды тәрбиені ұстаздықпен ұштастырып, жоғарыда аталған қадірлі жандардың ізгі жолын жалғаған мұрат иесі.

Әдіскер ғалымның ғылыми ортаға ұсынылған, ұсынып жүрген қазақ әдебиетін оқытуға қатысты тың зерттеулері, рационалды пайымынан туындаған тұжырымдары білім беру саласында үнемі басшылыққа алынып жүретін бағдарлы бағыт екенін жақсы білеміз. Зерделі ғалым қазақ әдебиетін оқыту барысында проблемалық жағдаяттар туғызу және оны шешу, болашақ филолог мамандарды «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша жаңа талаптарға дайындау, көркем шығармаларды талдау жолдарын, жаңартылған мазмұндағы оқулықтардың әдіснамалық аппаратын зерделеп, аталған мазмұндағы әдебиет оқулықтарын жазудың мәселелерін әрдайым сергек санамен сараптап отырады.

Әдіскер ғалым Б.Тұрсынханқызы жоғары оқу орнындарындағы «Қазақ әдебиеті» мамандығы бойынша докторанттарға (PhD) арналған «Жоғары мектепте қазақ әдебиетін оқытудың жаңа технологиялары» пәні, «Қазақ әдебиетін оқытудың әдіснамалық негіздері» курсы, «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған типтік оқу бағдарламаларын әзірлеуге зор үлес қосты.

Б.Тұрсынханқызының мақсатты бағыты, әдіскер ретіндегі айрықша еңбегі ретінде  жалпы білім беретін мектептерге арнап жазылған 20 оқулықтың, 25 оқу, 5 электронды оқу құралының, жоғары оқу орындарына арналған 5 оқу құралдарын, 200-ден астам ғылыми, әдістемелік мақалаларын ерекше атап өтуге болады.  Өзі ұстаздық етіп жүрген ордалы оқу орнын тәмамдап, аталған білім ордасында қызмет жасап, қазақ қоғамының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Республика мектептерінде оқытылатын «Әдебиеттік оқу» пәнінің жетекші авторы. Әдіскер ғалым Б.Қабатай 1998 жылдан бастап жаңа буын «Ана тілі» оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешенін жасауға қатысты.Он екі жылдық мектепке арналған «Әдебиеттік оқу» пәні кешенінің авторы. 2016 жылдан бастап әдіскердің жаңартылған білім мазмұны бойынша екінші және үшінші сыныптарға арналған «Әдебиеттік оқу» пәнінің оқулығы мен оқу-әдістемелік кешені республикалық байқауда базалық оқулық ретінде танылып, бүгінгі таңда еліміздің мектептептерінде оқытылуда.

Ұлттық дүниетанымымыздан тамыр тартатын даналық тағылымдарын оқыту барысында, әдістеме саласында  пайдалану жемісті нәтижелерге қол жеткізуге көмектесетін факторлардың бірі. Жалпы адам баласы айналасындағы барлық құбылыстардан, адамдардың тағдырынан, мінез-құлқынан, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, іс-әрекеттерінен өміріне сабақ алады. Білім, тәрбие үдерісінде ұстаздар қауымы жоғарыда тілге тиек еткен қағиданы да басшылыққа алады.

Б.Тұрсынханқызы бабаларымыздың өмір тәжірибесінен туындаған тәлімдерін, оның принциптерін әдістемелік бағытта өте шебер қолдана білетін маман. Соның бір мысалы ретінде «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген тағылымды қағидатқа негізделген әдіскерлік  шеберлігі тілге тиек етуге болады. Бастауыш сыныпқа (3-сынып) арналған «Әдебиеттік оқу» оқулығында осы қағиданы басшылыққа алады. Қазіргі қоғамда алаңдаушылық туғызып отырған мәселелердің бірі – жас буынның смартфон, ғаламторға тәуелділігі. Әрине, аталған құралдардың адам өмірі, тіршілігі үшін пайдасы көп екенін білеміз. Бірақ пайдалы дүниенің зиянға айналар жағын да жадымыздан шығармағанымыз абзал. Мұны бүгінгі жаһандану дәуіріндегі әлемдік проблема деп айтуға болады. «Қанатымен су сепкен қарлығаштың» әрекетіндей болса да, осындай түйткілді мәселеге ұстаз, ана, тағылымгер ретінде алаңдап, залалды әдетке айналып бара жатқан жағдайға әдіскерлік тұрғыдан, тәуелділіктен арылса екен деген ниетпен үн қосып, тәрбие жолына бағыттайды. Ұлт болашағы болған жас буынның өміріндегі осындай жағдайларға оң ықпал ету мақсатында 3-сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» оқулығына белгілі ақын, балалар жазушысы  Е.Ашықбаевтың «Ғаламтор туралы» деген өлеңі енгізеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл жерде «Жаманнан жирен» қағидасы басшылыққа алғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Осы аталы қағиданы жадынан шығарған бірлі-жарым адам ғана бабалар тағылымы болып жалғасып келе жатқан тәрбие бағытындағы әдістеме екенін түсінбей, оқулыққа арқау болған өлеңді «жалаулатып», әлеуметтік желіде өз «сөз қылғанын» білеміз. Алайда ол жандарды айыптаудан аулақпыз. Өмірде, оқу, тәрбие бағытында дана бабаларымыздың дүниетанымынан туындаған «Жаманнан жирен» тәмсілін практикалық тұрғыдан қолданудың өзіндік жүйесі бар. Ұстаздар қауымы аталған қағиданы білім, ғылым, тәрбие саласында ұлттық құндылықты қайнар көзі ретінде дана бабаларымыздың тағылымын әдістемелік құрал ретін жиі пайдаланады.

Ғалымның көңілін алаңдататыны, қазіргі оқулықтардың әдіснамалық аппараттары, яғни сұрақтар мен тапсырмалар, оқушымен бірге жасалатын креативті жұмыстардың жүзеге асырылу сапасы. Бидана Тұрсынханқызы «Оқулық әзірлеу-үлкен жауапкершілік» мақаласында былайша зерделейді:  «Әдіснамалық аппараттың ішінде берілетін теориялық тұжырымдар қандай? Бірізділігі сақталған ба? Бастапқы қалпы қалай жүзеге асқан? Сыныптан сыныпқа өскен сайын қарапайымнан күрделіге қарай принципі қалай орындалған?» деген сұрақтар да ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл арада «Қарапайымнан күрделіге қарай деген принцип қалай жүзеге асырылды?» әңгіме де маңызды. Сонымен бірге өзекті мәселе – оқулықтардың жазылу стилі». Зерттеулерге сүйенсек, әдіснамалық аппараттарда кездесетін деректердің нақты фактілер мен тарихи шындыққа қаншалықты сәйкес келетіндігіне көңіл бөле қоймағандықтан, жарық көрген оқулықтарда қателіктерге жол берілген.

Әдіскерді оқулықтарды безендірудің назардан тыс қалуы да толғандырады. Оқулықтағы түрлі суреттер, өрнектер, жекелеген штрих-детальдар, графикалық талаптарға және берілген көркем шығарманың мазмұнына қаншалықты сай келетіні басты назарға қойылуы қажеттілігін және оқулықтағы Доспамбет жыраудың немесе соғыс кезін бейнелейтін суреттердегі штрихтарға қайта назар аудару керектігін алға тартады. Себебі ішінара уақыт шындығына, тарихи кезеңдерге және материалдардағы деректерге сай келмейтін суреттер кездеседі.  Бұл бүгінгі ұрпақтың ұлттық құндылықтарымыздан нәрленіп, өткен тарих пен әдебиетті біліп, рухани құндылықтарымыздан ажырап қалмауы үшін өзекті мәселе.

Аталған олқылықтың орнын толтыру үшін ғалым  өз ұсынысын да білдіреді Бидана Тұрсынханқызының ұсынысы бойынша, қай халықтың әдебиет оқулығы болсын, шәкірттерге сол ұлттың әдебиетінде із қалдырған, тарихында белгілі бір орны бар көркемсөз шеберлерінің шығармаларымен, әдебиет тарихындағы озық үлгілермен таныстыруды мақсат етеді. Мемлекеттік маңызы бар оқулық шығару ісіне аса мұқияттылық танытып, бұндай іске кез келген адамды араластыруға болмайтынын қадап айтады. Оқулық шығару-аса жауапкершілікті іс болғандықтан, оған кәсіби дайындығы бар, ісіне ыждағаттылықпен қарайтын лайықты мамандардың ғана араласуы орынды деп біледі.

Республикамызда ұлттық тіл білімінің барлық салаларын және қазақ әдебиетінің арғы-бергі кезеңдерін арнайы зерттеу нысанына айналдырып отырған іргелі ғылыми екі мекеме – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мамандарын әдістемелік салаға жұмылдыру қажеттігіне баса назар аударады. Әдіскер ғалым: «...Осы мекемелердің ғалымдарының мазмұны жаңартылған оқулықтарға орай жұмыс жасауын міндеттеген жөн. Әр оқулыққа үш автордан: әдебиетанушы ғалым, әдіскер маман және практик мұғалім болу тәжірибесі өзін- өзі ақтауы тиіс. Оқулық конкурстық негізде жасырын атпен ұсынылып, шын мәніндегі әділ қазылардың сараптауына түссе, сонда ғана әділ шешім шығарылар еді», - деп жанашырлық пайымын білдіреді.

Ғалым Б.Қабатай сапалы оқулық әзірлеудің жолдарын іздеп, тиімді әдіс-тәсілдерді басшылыққа алады. Ол: «Әсіресе, жаңартылған мазмұндағы әдебиет оқулықтарына ескі әдебиет нұсқаларын енгізу жұмысы аса мұқият іріктеуді кажет ететін аңғарамыз. Мысалы, 6-сыныпта «Туған жерім – аялы алтын бесігім» деп аталатын тарауға Тұран елінің билеушісі, қайраткер көсем әрі қаһармен бабамыз «Алып Ер Тұңғаны жоқтау» деген өлеңі енгізілген. Бағдарламаны әзірлеушілердің сонау түркі дәуіріндегі, яғни біздің эрамыздың жетінші ғасырынан бері кезеңдегі әдебиет үлгілерін қамтуды мақсат еткені орынды болғанымен, көне дәуір әдебиетінің шығармаларын оқу үшін шәкірттің белгілі бір тарихи-танымдық дайындығы болуы қажет. Орта мектеп оқушысының мұндай дайындығы болмаған соң түркі дәуіріндегі көнерген сөздер оқушының қабылдауына қиындық туғызады. «Халық тарихының жекелеген кезеңдерін, историзмге қатысты ұғымдарды игеріп алмай тұрып, оның әдебиетін қалайша тереңдетіп оқытуға бойлауға болады? Жас шәкірт үшін тіптен қиын. Демек, ешқандай әзірліксіз түркі дәуірі әдебиетін оқыту жауапкершілікті қажет етпек. Оның үстіне бұл кезеңде қазақ тілінің әлі толық қалыптаспағаны, әдеби тілдің белгілері хандық дәуір кезеңінен бастап қана айқындала бастағаны мәлім. Демек, мың жылға жуық кезең ішіндегі тілдің даму динамикасын, ауызекі сөйлеу нормалары мен әдеби норманың қалыптасу кезеңін ескеруге тура келеді» деп ғылыми, әдістемелік мәні терең тұжырымын ортаға салады.

Сонымен қатар әдіскер ғалымның пікірінше, оқулықтарға ең бірінші көркемдік талаптарға жауап бере алатын, идеялық түйіні, айтар ойы мығым авторлардың көркем туындылары енгізілуі тиіс. Әдіскердің ойынша, жас шәкірт ең алдымен қазақ әдебиетінің классикалық туындыларын оқып, үйреніп, солардан эстетикалық сезімін қалыптастырып өсуі тиіс. Ортақол туындылар көркемдік-эстетикалық талғамды, обьективті қабылдау психологиясын бұзып, әдебиет туралы дұрыс түсінікті қалыптастыра алмайды. Бағдарлама жасаушылар осы жағдайын ескеруі қажет.

«Қазақ әдебиетін оқыту бағдарламасының мақсаты мен функционалдық қызметі» мақаласында оқу мақсаттары жайлы сөз қозғайды. әрбір сыныпқа көшкен сайын оқу мақсаттарының күрделене түсуі қажеттілін құптай келе, әлі де пысықтайтын жайттар жетерлік деп түйіндейді.

Қорыта келгенде, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, әдіскер ғалым Қабатай Бидана Тұрсынханқызы сан қырлы әдістеме әлемінің тереңіне бойлап, әрбір жеке тұлғаның қабылдау ерекшелігі мен танымдық қабілетіне негіздеп, ертеңгі ел болашағы келер ұрпақтың жүйелі әрі сапалы білім алуына қызмет етіп келе жатқан абыройлы жан. Әдіскерлік әлеуеті, еңбектері арқылы оқытудың үздік әдіс-тәсілдерін ұсынып, Республика көлемінде тәжірибесін таратып, оқытудың өзекті мәселелерін түбегейлі шешуді өзінің асыл мұраты, миссиясы деп санайтын тұлға.

Дәурен Мұхамадиев

филология ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

340 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз