Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 26 Қаңтар, 2019

Жүрсін Ерманның бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті

Айтыс өнерінің атасы атанып, қазақ халқының руханиятына зор үлес  қосқан ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері Жүрсін Ерманның 25 қаңтар күні Ұлттық кітапханада бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.

Ақынның бұған дейін  «Жанартау», «Арайлы күн, армысың!», «Ұлытауға бардың ба...», «Құдіретке жүгіну», «Екі тізгін, бір шылбыр», «Құстың көлеңкесі», «Ырғай», «Арнадым сізге», «Көктөбедегі кездесулер», «Алыстан және жақыннан», «Асыл Ажар», «Ұларың қайда Ұлытау» атты кітаптары жарық көрген еді. Бұл жолғы бес томдықта Жүрсін Ерманның өзі айтпақшы «осы уақытқа дейінгі жиған-тергені» енген.

Көп томдық жинақтың 1,2-томында ақынның таңдамалы өлеңдері топтастырылса, 3-томына Өзбекәлі Жәнібеков, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Сағат Әшімбаев секілді тау тұлғалар жайлы естелік-эсселері орын алған. Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Ұлықбек Есдәулет қатарлы қазақ әдебиеті алыптарының Жүрсін Ерман жайлы лебіздері және белгілі сыншылардың әдеби-сын мақалалары, ақындардың арнау өлеңдері кітаптың 4-томына жинақталған. Ал, айтыс атты рухани өнердің көшін сүйреу мен жаңғырту жолындағы атқарылған еңбектері жайлы жинақтың 5-томында жазылса, сондай-ақ, бұл бөлімге оның өмірі мен өлеңі жөніндегі сыр-сұхбаттары да топтастырылған.

Жинақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Сардар» баспасынан 25 000 таралыммен жарық көрген. Тұсаукесер рәсімінде Асанәлі Әшімов, Амангелді Ермегияев, Дәулет Тұрлыханов, Қуанышбай Құрманғали сынды ел ағалары киелі сахнаға шығып, ақынға жүрекжарды лебіздерін білдіре отырып, жинақтың лентасын қиды. Кеште Қыздар университетінің «Ақ гүлдер» шығармашылық тобы Жүрсін Ерманның өлеңдерін мәнерлеп орындап, жырдан шашу шашса, Батырхан Сәрсенхан, «Сейхун» тобы, Медеу Арынбаевтар «Сыңарым», Жалғыз ұлым» сынды әндерін тыңдарманның жүрегіне жеткізе орындады.

Жүрсін Ерман есімі айтыспен егіз жүретіндей, бұл жиында да көпшіліктің еліте күткені ақындар өнері еді. Құлмамбет ақынның үлгісімен өнер көрсекен Жүрсіннің жүйріктері сахна төрінде өлең сүйер қауымның айызын қандырды. Тұсаукесер рәсімін ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы – Жанарбек Әшімжан жүргізді. Халық әртісі Асанәлі Әшімов айтпақшы: «сирек жазса да, мәнерлі де мазмұнды жазатын» Жүрсін Ерманның көптомдығы осылайша қалың оқырманына жол тартты.

Тұсаукесер рәсімі жайлы толығырақ төмендегі бейнематериалдан тамашалай аласыздар.

   

Гауһар Түстікбаева

Бейнематериалды әзірлеген:

Әлихан Жанарбек

 

42113 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз