Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 17 Қаңтар, 2019

Фархат Шәріповтың жаңа фильмі прокатқа шығады

16 желтоқсан күні қазақстандық кинорежиссер, сценарист Фархат Шәріповтың «Тренинг личностного роста» деп аталатын жаңа фильмінің көрсетілімі өтті. Бұған дейін режиссердің «Қызғылт қоянның басынан кешкендері» («Сказ о розовом зайце»), «Өзге ғаламшарлықтардың қатысы жоқ» («Инопланетяне ни при чем»), «Жол» секілді фильмдері қалың жұртшылықтың назарына ұсынылған еді. Бұл жолғы жаңа кинотуынды жазушы Данияр Сүгіралиновтың «Кірпіштер 2.0» романының желісі бойынша түсірілген.

Фархат Шәріповтың жаңа фильмі қырықтарды алқымдаған банк қызметкері Қанат есімді кейіпкердің орта жас күйзелісін басынан өткеріп жатқан өмірінің қиын кезеңін жан-жақты көрсетуге тырысады. Жары мен қызы бола тұра, олардан айырылысып, науқас анасымен бірге тұрып жатқан кейіпкердің өмірі күнделікті жұмысына барып келіп, бірқалыпты сарында өтіп жатады. Қырықта қамал алар кезеңде бола тұра, ол әлі де тұлғалық қалыптасу үстінде. Жеке қабілеттерін дамытып, көшбасшы болуға үйрену, жетістікке жету жолында ол коуч-тренердің лекцияларына қатыса бастайды. Ойда жоқта ескі досы Даниярмен кездесіп, өмірінде өзі күтпеген оқиғалар орын алады.

Режиссердің бұл жолғы фильмі де алғашқы кинокартиналары секілді кейіпкерді психологиялық тұрғыдан ашуға көбрек күш салады. Шиеленіс пен динамикадан гөрі, көрерменді ойландырар ұзын кадрлар мен баяу сюжеттер басым. Мол қаржының буына мас болған досы мен қарапайым тірлік кешіп, бір айлыққа күн көрсе де, ар алдында адал болуға тырысқан бір-біріне мүлдем қарама-қарсы, екі түрлі кейіпкердің бір арнада тоғысуы, заманауи адамдардың шынайы бет-әлпеті, бүгінгі күннің тынысы фильмде ұтымды орын алады.  Мәселен, ел арасында айтылатын сыбыр-күбір әңгімелердің шет жағасын режиссер лифтідегі адамдардың аузымен ұтымды жеткізеді. «Қазақстанның атауы қазақ елі болып өзгеретін болыпты», «Астананың атауы өзгеретін болыпты» деген секілді қаңқу әңгімелерді бас кейіпкер күнде жұмысқа келе жатып, лифтіде әріптестерінен естиді. Көрерменді жалықтыратын кейбір ұзын-сонар кадрларды айтпағанда, елімізде соңғы уақытта саңырауқұлақтай қаптаған комедия мен той-бизнеске құрылған фильмдердің қасында бұл жұмысты қазақ киносына қосылған жаңа мазмұн, салмақты идея деп айтуға болады. 31 қаңтардан бастап фильм прокатқа шығады.

Фильмде басты рөлде Дулыға Ақмолда ойнайды. Сонымен қатар, Ержан Түсіпов, Гүлжамал Қазақбаева, Әсел Қалиева, Филипп Волошин және басқа да актерлар ойнайды. Түсірілім жұмыстары Алматы қаласында өткен.

 «Тренинг личностного роста» фильмі жайлы толығырақ бейнематериалдан тамашалаңыздар.

Гауһар Түстікбаева,

Бейнематериалды әзірлеген: Әлихан Жанарбек.

37836 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз