Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 26 Қазан, 2018

Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті

Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде классик жазушы Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Жиынға қаламгердің шығармашылығын құрметтеп, қара сөздің құдіретін түсінетін жұртшылық жиналды.

Дарабоз суреткердің артына қалдырған баға жетпес мұрасы жайлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев баяндама жасады. Шығармашылық кешке жазушының туып өскен жері Созақ ауданынан арнайы келген аудан әкімі Салыхан Сабырұлы Полатов пен Т.Әлімқұлов атындағы лицей-интернаттың директоры Тұрғанбаев Берік Мыңжанұлы сөз сөйледі. Ғ.Мүсірепов атындағы  Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының актері Ұлан Болатбек жазушының Махамбет Өтемісұлының өмірінің ақтық сәтін психологиялық тұрғыда шынайы және шебер бейнелеген «Қараой» әңгімесінен үзінді оқыды.

"Қазақ әдебиеті" газетінің бүгінгі санында Тәкен Әлімқұловтың бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған өлеңдері жарық көрді. Бұл асыл мұраны тауып, газет редакциясына табыстаған журналист, ақын Төреғали Тәшенов те кеште қонақта болды. Бұл өлеңдер ақыннын қолына қалай түсті? Т.Әлімқұлов шығармашылығының ерекшелігі жайлы Төреғали Тәшеновтің айтқан пікірі төмендегі бейнематериалда. Төреғали Тәшенов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері

 

Кешке арнайы келген Т.Әлімқұлов атындағы лицей-интернаттың директоры

Берік Мыңжанұлы жазушының туған жерінде жыл сайын дәстүрлі түрде Т.Әлімқұлов оқулары өтетінін айтып өтті.

Тұрғанбаев Берік Мыңжанұлы

Т.Әлімқұлов атындағы лицей-интернаттың директоры, аудандық мәслихат депутаты

Әдетте, біз ақын-жазушылардың артына қалдырған мұрасы арқылы шығармашылығын ғана танып жатамыз. Дегенмен, Тәкен Әлімқұлов көзі тірісінде есепке жүйрік болғандығының арқасында  біраз уақыт бойы есепші болып қызмет атқарғанын бүгінгі күні екінің бірі біле бермейді. Бұл да шығармашылық иесінің ерекше қыры десек болғандай. Ол туралы Тәкен Әлімқұловтың шәкірті болған Өтеш Қырғызбаев мырза айтып берді. Өтеш Қырғызбаев

Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, Т.Әлімқұловтың шәкірті

Жазушы шығармашылығын жоғары белеске көтеріп, даралайтын тақырыптардың бірі – дәстүрлі күй өнері мен қазақтың ұлы күйшілері. Қорқыт, Сүгір, Ықылас жайлы қалам тербеп,  әр кездері жазылған   «Сейтек сарыны», «Сарыжайлау», «Кертолғау», «Сары сыбызғы», «Қаралы қобыз» сынды еңбектері қазақ әдебиетінің баға жетпес мұрасы. Тәкен Әлімқұловқа арналған бүгінгі кеште белгілі күйші Саян Ақмолда өнер көрсетті. Салтанатты кешті филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып жүргізді. Сондай-ақ, кешке жазушының жары Есімкүл Болысбайқызы мен артында қалған ұрпақтары қатысты. Кеш барысында Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығына арналған «Тәкеннің асыл мұрасы» атты көрме ұйымдастырылды.

Гауһар Түстікбаева

«Қазақ газеттері» ЖШС

Бейнематериалды дайындаған:

Әлихан Жанарбек

 

 

 

42208 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз