Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 12 Сәуір, 2019

Алматыда түйе етінің консервілерін өндіретін зауыт ашылды

Алматы қаласында түйенің бұқтырылған етінен консервілер шығаратын зауыт іске қосылды. Отандық өнімді жүзеге асырушы Қазақ Ұлттық Университеті мен «Күн Нұры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жоба «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының гранты арқылы қаржыландырылып отыр.

Әнуарбек Сұлтанғазин, «Ғылым қоры» АҚ Президенті:

-Жоба 2016 жылы конкурсқа түскен. Оны жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан «Күн нұры» мекемесіне 170 млн.теңге  көлеміндегі қаржы берілген. Зауытта шығаратын екі өнім бар - түйе еті консервілері және түйе еті қосылған жарма консервілері. Олардың қаптамалары бұрынғыдай қаңылтыр емес, қаптамасын жасау барысында экологиялық қауіпсіздік жағы да есепке алынды.

Консервілер инновациялық қаптамада – реторт пакеттер мен ламистерлік банкада шығарылады сондай-ақ, «Күн Нұры» цехы жылына 600 мың дана консерві шығаруды жоспарлап отыр, зауытта әзірге барлығы 12 адам жұмыс істейді.

Әсия Серікбаева, биология ғылымдарының докторы, профессор, жоба авторы:

-Ширек ғасырдан бері түйе малын, өнімін ғылыми зерттеп келеміз. Алдымен сүтіне ден қойдық.Кейіннен адам ағзасына етінің пайдалы, құндылығын білдік. Түйе ерекше мал, оның етінде биологиялық белсенді қосылыстар белгілі бір тепе-теңдікте, адамның азғасына толық сіңімді. Онда холистерин мөлшері аз және темір мөлшері көп. Мен Қазақстанның көптеген ауыл шаруашылықтарында болдым. Олардың қалай пайда тауып отырғаны жайлы сұрастырғанымда көбі тек сүтін сататынын айтты. Сол кезден бастап түйе етін өңдеп, қандай өнім жасауға болады деген идея мені толғандыра бастады. Бір күні бизнестегі серіктесіміз Шарифканов Дулат Нығметқанұлы кабинетіме келіп, армияға арналған консерві жасағысы келетінін айтты. Қарап отырсақ, армияға Бразилиядан келген 20 жылдық консервілерді арзан болғаны үшін алып жатыр. Бүгінгі таңда түйе етіне сұраныс жоқ екенін және консерві жасасақ арзанға шығатынын, әрі отандық өнім болатыны жайлы ұсынысымды білдірдім. Кейін Білім және ғылым министрлігінің конкурсына қатысу арқылы жобаны ұтып алдық. Нәтижесін бүгін өздеріңіз көріп отырсыздар. Бұл біздің еліміздегі, біріншіден, ғалымдарға стимул беретін және екіншіден, ғылыми еңбегінің нәтижесін көруге мүмкіндік беретін өте жақсы үрдіс деп есептеймін.

«Күн Нұры» серіктестігінің директоры Дулат Нығметқанұлы тұсаукесерге келген қонақтарға зауыттың жұмысын толықтай таныстырып өтті және келушілер жаңа өнімді деугстация жасады. Түйе етінен жасалған қазақстандық консервілер алдағы уақытта еліміздің нарығына шығады, сол себепті де өндірушілер көпшілікті отандық өнімге қолдау көрсетуге шақырады.

Гауһар Түстікбаева

Бейнематериалды әзірлеген: Әлихан Жанарбек

 

40789 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз