Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 31 Қаңтар, 2019

"Зұлмат" - аштыққа берілген жаңа баға. Бұл - геноцид

Алматыда «Арман» кинотеатрында Жанболат Мамайдың «Зұлмат» фильмінің премьерасы өтті. Деректі фильм қазақ даласындағы ашаршылық жылдарын бейнелейді. Фильмнің премьерасын көруге халық өте көп жиналды. Әсіресе, жастар көп. Бұл фильм авторының өзін таңқалдырды. Күтпеген екен. Бір ғана залда көрсетіледі деп жоспарланған фильм, ойламаған жерден барлық залда ұсынылды. Сонда да көпшілік сыймай кетті. Бұл тарихын, тегін, рухын сезінетін ұлттың рухын көрсеткендей болды. Фильмнің түсірілуіне жарты жылдай уақыт жұмсалыпты. Түсірілім тобы Алматыдағы Президент архиві, Орталық Мемлекеттік мұрағат, одан кейін Украиндағы мұрағаттарда бірлесіп жұмыс жасаған. Одан кейін көтерілістер болған жерлерді түсірген. Фильмге көп қаржы жұмсалмаған. Қаржылай жағынан мемлекет қайраткері Төлеген Жүкеев көмектесіпті. Кәсіпкерлер де қаржылық қолдауын аямапты. Ал фильмнің ұзақтығы -  бір сағат жиырма бес минут, 5 бөлімді қамтиды. Фильм авторының айтуынша, алдағы уақытта да тарихи фильмдер әзірлеу жалғасады. Жанболат МАМАЙ, "Зұлмат" деректі фильмінің авторы: -Біздің қазақ тарихына қатысты үлкен трилогия жасаймыз деген ойымыз бар. Бірінші, фильміміз "Алаш Республикасы жеңгенде" деп аталды.  Екінші, фильміміз бүгін көрерменге жол тартып отырған - "Зұлмат". Бұл жерде 20-30 жылдары болған, қазақтың басына түскен нәубатты жылдары көрсеттік. Біздің деректі фильмнің басқаларынан ерекшелігі - тарихи-саяси баға беруіміз болды. Мұның геноцид екенін жан-жақты дәлелдейтін тұжырымдарды келтірдік. Фильм негізінен мұрағат құжаттарына негізделген. Сондай-ақ, отандық және украиналық белгілі тарихшылардың пікірі бар. Бұл өте маңызды тақырып. Өйткені, бұл қазақ тарихы. Әсіресе, бүгін жастардың көптеп жиналғаны ұнады. Осыншама халық көп болады деп күткен жоқпын. Бұл қазақ рухының, қазақтың ұлттық намысының оянғандығының белгісі деп ойлаймын! Мұрат ӘУЕЗОВ, мәдениеттанушы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері: -Мен ерекше толғанып келіп отырмын. Мәскеуде оқып жүргенде қазақ жастары "Жастұлпар" деген ұйым құрғанбыз. Сонда ашаршылық тақырыбын көтерген едік. Бірақ, ол кезде ешқандай мәліметтер жоқ, барлығы жабық болатын. Ол туралы тарихта да, әдебиетте де, ғылымда да мәлімет болмады.  1975 жылы Жазушылар одағының пленумында мінбеге шығып,  "Мына уақыттағы әдебиет  кімге керек?",- деп айтқан едім. Өзінің ең қиын мәселесі-ашаршылық туралы ауыз ашпаған әдебиет кімге керек?! Әдебиетте ең бірінші рет Смағұл Елубайдың "Ақ боз үйі" жазылды. Содан кейін киноға айналды. Демек, бұл тақырыпта біраз мәселе бар. Бірінші, қырылған халық. Олардың алдында біз міндеттіміз. Үн-түнсіз қырылған құрбандар-ғой. Екіншіден, бұл тоталитарлық жүйенің қастандығы. Ол қылмысты ешқашан кешіруге болмайды. Біз елімізден ғана емес, еншімізден айырылдық, ойымыздан, дұрыс ойлаудан айырылдық. Сондықтан  бұл тақырыпты біз міндетті түрде әдебиетімізде, кинода, өнерде көрсетуіміз керек. Бүгін қатты қуанып отырмын, өйткені фильмге халық өте көп жиналды. Жұрттың барлығы ақиқат, шыңдықты сағынған болуы керек. Шындықты айту керек. Сол үмітпен фильмге мына көпшілік арнайы келді. Еркін Рақышев, кинорежиссер: -Бұл деректі кино. Мен де осы тақырыпта кино түсіргенмін. Менің айтарым - бұл тақырыпқа бір емес, бірнеше фильм түсірсе де артықтық болмайды. Себебі, бұл қазақтың тарихындағы сондай бір қиын-қыстау, нәубат болған кезең. Көптеген тарихи құжаттар арқылы бұл кино ашаршылықтың қалай болғанын ашқан. Неге Украинадағы болған жағдайға "геоцид" деген баға беріледі, ал біздегі ашаршылық неге әлі күнге дейін "геноцид" деп аталмай келеді? Фильм осындай сұрақтарға жауап береді. Есенгүл Кәпқызы, журналист: "Зұлмат" - ХХ ғасырдағы коммунистер қолымен жасалған ең ауыр қасірет. Волга бойы, Украина және Қазақстанда адамдар миллиондап қырылды. Ең қызығы, жергілікті Совет билігі аштық туралы үнемі жазып, ескертіп отырғанына қарамастан, ресми Мәскеу аштықпен күресу үшін ешқандай шара қолданбаған. Керісінше, Мәскеу мен Ленинградқа тонналап ет пен астық жөнелтіліп жатқан. Ең өкініштісі, халықтың тең жартысынан астамын жалмаған "Зұлматқа" қазақ билігі тарапынан саяси бағаның берілмеуі. Аштық құрбандарына арналған ескерткіштің өзі тек 2017 жылы, тәуелсіздік алғаннан кейін 26 жылдан кейін ашылды. Ал Украинада аштыққа арналған мыңдаған ескерткіш, ірі-ірі мемориалдар ашылған. Олар украин халқына қарсы жасалған геноцид деген баға берді. Бізде аштықтың зардаптары, халықты тек қана сандық тұрғыдан емес, сапалық тұрғыдан қырғынға ұшыратқан ауыр салдары туралы айтылады. Бірақ осымен тоқталамыз. Оған "геноцид" деген баға беруге жүрегімізде қорқыныш немесе жалтақтық бар. Біздің ұрпақ, бүгінгі аштықтан, репрессиядан, Алжир, Карлаг секілді саяси лагерьлерден бейхабар ұрпаққа тарихи жадыны қалыптастырып, оны тарихтан сабақ алуға үйрете білуіміз керек. Өткеннің сабағы, ертеңнің қамы. Жанболат Мамайдың "Зұлмат" деректі фильмінің де негізгі айтар ойы осы. Аштық қасіретін "геноцид" ретінде бағалауымыз керек. Аштықтан қаза болған бейкүнә жандардың аруағынан кешірім сұрай отырып, 31 мамырды аза тұту күні ретінде жариялаған абзал.

"Зұлмат" деректі фильмін мына сілтемеден көре аласыздар: https://www.youtube.com/watch?v=-QZdrtPVOuU&feature=youtu.be&fbclid=IwAR22k-0kmDMHiaYfF-PkIBG7iAmRbK0GuTuI-AgWOCXrzDJY6L2BykFC6Dc

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Бейнематериалды әзірлеген: Алихан ЖАНАРБЕК

41797 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз